(немесе қоршаған ортаны қорғау – адамзаттың парызы)
ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің баспасөз хатшысы Cәкен Ділдахметпен әңгімеміз, еліміздегі өсімдік және жануарлар дүниесінің жай-күйі, ондағы заңсыздықтарға тосқауыл, Қызыл кітап, қорықтар мен табиғи парктер төңірегінде өрбіді.
12 533 га аумаққа орман ағашы отырғызылды
– ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің құрылғанына тура бір жыл толды. Еліміздің өсімдік пен жануарлар әлеміндегі мемлекеттік саясаты қандай, осы уақыт аралығында іс-шаралар қалай жүзеге асып келеді?
– Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті (бұдан әрі – Комитет) – ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің құзіреті шегінде орман шаруашылығы және жануарлар дүниесін қорғау, сақтау, өсімін молайту және ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласында атқарушылық, бақылау және қадағалау функцияларын жүзеге асыратын мемелекеттік орган әрі ведомствосы.
Комитет қарамағында 14 облыстық аумақтық инспекция бар, жалпы елімізде 610 мемлекеттік инспектор қызмет атқарады.
Олар Қазақстан табиғатын қорғау жұмыстарымен айналысады. Басты жұмысы – өсімдіктер мен жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту, жорықтық (рейд) жұмыстарды ұйымдастыру.
Қазақстанда 823 аңшылық шаруашылығы бар. Олар 30 млн га астам жерді алып жатыр. Сондықтан Комитетке тиісті органдар барлық бағыт бойынша браконьерлермен күреседі. Оларды жауапқа тартады, қылмыстық және әкімшілік істер құқығы қорғалады.
– Соңғы жылдары Қызыл кітапқа енген киіктерді аулайтын браконьерлер мәселесі көп сөз болып жүр. Жалпы киіктердің саны қазір артып жатыр ма? Басқа аңдар ше?
– «Киік іні» атты жабайы жануарларды қорғаудың 2019 жылғы әуе санағының қорытындысы бойынша Қазақстандағы киік саны – 334 400 бас. Бұл жылдық өсімнің 50%-дан асқанын көрсетеді.
Одан бөлек, 2018 жылдан бері сирек және жойылып бара жатқан жануарлардың, әсіресе, тоғайлы бұғы, қарақұйрық, құлан және тау арқарының саны да артуда. Бұл – қорғау жұмыстарының нәтижесі.
Қазақстан мен БАӘ бірлескен меморандум бойынша 2009 жылдан бері Қазақстан табиғатына дуадақ құстарын жібереді. 2009-2019 жылдар аралығында Қазақстанның табиғатына 20 489 дуадақ және 625 сұңқар жіберілген болатын. Түркістан облысы Бәйдібек ауданында БАӘ тарапынан джек дуадағын өсіріп шығаратын тәлімбақ (питомник) салынған. Сондай-ақ, жергілікті халық та жұмыспен қамтылған.
Батыс Қазақстан облысында киік популяциясының өсімі байқалады. Орал популяциясын сақтау мақсатында Комитет БҚО-да «Бөкей Орда» мемлекеттік табиғи қорығын құру бойынша жұмыстар атқаруда.
– Еліміздің орман қоры қалай қорғалып жатыр?
– Қазақстан Республикасының орман қоры территориямыздың 4,7%-ын алып жатыр. Комитет және жергілікті орман шаруашылығы мекемелері еліміздің барлық облысында орман егу жұмыстарын жүргізеді.
2019 жылы 63 921 га жерге орман отырғызылса, биыл 12 533 га ауданға орман отырғызылды. Басты мақсат – 2030 жылға дейін орман алғаптарын 5%-ға жеткізу.
Бұдан бөлек, жыл сайын 1998 жылы Елбасы Н. Назарбаевтың бастамасымен басталған «Жасыл белдеу» жобасы іске асып келеді. Елордамыздың аумағында 5 мың га дейін жасыл белдеу ағаштары отырғызылған. Мақсат – 2021 жылға дейін астанамыз Нұр-Сұлтан қаласының орманмен көмкерілген ауданын 100 мың га дейін жеткізу. Аталмыш жобаны басқа облыстар да жалғастыруы қажет.
