– Ассалаумағалейкум Дәлелхан аға, сіздің өнеріңізбен «Шыңғыс хан» телесериалы арқылы жақсы таныспыз. Жеке өміріңіз жайында жете білмейді екенбіз, өзіңіз айтып берсеңіз?
– Мен 1958 жылы Алтай аймағының орталығы Сарысүмбе қаласында туыппын. 1976 жылы аймақ орталығындағы 10 жылдық орта мектепті тәмамдап, Үрімжі кино студиясына «дыбыс әртісі» дейтін мамандық бойынша жұмысқа орналастым. Әрі аударма ісімен айналыстым. Өз басым бес фильмді қазақшаладым, 200 шақты фильмге дубляж жасадым. Өйткені Үрімжіден тарайтын қазақ тіліндегі телехабарлар кестесінде бір ауыз қытай сөзі болмауы керек.
Содан 1981 жылы Бейжің қаласындағы Мемлекеттік кино университетінің актерлік факультетіне емтихан тапсырып, оқуға қабылдандым. 1985 жылға дейін сонда оқыдым. Оқу бітірген соң Үрімжі қаласындағы «Тянь-Шань» киностудиясының телефильм бөліміне қызметке келдім. Зейнетке шыққанға дейін осында жұмыс атқардым. Құдайға шүкір, үлкенді-кішілі 45 фильмге түстім. Соның ішінде 15 фильмде бас кейіпкердің рөлінде ойнадым.
– Олар қандай фильмдер?
– Өзіңіз білесіз, 2005 жылы Қазақстанның кинотеатрларында «Көрікті мекен» атты көркем фильм көрсетілді. Осы фильмді Мақсат Кәдірханұлы түсірген еді. Мен осында Құнатай қарияның рөлін, одан басқа «Таңжарық» атты деректі тарихи-көркем фильмде Таңжарық ақынның рөлін сомдадым. «Елжау Күнби» телесериалында Елжаудың рөлін, «Жетім қызда» үш аймақ төңкерісінің офицері болып ойнадым. Бір қызығы, соңғы фильмде үш адамның рөлін қатар ойнап шықтым.
– Бір фильмде үш бірдей рөлді қалай ойнап жүрсіз?
– Ондай-ондай бола береді. Өйткені режиссерлердің кейде сенімді адамға бірнеше рөлді қабат жүктейтіні бар.
– Дәке, сіз Шыңжаң өлкелік фильмдеріне түсумен шектеліп қалмай, күллі Қытай еліне ортақ тарихи туындыларда да маңызды рөл сомдаған көрінесіз…
– Менімен Бейжіңде бес жыл бірге оқыған қыз-жігіттердің арасында небір мықтылар болды. Солар қазір Қытайдың фильм түсіру саласында абыройлы қызмет атқарып жүр. Өз басымда миллиардтар көз тігетін көркем фильмде ойнаймын-ау деген ой болған жоқ.
Бір күні Бейжіңде бір курста оқыған тегі моңғол Хорша дейтін досым Үрімжіге келді. Қасында күллі Қытай еліне әйгілі ерлі-зайыпты Сайфу және Мәліс атты режиссерлер бар. Олардың мақсаты – Шыңжаң өміріне қатысты тамаша фильм түсіру екен. Осы фильмге досым Хорша екеуіміз қатар қатыстық. Мен Босырдың рөлін сомдадым. Бұл фильм Қытайды дүр сілкіндірді. Жалғыз-ақ күні атағымыз жер жарып шыға келді.
– Ол қандай фильм?
– Қазақшалағанда «Сардарлар кешірмейді» деп аталады. 1940 жылдары Гоминдан билігі тұсындағы азаттық күрескерлері туралы туынды.
– Ал енді көп сериялы «Шыңғыс хан» фильміне қалай түсіп жүрсіз?
