«Таблиғи жамағаттың» дағуатшыларын тыңдамау керек. Неге екенін осы жауаптың соғына таман жазамын.
Алдымен осы ұйым туралы қысқаша мәлімет бере кетейін. Бұл жамағат әлемнің көптеген елдерінде өз жұмыстарын жүргізіп келе жатқан, бізде дағуатшылар атымен танымал болған қозғалыс. Топ 1820 жылдары Үндістанда Мұхаммед ибн Иляс ибн Маулади (1303-1364 һ.ж.) тарапынан құрылған. Ол Үндістанның Кандағалақ елді мекенінде дүниеге келген. Осы елдегі Әбу Ханифа мазһабы бойынша ең үздік ірі білім ордасы саналатын «Диапент» медресесін тамамдаған. Бұл жамағат саясатқа, партияға мүшелікке өтуден өздерін аулақ ұстайды.
«Дағуат» – араб сөзі, қазақша «шақыру», «үгіт-насихат жүргізу» деген мағынаны білдіреді. «Таблиғ» сөзі де арабша, ол «жеткізуші» деген мағынаны білдіреді.
Демек, таблиғшылар немесе дағуатшылар дегеніміз – дінді уағыздаушы топ деп танылады.
Алайда, осы жамағат жөнінде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының арнайы пәтуасы шығарылған. Сол пәтуаға сәйкес «Таблиғи жамағат» теріс әрекет етуші топ деп саналды.
Сонымен қатар, Астана қаласы Сарыарқа аудандық сотының 2013 жылғы 26 ақпандағы шешіміне сәйкес «Таблиги джамагат» ұйымы Қазақстан Республикасының аумағында тыйым салынған террористік және экстремистік діни ұйымдардың тізіміне енгізіліп, оның қызметіне тыйым салынған.
Осыған орай «Таблиги джамагат» ұйымы қызметіне қандай да бір қатыстылық(қызметіне қатысу, қаржыландыру, идеологиясын насихаттау және т.б.) заңмен белгіленген жауапкершілікке әкеліп соғады.