Қазақстандағы ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың ауданы 24,7 млн га. Бұл еліміздің жалпы территориясының 9%-ы. 2020 жылы «Ұлытау» ұлттық-табиғи паркін құру жоспарлануда.
Елімізде 10 мемлекеттік табиғи қорық, 13 мемлекеттік ұлттық парк, 6 мемлекеттік резерват, 5 мемлекеттік ботаникалық бақ, 5 мемлекеттік қорық зонасы, 50 мемлекеттік табиғи қорықша, 26 мемлекеттік табиғи ескерткіш, 1 дендрологиялық саябақ, 3 мемлекеттік аумақтық табиғи парк бар.
Қазақстанның жануарлар әлеміне келсек, республика аумағында 835 омыртқалы жануар түрі бар. Оның 178-і – сүтқоректілер, 489-ы – құстар. Ал 396 құс түрі Қазақстанда жұмыртқаласа, қалғандары қыстауға, я болмаса күзде немесе көктемде келіп кететін құстар. 49 бауырымен жорғалаушылар (рептилия), 12 амфибия, 104 балық, ал дөңгелек ауыздының 3 түрі бар.
Сонымен қатар, Қазақстан аумағында 100 мыңнан аса омыртқасыз жануар, ал 50 мыңнан аса құрт-құмырсқа жәндіктердің түрі кездеседі.
Қызыл кітап әр 10 жылда жаңарады
– Қазақстан Қызыл кітабына қанша жануар мен балық түрлері енген? Олардың қорғалуы қалай жүзеге асуда, заңды бұзғандар бар ма? Сондай-ақ, елімізде қандай жан-жануарлар Қара кітап тізіміне енген?
– Қазақстан Республикасының Қызыл кітабы 2 томнан тұрады. Жануарлар әлемі және өсімдіктер әлемі. Заңнамаға сәйкес, олар әр он жылда бір рет басылады.
Қызыл кітаптың құрамына енгізу мен одан шығаруға арналған арнайы зоологиялық комиссия құрылады. Оған ғылыми-зерттеу институтының мамандары, комитет өкілдері кіреді. Жалпы жануардың немесе өсімдіктің бір түрін осы Қызыл кітапқа енгізу немесе одан шығару, сондай-ақ басқа санатқа ауыстыру туралы 3-4 жыл ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізіліп, оның қорытындысы бойынша Ғылыми кеңестің қарауына ұсынылатын болады.
Жалпы Қазақстанның Қызыл кітабына 128 омыртқалы жануар кіреді. Оның ішінде балықтың 18, қосмекенді жануарлардың 3, бауырымен жорғалаушылардың 10, құстың 57, ал сүтқоректі жан-жануардың 40 түрі бар. Сонымен қатар, 96 омыртқасыз жануар және өсімдіктердің түрлері енген. Қазақстанда Қара кітап деген жоқ.
– Мемлекеттен бөлінген балық аулау лимиті қалай игеріліп жатыр? Балық шаруашылығының жай-күйі қалай?
– Қазақстанда балық шаруашылығы қарқынды түрде дамып келе жатыр. Еліміздің барлық су айдынында балықтың 70-тен астам түрі бар. Сазан, ақ амур, судак, т.б. балықтар коммерциялық мақсатта көп қолданылады. Бұл балық түрлері нарықта өте жоғары сұранысқа ие.
Жыл сайын балық шаруашылығы саласында Комитет тарапынан бекіре балығын қорғау акциясы ұйымдастырылады. Акция Атырау, Маңғыстау, БҚО аумақтарында Жайық-Каспий бассейнінде 1 сәуір-1 мамыр аралығында өтеді.
2020 жылы 15 ақпан-1 шілде аралығында 24,3 тонна лимит бекітілген болатын. І тоқсан бойынша 2,1 мың тонна балық ауланды. Сонымен қатар, Қазақстанда балық шаруашылығын дамыту ісімен бірқатар облыстар айналысады. Мәселен, Атырау, Алматы, ШҚО, Қызылорда облысының балық шаруашылығы балықты қайта өңдеу жұмыстарын жүргізеді. Елімізде 83 балықты қайта өңдеу мекемесі бар. Олар жыл сайын 87 мың тонна балықты қайта өңдейді.