– Бұл үлкен әңгіме. 1999 жылдың көктемі болатын, бір күні Ішкі Моңғолия астанасы Көкхотта тұратын Хорша досым хабарласты. «Дәлелхан, біз көп сериялы «Шыңғыс хан» атты фильм түсіргелі жатырмыз. Сен «бабам Шыңғыс хан туралы фильм түсірілсе екен» деп армандаушы едің ғой. Соның сәті келген сияқты, тез жет», деді.
– Шыңғыс хан сізге қалай баба болады?
– Менің зәу-затым төре тұқымынан.
– Содан салып ұрып Көкхотқа бардыңыз?
– Бардым. Хорша досым күтіп алды. Қала ортасындағы мейманханаға орналастырды. Кешкісін екеуіміз отырып алып жаңадан түсірілуге тиіс көп сериялы фильмнің сценарийін қарап шықтық. Хорша досым бас режиссердің орынбасары екен. Сол айтты: «Дәке, саған мына бір рөлді лайық көріп отырмыз. Өзің сияқты қарапайым, ақ көңіл адам, Шыңғыс ханнның қамқоршысы, орданың тірегі – Меңлік әке рөлінде сен ойна. Өте жауапты рөл, өйткені фильмнің басынан аяғына дейін үздіксіз қатысады» деді.
– Түсінікті. Сіз бейнелеген Меңлік әке деген кім? Ол кісінің көшпенділер тарихындағы орны қандай?
– Сұрағыңыз орынды. Әуелі Меңлік әке жайлы зерттедім. Шыңғыс ханның өмір дерегі туралы 1240 жылы жазылған көне баян «Моңғолдың құпия шежіресі» атты тарихи еңбектің 202-тармағында: «Барыс жылы (1206 жыл) Онон өзенінің жағасында тоғыз құйрықты ақ туын көтеріп Темүжин хан сайланды» дейді. Осы ұлықтау рәсімі кезінде ұлыстың іргесін қалауға еңбек сіңірген 95 адамға «мыңбек» атағы беріледі. Осылардың ішінде бірінші болып шежіреге Меңліктің аты жазылыпты.
Одан кейін, ортағасырлық қытай жазба деректерінде Меңлікті Темүжиннің өкіл әкесі десе, атақты тарихшы Рашид-ад-диннің жазуына қарағанда, Есукей өліп, жесір қалған Өлуін бәйбіше осы Меңліктің етегінен ұстаған дейді. Өйткені Есукей өлгелі жатып: «Егер мен олай-бұлай болып кетсем балаларыма бас-көз бол!» деп, осы Меңлікке аманаттаған көрінеді.
Сол сияқты тағы бір дерек: «Моңғолдың құпия шежіресі» тарихнамасының 204-тармағында: Шыңғыс хан өз аузымен айтып, хатқа түсірткен төмендегідей жолдар бар: «Меңлік әке, сіз мен туғаннан бері туымды көтердіңіз, өскеннен бері өрісімді кеңейттіңіз, өлшеусіз көмек бердіңіз. Әсіресе, әкемдей болған Тұғырыл хан мен андасқан бауырым Санкүм алдап шақырып көзімді жоймақ болғанда, мені аман алып қалдыңыз. Осы ісіңізді ұрпағымның ұрпағы ұмытпайтын болады!» десе, академик-тарихшы Насагдоржи: «Санкүм өзінің қарындасы Сауыр бикені Темүжиннің ұлына ұзатамын деп, құдасы Темүжинді бауыздау жеуге шақырады. Ондағы ойы ұстап алып өлтіріп тастау болатын. Жолай Темүжин Меңлікке жолығып, өкіл әкесінің ақылы бойынша құдалыққа барудан бас тартады» деп жазады.
Бұл деректерге қарағанда, Меңлік орданың ықпалды билерінің бірі болған. Тіпті Шыңғыс қаған дәуіріне қатысты айтылатын қазақтың ауызша тарихнамасындағы Майқы би осы адам болуы мүмкін дейді кейбір тарихшылар. Осы Меңліктің баласы Көкеш бақсы тәңірмен тілдесіп, Темүжинге «Шыңғыс хан» деп ат қойғаны жайында көне жазбалардың бәрінде айтылады.
