Ислам діні ғылымға, оны оқып-үйренуге, адамның ой-пікірі мен ішкі-жан дүниесін байытуға ерекше мән береді.
Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбар біздің білімге деген ынтамызды арттыру үшін: «Кім де кім білім үйренгісі келсе, Алла ол адамға жұмаққа баратын жолды жеңілдетеді. Періштелер оның әрекетін ұнатқандықтан, үстіне қанаттарын кереді. Аспан мен жердегі тіпті, судың ішіндегі балықтар да ғалымдар үшін Алладан кешірім тілейді. Ғалымның жәй құлдардан артықшылығы, айдың өзге жұлдыздардан артықшылығына ұқсайды. Ғалымдар – пайғамбарлардың мирасқоры. Пайғамбарлар алтын мен күмісті мирасқа қалдырмайды, тек қана білімді мирас етіп қалдырады. Ол мирасты алған адам молшылыққа кенеледі» – деген.
Бүгінде болашағына зор үміт артып, шет елде білім алуды көздейтін жастар өте көп. Олар туған жері мен еліне айтарлықтай үлес қосуды көздейді. Елімізде «Болашақ» мемлекеттік бағдарламасы аясында білімін шыңдап жатқан жастар да аз емес.
«Әр елдің салты басқа» демекші, осы тұста мәселе туындайды. Әсіресе діни білімді шетелден алу мәселесі.
Шетелге діни білім алуға баратын қазақстандық жастар сол елдің тарихын, қалыптасу жолын білгені жөн. Бұл тұста ата-анасы да немқұрайлылық танытпай, баласының шешім қабылдауына ықпал етсе дейміз.
Саясаттану ғылымының кандидаты, «Дінтанушылар конгресінің» республикалық қоғамдық ұйымының сарапшысы Мейрам Иманбаев шет елде білім алу турасында былай дейді:
«Біздің қоғамымызда ислам діні бойынша сапалы білімді тек шетелдерден алуға болады деген жаңсақ ой қалыптасқан. Мен мұны өткен шақтағы көрініс дер едім. Тәуелсіздіктен кейінгі жылдары шетелдердегі іргелі діни ордаларда білім алған білімді де білікті көптеген замандастарымыз бүгінгі таңда «Нұр-Мүбарак» университетінде ұстаздық етуде.
Осы орайда, шамамен екі-үш жыл бұрын Өзбекстанның діни мамандарын дайындайтын оқу орындары өкілдерінің біздің елімізге сапары барысында олардың «Нұр-Мүбарак» университетінің исламдық білім беруде көш ілгері озып кеткендігі туралы бағасы көп нәрсені аңғартады деп есептеймін.
Елімізде одан бөлек арнайы діни орта білім беретін онға жуық медреселер жұмыс істеп отыр. Бүгінгі күнде бірнеше медреселер медресе-колледж деңгейіне жеткізілді.
Бұл орта діни оқу орындарының түлектері діни және зайырлы мамандықтар бойынша мемлекеттік мекемелерге жұмысқа орналаса алатындығы айтылып жүр. Бұл ел азаматтарының сапалы діни білімді Қазақстанда алуына толық мүмкіндіктер бар екенін білдіреді.
Сондықтан дін саласында қызмет атқарып отырған тиісті құрылымдар жастарымызға діни білімді елімізде алуға кеңес бере отырып, осы мәселені заңнамалық реттеуді де қолға алғаны жөн болар еді деп санаймын».
Шет елде білім алуды көздейтін қандай да бір талапкер үшін жат діннің ықпалына түсу қаупі бар. Өйткені діни экстремизм мәселесі әлемдік деңгейдегі өзекті мәселеге айналды. Жастардың қажетті ақпарат пен тек қана пайдалы білім алуы – теріс пиғылды идеологияға қарсы тұратын бірден-бір иммунитет.
Әрбір жастың діни тұрғыдан сауатсыз болуы шалыс қадам мен адасудың құрбаны болуға алып келеді. Қоғамда ақпарат өте көп. Керегін саралап, пайдалысын меңгеру жастардың білімді болуына ықпал етеді. Әйтпесе, жас ұрпақ басын жарға соғып, жолынан жаңылуы мүмкін. Ақпаратқа толық қанығып, терең білім алмағандықтан да адасушылар қатары азаймасы анық.
Абай Құнанбайұлы он сегізінші қара сөзінде: «Тегінде адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озады. Одан басқа нәрсемен оздым ғой демектің бәрі де ақымақшылық», – деген. Ақынның бұл сөзін: «Бойда қайрат, ойда көз, Болмаған соң, айтпа сөз» деген шумақтары толықтыра түседі.
Қазіргі таңда елімізде діни білім алушыларға жан-жақты мүмкіндік жасалған. Оқып, білімнің мол мұрасына кенелем деген жанға қай салада да мамандар даярлайтын оқу орындары жеткілікті. Елімізде ресми діни оқу орындары да бар. Демек сапалы діни білім алу үшін Қазақстанда да мүмкіндіктер жоғары.
Бүгінгі күні Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына қарасты бір ислам университеті мен тоғыз медресе-колледж жұмыс істейді. Елімізде «Дінтану», «Теология» және «Исламтану» мамандығына мемлекет тарапынан грант бөлініп келеді.
Зайырлы білім берудің бір бөлігі ретінде еліміздегі алты жоғары оқу орнында, «Әл-Фараби» атындағы ҚазҰУ мен «Қ.А.Ясауи» атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде, Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университеті, «Л.Н.Гумилев» атындағы ЕҰУ, «Е.Бөкетов» атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті және Шет тілдері және іскерлік карьера университетінде дінтану және теология мамандары даярланады. Осы жоғары оқу орындарында мемлекеттің тапсырмасымен 900-ге жуық студент – болашақ дінтанушылар мен теологтар білім алып отыр.
Шет елде білім алу мәртебе болмаса керек! Бастысы – білім алушының бағыты дұрыс, алған білімінің пайдалы болмағы. Сол себепті де жастар бакалаврлық базалық білімді еліміздің оқу орындарынан алғаны дұрыс. Әрі қарай білімін жетілдіріп, ғылым жолына түсуді мақсат етсе, Қазақстан мұсылмандарының діни басқармасы және мемлекетаралық келісім негізінде магистратура және доктарантура оқуға болады.
Бұл білімді жастар біздің кең өрісіміз, болашақ білімді жастармен ғана айқын. Қаншама қазақ жастары шет елге барып, діни білім алуда. Бірақ, сол жастар кейін елге оралғанда өзге таным мен түсінікте болмау үшін бәріне басынан бастап мән беру қажет.
Шет елге барып, шежіресі мен қазақы болмысынан, ділінен алыстау – адамды құрдымға жібереді. Білімді жасқа қазақ елі «Жас келсе іске» деп қошемет танытары сөзсіз. Білімді жастың санасында саңылау болса, ұлтқа адал ұл болуға ұмтылады. Мұндай жастың насихаты мен білімі даналықтың қайнар бұлағы іспетті еліне пайдалы болмақ!
Тұрар ТҮГЕЛҰЛЫ,
дінтанушы