Сондай-ақ, жыл сайын еліміздің республикалық маңызды су қоймаларына балық ресурстарын дамытып, ихтиофаунаны сақтау бойынша балық шабақтары жіберіледі. 2019 жылы еліміздің су қоймаларына 73,8 млн бағалы балықтың шабақтары жіберілген. Оның ішінде 7 млн-ы бекіре тұқымдас балықтар.
2020 жылғы мемлекеттік тапсырыс деңгейі 75 млн балық шабақтарын құрады. Көбінесе жаздың ортаңғы мезгілі мен күз айында балықтар еліміздің су айдындарына жіберіледі.
АӨК мемлекеттік бағдарламасы аясында, 2017-2021 жылдар аралығында елімізде аквомәдениет жұмыстары бойынша тауарлы балық аулауды 1,6 мың тоннадан 5 мың тоннаға дейін жеткізу көзделген. Бүгінгі күні бұл межеден асып түстік.
Халықтың экологиялық мәдениетін арттыру қажет
– Жалпы еліміздің флорасы мен фаунасын қорғауда халықтың сауаттылығы қандай?
– Жұмыс барысында халықпен тығыз жұмыс істейміз. Басты мәселе халықтан табиғатты қорғауды, келер ұрпаққа сақтап қалуды түсіндіру және ағартушылық жұмыстарды ұйымдастырамыз. Жалпы, сауаттылық деңгейі төмен деп айта алмаймын, орта деңгейде.
Басты мақсат – халықтың экологиялық мәдениетін арттыру. БАҚ-тарда барынша қызықты материалдар беріп, заң алдындағы жауапкершіліктер жайлы айтамыз. Сондай-ақ, «Елімізде жан-жануарлардың қаншасы сақталды?» деген секілді маңызды ақпараттарды да бөлісіп отырамыз.
– Ұлттық және табиғи парктер орналасқан өңірлерде халықпен, туристермен қандай байланыс орнатылған? Түсіндіру жұмыстары жүргізіле ме?
– Байқасаңыз, Көлсай көлдері, Алтынемел, Іле Алатауы ұлттық паркінде жергілікті тұрғындардың туристерге өз үйі мен бөлмелерін беріп, сондай-ақ қонақ үй жасап, тағамдар дайындап халыққа қызмет түрлерін көрсетеді. Жыл сайын ұлттық парк қарамағында тұратын жергілікті халықпен тығыз жұмыс жасаймыз. Оларға туристердің келуіне, табиғатты қорғауына шақырып, түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз.
Қазіргі таңда ұлттық парктер орналасқан аудандарда жергілікті халық өздері осындай істерге тартылып, ұлттық парктерді қорғауға атсалысуда. Екінші басты мақсат – ұлттық парктерге келген туристердің барлығына қызмет көрсетіп, тұрғындар күнделікті нәпақасын табуда.
Бір түп сексеуіл 4 тонна құмды ұстап тұрады
– Шөл және шөлейтті жерлерде өсетін сексеуілдің саны мен сапасы, сондай-ақ Арал және Каспий өңірінің табиғаты жайлы ойыңызбен бөліссеңіз.
– Еліміздің орман қорының 50%-ға жуығы сексеуілді орманды алқап.
Арал теңізінің құрғап қалған табанынан жыл сайын атмосфераға 100 млн гектардан аса тұз, құм, шаң көтеріледі екен. Бұл, әрине қоршаған ортаны ластап, халықтың денсаулығына кері әсерін тигізуде.
Қызылорда облысының орман шаруашылық мекемелері құм көшкіні болмас үшін Арал теңізінің құрғап қалған табанына жыл сайын 10 мың гектардан аса сексеуіл көшеттерін отырғызады. 1980 жылдардан бастап бүгінгі күнге дейін Арал теңізінің құрғап қалған табанына 190 мың гектардан аса сексеуіл ағашы отырғызылған.
Елімізде сексеуіл алты облыста өседі. Олардың 3 түрі бар: ақ, қара және зайсандық сексеуіл.
Сексеуіл ағашының бір түбі 4 тоннаға жуық құмды ұстап тұрады. 2017 жылы «ҚР Орман кодексіне» сексеуіл ағаштарын сатуға тыйым салынды. Сонымен қатар, Комитет бұйрығымен сексеуіл ағаштарын кесуге 2023 жылға дейін мараторий жарияланған.