– Бұл фильмде басты рөлге сізден басқа да танымал әртістер шақырылды ма?
– Өте көп актер шақырылған екен. Бәрі де күллі Қытай еліне танымал әртістер. Осылардың көбі рөлдерін көріп, танысты да үйлеріне қайтып кетті. Оның басты себебі, көп әртістер атқа міне алмайды. Ал фильмге тек ат құлағында ойнайтын жігіттер қажет екен.
– Сіз ат құлағында ойнайтын ба едіңіз?
– Менің туғанда көргенім – жылқы баласы. Әкем жарықтық қойшы болатын. Жасымда Алтай тауының қырат-қырқаларын ендетіп қой бақтым. Ауыл балалары жиналып алып асау үйретіп мінетінбіз. Ат үстінде жүргенді «хан тағына мінгендей» жаным сүйетін. Осы әдетімді жақсы білетін Хорша досым бас режиссермен келісіп, мені әртістерді ат мінуге баулитын «жаттықтырушы» қызметіне тағайындап тастады.
– Дәке, Қытай елінің жылқылары қандай болатынын білмеймін, бірақ «Шыңғыс хан» фильміне қарап отырып, жатаған жабы тұрпатты байырғы моңғол аттарын байқадық, оны қайдан алдыңыздар?
– Фильмге ат таңдау маған жүктелгеннен кейін, орта ғасырда Шыңғыс ханның әскерлері мінген даланың жабы жылқысын іздеу қажет болды. Ондай жылқы Алтай, Хотан, Тұрпан өңірлерінен табылмады. Ішкі Моңғолияда да болмай шықты. Ұзынқұлақтан сұрастырып жатып «Қытайдың қиыр шығысында, иен далада тағыланып кеткен жабы жылқылар бар» дегенді естідім. Өзім де осы көне Манжурия өлкесін бір көрсем деп армандап жүруші едім. Бірнеше серігімді алып жолға шықтым. Харбин жақтағы біз баратын өлке құс ұшпайтын құла түз екен. Кедір-бұдыр дала жолымен екі күн жүріп діттеген жерге зорға жеттік.
Ертеңінде даладағы жылқыларға барып көрсек, тағыланып кеткен, маңына адам жуытпайды, шу асау. Әйтпегенде, бойы, тұрқы біз іздеген қалыпқа дәлме-дәл. Ал енді ұстайық десек жылқы қамайтын қора-қопсы жоқ. Біздің қолдан жасаған ағаш қорғанымызды тағы жылқылар жалғыз ырғып бұзып өтеді. Әрі өзі санаулы жылқының аяқ-қолы сынып жарақаттанатын болды. Содан бір-бір мотоциклге мініп алдық та, маң даланың шаңын көкке шаншылтып жылқы қудық. Әбден болдырып құлағанда жапа тармағай байлап-матап аламыз. Сөйтіп 450 жылқыны жинап алдым.
– Оларды Көкхотқа айдап әкелдіңіздер ме?
– Жоқ. Айдап жүруге жер шалғай. Даланың тағы жылқысы қайдан айдауға жүреді. Көп машина әкеліп, әрбіріне 20-25 жылқыдан тиедік. Сұмдық шаршадық. Асау жылқылар кузовқа шықпайды. Көліктердің доңғалағының астын қазып жерге отырғызып, аласартып барып зорға тиедік. Жылқыларды Көкхоттың маңына әкеліп, екі ай байлап ұстап, мініске үйреттік.
– Жылқыларды кім үйретті?
– Ішкі Моңғолдың ауылдық жерлерінен жылқы үйрететін жігіттерді шақырдық. Одан кейін өзімнің туған жерім Алтайдан жігіттер ертіп келдім. Олар екі аптаның ішінде, құлағына қол тигізбей тұрған тарпаңдардың өкпесін соқтырып, тілерсегін дірілдетіп, алдыма алып келді. Мен әртістерге «мынау сенің атың, осыған ие бол» деп, қолма-қол таңбалап, үлестіріп бердім. Осы жігіттер фильмнің соңында ат құлағында ойнайтын дәрежеге жетті.
