Жұма намазы – Құран, cүннет және иджмағбен бекітіліп, әрбір мұсылманның жамағатпен бірге жұма намазы уақытының кіруімен жұма намазын оқу парыз ғибадаты. Алайда, адам өміріне, ақылына, дініне, ұрпағына және мүлкіне қауіп төнген жағдайларда[1] жұма намазының парыз үкімі жойылып, мүбәһ (яғни амал етуші орындайтын болса сауап, орындай алмаған жағдайда күнәһар болмайды) үкімі орын алады.

Осы тұрғыда діни әдебиеттердегі нақты дәлелдерге сүйенер болсақ,  ауырып жатқан адам жұма намазына баратын болса, ауруының жұғып кетуінен алаңдайтын адамдарға, жұма намазын оқуға міндетті емес екендігі нақты айтылған. Бұл ауру жұқпалы ерекшелігі болған жағдайда, исламның ең бірінші мақсаты өз өмірімен қоса, басқаларының да өмірін қорғау. Міне, осы себепке байланысты жұма намазына бармауына тиым салынады.

Жұма намазына белгілі себептерден бара алмаған адам, тұрғылықты жерінде, яғни үйінде бесін намазын орындаумен шектеледі. Осы қағидаға сүйене отырып, жұқпалы індет коронавирустың тарағаны туралы мемлекет тарапынан хабарландыру жасаған аймақтарда, тұрып жатқан мұсылмандар жұма күні мешітте емес, үйінде бесін намазын оқуына рұқсат.

Коронавирус жұқтырған немесе күмәнданған адамдармен бақылауда болған жандар, қоғамдық орындарға, мешітке және Жұма намазына баруларына тиым салынған. Яғни, бұндай адамдар,  қоғамдық орындарға баруға ислам рұқсат етпеген.

Карантин ретінде жарияланған аймақтағы мұсылмандарға, жұма намазы парыз емес. Қоғамдық денсаулықты қорғауға уәкілетті органдар шешім қабылдаған жағдайда, аурудың таралуын болдырмау үшін карантиндік аймақтағы адамдар үшін жұма намазы оқылмайды және оқылуына да рұқсат етілмейді. Осы аталған қағиданы бұзып, басқаларының өміріне зиян тигізген немесе қауіп төндіргені үшін мұсылман күнәһар болады.

Осы тұста мына оқиғаны да айту керек. Риуаяттарда Хз. Омар Шам қаласына жорыққа шыққанда, Тәбук маңына жақындап қалғанда Әбу Убайда бин Жарраһ және оның әскерлерімен кездеседі. Олар Шам қаласында жұқпалы оба ауруының бар екенін айтады. 639 жылы осы аймақта шамамен 25-30 мың адам қайтыс болды. Хз. Омар алдымен мұһажирлермен, кейін аңсарлармен және Құрайш тайпасының алдыңғы қатарлы азаматтармен ақылдасқаннан кейін «Мен таңның атуымен Мәдинаға қайтамын. Сіздерде дайындалыңдар» – деді. Бұны естіген Әбу Убайд: «Алланың тағдырынан қашып барасың ба?» – деді. Хз. Омар: «Уа, Әбу Убайда, өкінішті! Мұны сенен басқасы айтқанда ғой! Иа, Алланың тағдырынан Алланың тағдырына қашып барамын».

Бұны естіген Абдуррахман б.Ауф былай деді: Бұл тақырыпта менің білгенім бар, Пайғамбарымыз былай деп бұйырды: «Бір жерде жұқпалы оба ауруы болғанын естісеңдер, ол жерге бармаңдар. Бір жерде жұқпалы оба ауруы шығып, сізде сол жерде болсаңдар, оба ауруынан қашып басқа жерге кетпеңдер[2]. Бұл риуаят пайғамбарымыздың және сахабалардың оба ауруында карантин құралдарына қатысты ұстанымын білдіреді. Бұған қоса жұқпалы ауруларға қатысты, ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Алапес ауруынан, арыстаннан қашардай қаш»[3]– деп бұйырған.

Сондай-ақ, бұл үкім жергілікті билік тарапынан карантин жариялаған аймақтарға да қатысты.

Исатай Бердалиев

Ислам Құқық ғылымдарының докторы

 

[1] Ғазали, Мустасфа.

[2] Бұхари, «Тыб», 30; Муслим, «Сәләм», 100.

[3] Бұхари, «Тыб», 19.

Пікір жазу