2017 жылдан бері сауда орындары мен жанар-жағар май құю стансаларында сексеуілдердің заңсыз сатылуымен күрес жұмыстары жүргізіліп келеді. Қазір бұл орындарда сексеуіл ағаштары сирек, тіпті, жоқтың қасы десек те болады. Басты мақсатымыз – сексеуілдің заңсыз оталуын тыю, мейрамханалар мен кафелерде кәуап дайындау үшін сексеуіл ағаштарын қолдануға жол бермеу, олардың жолын кесу, алдын алу.
Қызғалдақтың отаны – Қазақстан
– Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында «Қазақстан – қызғалдақ пен алманың отаны» деп ерекше атап өткен болатын. Бұл дала гүлінің жай-күйі қалай?
– Әлемде қызғалдақтың 80-нен аса түрі кезедессе, оның 18 түрі Қазақстанда өседі. Олар сирек кездесетін және жойылып кету қаупі бар өсімдік ретінде Қазақстанның Қызыл кітабына енген.
Қызғалдақ сирек кездесетін өсімдік ретінде Қызыл кітапқа енгендіктен жұлуға болмайды! Өйткені, олар биыл шықса, жұлғаннан кейін келесі жылы шықпауы да мүмкін. Бәлкім, түбегейлі жойылып кетуі де ықтимал.
Жыл сайын қызғалдақтарды қорғау бойынша әр облыста халыққа үгіт-насихат жүргіземіз. Түрлі жәйттар кездеседі. Мәселен, адамдар табиғат аясына демалуға барған кезде қызғалдақтарды жұлып, суретке түсіріп, оны әлеуметтік желілерге жариялап жатады.
Қазіргі таңда оларды сақтап қалу мақсатында барынша құқық қорғау органдарымен бірлескен рейдтік жұмыстар жүргізіледі. Биылдың өзінде Түркістан облысында 3 азамат жауапқа тартылды.
– Өсімдік, жануарлар популяциясын зерттеу мақсатында ғылыми-зерттеу институттармен байланыстарыңыз қалай?
– Комитет өсімдіктер мен жануарлар дүниесі саласында ғылыми-зерттеу институттары мен экологиялық ұйымдармен тығыз байланыста. Атап айтар болсақ, Зоологиялық институт, Орман шаруашылығы институты, Фитомелирация, Фитосанитария секілді ғылыми институттарымен жұмыс істейді.
Сондай-ақ, Қазақстанның биоәртүрлігін сақтау Ассоциациасымен, Қазақстанның биоәртүрлілігін қорғау қоры және басқа да ұйымдармен бірлескен жұмыстар жүргізіп, жобаларды іске асыруда. Сонымен қатар, құланды көшіру бойынша жұмыстар да жүргізіледі.
Инспекторлардың еңбегі ерен
– Былтыр қызметін атқару барысында қаза тапқан инспектор Ерлан Нұрғалиевтің қайғылы оқиғасы баршамызға белгілі. Жалпы қоршаған ортаны қорғауда инспекция қызметкерлерінің ықпалы қандай?
– Инспекторлардың қызметі күнделікті, тіпті күні-түні қауіп-қатерге және қиыншылықтарға толы. Халық мемлекеттік билікті, яғни браконьерлік әрекетпен күресудің қажеттілігі мен оның оңай жұмыс емес екенін түсінді.
2020 жылдың жарты жылдық мәліметі бойынша, мемлекеттік инспекторлар тарапынан 1466 кешенді рейд пен 133 тексеріс жұмыстары ұйымдастырылды. Осының нәтижесінде 3132 табиғат қорғау заңнамасын бұзған 2453 адам әкімшілік жазаға және 12 браконьер қылмыстық жазаға тартылды. Табиғатты қорғау заңнамасына келтірілген шығын сомасы 31,7 млн теңге болса, бүгінгі күні оның 25,1 млн теңгесі өндірілді.
Ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда браконьерлік фактілер өте сирек кездеседі. Біріншіден, осы аумақтарда браконьерлік фактілермен ұсталғандарға жаза мен айыппұл мөлшері өте үлкен.
Екіншіден, бұл аудандарда қорғау жұмыстары жақсы жолға қойылса, үшіншіден, ерекше қорғалатын аумақтардың территориялары белгіленген. Сол себептен, күндіз-түні инспекторлар өз қызметтерін абыройлы атқарып, табиғатты қорғау жұмыстарында тынбай еңбек етуде.