Егер сіз жақсылап аңғарған болсаңыз, телесериалдың әрбір бөлімі аяқталғанда, сары даланы дүбірлетіп жүздеген атты адам шауып бара жатады. Сұмдық көрініс. Маң дала ат бауырында ойнайды. Бір қызығы, осы көрініс фильмнің ешбір жерінде кездеспейді.
– Неге?
– Себебі, бұл ойламаған жерден пайда болған көрініс. Кино түсіріліп болғанған кейін, барлық қатысқан адам жиналып, фильмнің құрметіне маң даланы дүбірлетіп қара жарыс салдық. Бірнеше сағат тоқтамай шаптық. Тура рөлге енгеніміз соншалық, нағыз Шыңғыс ханың шерігіне ұқсап кеттік. Осы сюжетті түсірушілер тобы қызықтап, сырттай түсірген екен, артынан әрбір бөлім аяқталғанда көретін етіп жасапты.
– «Шыңғыс хан» фильмі қай өлкеде түсірілді?
– Фильм тұтастай Ішкі Моңғол өлкесінде, негізгі сюжеттер Көкхот маңында, одан кейін Шиленхот дейтін жерде түсірілді.
– Шыңғыс ханның рөлінде ойнаған азаматты танисыз ба?
– Өте жақсы танимын. Ұлты моңғол жігіт. Моңғол болғанда Ішкі Моңғолияның моңғолы емес, кәдімгі өзіміздің Буратоланың тумасы. Қазақстан шекарасындағы Қорғас өткелегінен өте қалғанда Арасан-Сарыбұлақ дейтін ауыл бар, сонда туған. Жасында қазақтардың ортасында өскен. Өзі қазақ тілінде таза сөйлейді. Аты-жөні – Басын. 12 жасынан бастап Бейжіңдегі әскерилер ансамблінде оқыпты. Артынан Ішкі Моңғолияға ауысып барып, сонда қалып қойған екен.
Айтпақшы, осы Шыңғыс ханды сомдаған жігіттің әкесі айтыс ақыны болыпты. Әредікте, Басын бізге әкесінің қазақтармен айтысқан жырын қазақ тілінде жатқа айтып беретін.
– Осы Басынды кино басталғанда не себептен «Ба Лин» деп таныстырады. Әлде қайткен күнде қытайша атау керек пе?
– «Басын» деген сөз қытайша «Ба Лин» деп жазылатын болуы керек. Осы көп сериялы «Шыңғыс хан» фильмінің сценарийін жазған адамдар да, барлық режиссерлер де моңғолдар. Бірақ аты жөндері қытайша аталып кеткені болмаса…
– Фильмнің басты рөлдерін орындаған әртістің барлығы моңғолдар ма?
– Фильм «Моңғолдың құпия шежіресі» желісімен түсірілген. Осы тарихи шығармадағы ұлты моңғол адамдардың рөлін моңғолдар өздері ойнады. Мысалы, Шыңғыс ханның анасы Өлуіннің рөлінде ойнаған Сарангуа менің бес жыл бірге оқыған курстасым.
– Осы Сарангуа Өлуіннің рөлін бастан-аяқ жалғыз өзі ғана ойнады ма?
– Сөйтті. Сарангуаның нақты келбеті фильмнің басында Есугей сардар тартып әкелетін кезіндегідей. Басқасын түрін өзгертіп, гримдеу ақылы ойнаған. Жап-жас келіншектен бастап, алжыған кәрі кемпірге дейінгі бейнені бір өзі жасап шықты.
– Сіздің жоғарыдағы Хорша досыңыз қандай рөлде ойнады?
– Ол Темүжиннің қас жауы Тарғытайдың рөлінде ойнады. Одан кейін тағы бір досым Қарабатыр дейтін жігіт Керей Тұғырыл ханың рөлін сомдады. Бір өкініштісі, ол түсірілім біткеннен кейін ауырып, дүниеден өтіп кетті. Айтпақшы, Жамуқаның рөлін ойнаған жігіттің ұлты – ханзу.