Айта кетейік, былтыр Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Браконьерлік күрес туралы» заңды қатаңдату бойынша тапсырма беріп, Қылмыстық және Қылмыстық процессуалдық кодекстерге бірқатар өзгертулер енгізген болатын.
Кинолог иттер арнайы оқытылып жатыр
– Браконьерлік жолмен бағалы балықтар және дәрі-дәрмек мақсатында аңдардың мүйізі шетел асып жатқан көрінеді. Бұл байлықтың «сыры» неде?
– Шығыс медицинасы дамыған Қытайда киік мүйіздері өте жоғары сұранысқа ие. Қазіргі таңда шығыс медицинасының маркетингі мықты болғандықтан, осы «сұраныстың» артуынан қоршаған өте үлкен зардап шегуде.
Түрлі браконьерлік істер болып, контрабандалық жолмен шетел асып кетіп жатқан жайлар кездеседі. Басты мәселе – контрабандалық әрекеттің жолы мен арнайы топты анықтау. Бұл ұсыныс пен сұраныс бар жерде өршитіні белгілі.
Комитет Қазақстанның биоәртүрлілігін сақтау ассоциациасымен бірлесіп Қазақстанның кинолог мамандарын жыл сайын оқытудан өткізеді.
Басты мақсат – иттердің шекара арқылы түрлі тауарлар өткен кезде киіктің мүйіздері мен басқа да жабайы өсімдіктерді иіскеп білу, оларды анықтау бойынша оқу жұмыстарын өткізу. Жалпы түрлі бағытта күрес жүргізу жолдары жүргізілуде.
Сұраныс пен талапты күшейтуіміз қажет
– Соңғы жылдары елімізде қоршаған ортаны қорғау мамандығына байланысты оқуға ниет білдіргендер азайып кеткен. Сіздіңше, бұл сала мамандығының болашағы қандай?
– Жалпы зоология, биология мамандықтарына сұраныс жылдан-жылға азаюда. Қоршаған орта саласында да мамандар тапшы. Осы салада қызмет істейтін жас мамандар ынталы, жігерлі болады. Бірақ жалақының аздығынан олар басқа салаға кетіп жатыр.
Ғылымға көңіл бөлген білім, медицина, мәдениет саласындағы жас мамандарға қолдау жасап, мотивация беруіміз қажет. Батыс елдерінде басқаша. Бүгінгі күні білім саласында еңбек нарығында мамандарға деген сұраныс пен талапты күшейтуіміз қажет. Сонда сапалы мамандар шығады.
Мысалы, орнитология (құс зерттеу маманы) мен балық шаруашылығы саласында Кеңес үкіметі кезінде оқыған мамандар қалған. Өкінішке орай, бұл мамандардың саны жылдан-жылға қысқарып келеді. Осы мамандардың орнын басатын жас мамандар даярлап, ғылыми ортаны әзірлеуіміз қажет. Бұдан бөлек оларды баспанамен қамтамасыз етіп, бәсекеге қабілетті жалақы беруіміз қажет.
Табиғат – бізге берілген аманат!
– Бірнеше жылдан бері осы салада қызмет етіп келесіз. Тұмса табиғаттан не үйрендіңіз, сондай-ақ еліміздің азаматтары мен мұсылман қауымға табиғатты қорғау мақсатында не айтар едіңіз?
– Бұл салада қызмет атқарып келе жатқаныма төрт жылдай уақыт болды. Осы уақытқа дейін қорғалып келген табиғатымызды барынша сақтап қалуымыз қажет. Жаратқан Иеміз Қазақстанның керемет табиғатын қалай жаратса, солай сақтауымыз керек. Ол бізге берілген аманат! Қарапайым ғана мысал, еліміздің табиғатын сақтау, қоқысты жинап, оларды жәшігіне тастау – үлкен экологиялық жауапкершілік.
Жерлестеріме, замандастарыма айтарым – қоршаған ортаны қорғайық, сыйлайық! Қоршаған ортаны қорғау – адамзаттың парызы! Өзімізді қалай таза ұстасақ, табиғатқа да сондай жауапкершілікпен қарауымыз қажет.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан Руслан БЕГЕН