– Басты рөлдерде ойнаған сізден басқа қазақ жігіттері бар ма?
– Бар. Телесериалдың әртүрлі рөлдерінде 20-дан астам қазақ жігіті ойнады. Әсіресе, соғыс көріністерін ойнағанда біздің жігіттер қосымша эпизодқа көп қатысты. Өйткені олар ат үстіндегі соғыс өнерінде басқаларға қарағанда оқ бойы озып тұрды. Одан кейін Шыңғыс ханның орта түменін басқарған оң қолы Наяқа ноянның рөлін Ержан Мақпышұлы дейтін Іленің жігіті өте тартымды жеткізді.
– Кинода үш өгіз жеккен арбаны бір қолымен тартып тоқтатып, сүйреп кететін осы Ержан емес пе?
– Соның дәл өзі. Шын мәнінде, ол атан өгізді сүйреп кетерлік қауқарлы жігіт. Ержан өгіздерді сүйреп бара жатқанда ұрандап отырған Меңлікті көрсетеді. Әрине, ол мына менмін.
– Кино түсіру барысында қандай қиыншылық туындады?
– Бізді қатты қинаған күннің ыстығы. Алтайдың ауа райы қоңыр салқын болады. Соған үйреніп қалған біздің жігіттер ыстықтап, үстіне киген сауыт-саймандарын рұқсатсыз шешіп тастайды. Баяғы мен сөз естимін. Қаттырақ айтсам: «Киноң құрысын, Дәке, өзің ойнай бер, біз ауылға кетеміз!» деп едіреңдеп шыға келеді. Одан кейін жатып кеп жалынамын. Тағы да олар қытайдың тамағын жемейді. Бөлек асхана орнатып бердік. Сөйтіп, жүріп ойнап шықтық.
– Дәке, фильмдегі Хорезм шахтың нөкерлерін кімдер ойнады, оларды қытай немесе моңғол әртістері ойнамайды ғой?
– Хорезм шах нөкерлерінің рөлін ойнайтын адамдарды табу маған жүктелді. Салып ұрып Алтайға келдім де, қоңқақ мұрын, шикіл сары барлық ұйғыр әртісін жинап алдым. Оларды бірнеше автобусқа отырғызып алып бардым. Мен кеткеннен кейін біздің ауылдың жігіттері: «Құдай-ау, бұрын ұйғырлар келіп, біздің қойымызды сатып алып машинаға тиеп кетуші еді, Дәлелхан ағамыз келді де ұйғырларды машинаға тірідей тиеп әкетті» деп, қарық болып күлетін көрінеді. Осы ұйғыр ағайындар Хорезм шахтың нөкерлерінің рөлін ойнап шықты.
– Кинода Отырар, Самарқан сияқты қамал қорғаны берік қалаларға Шыңғыс ханның әскері шабуыл жасайтын эпизодтар бар. Осы қамал қорған қалай жасалды?
– Фильмнің суретшісі Ма-Шау дейтін дүнген жігіті еді. Осы кісі Шыңжаннан ұйғыр шеберлерін әкеліп, аса ауыр техникалар жасайтын зауыттың ішіне алып сарай-қорған тұрғызды. Хорезм даласына жасалған барлық шабуыл осы сарай-қорғанның ішінде өтті.
– Алда қандай жоспарларыңыз бар?
– Менің қазақ киногерлерімен бірігіп аса құнды тарихи фильм түсірсем деген арманым бар. Сценарийі жазулы дайын тұр. Егерде осы фильм жарыққа шықса, дүниеге қазақтың аты жайылар еді.
– Ол соншалықты қандай фильм?
– Сонау үйсін заманын бейнелейтін ерекше туынды.
– Сөз соңында не айтасыз?
– Басқа айтарым жоқ. Қазақ аман болсын!
Сұхбаттасқан Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