Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен дөңгелек үстел барысында оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспан айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оның айтуынша, балаларға не олардың ата-аналарына шұғыл психологиялық және құқықтық көмек көрсету үшін барлық өңірде білім басқармаларының жанында сall-орталықтар, ал Оқу-ағарту министрлігінде balaqorgaubot2.0 телеграм чат-боты, «balaqorgau» веб-сайты жұмыс істейді.Чат-боттың тиімділігі әрбір пайдаланушы өз өтінішіне жауап алып, тәулік бойы жұмыс істеуінде. Сондай-ақ өтініштер мәселе толық шешілгенге дейін шұғыл түрде қаралады. Веб-сайтқа кез келген бала немесе ата-ана мектептің қабырғасында ілініп тұрған QR-код арқылы кіріп, өздерінің сұрақтарын қалдыра алады. Аталған орталықтар жұмысы толығымен анонимді жүргізілетінін, жүгінушіге ешқандай қатер төнбейтінін атап өту керек, – деді Еділ Оспан.
Былтыр Оқу-ағарту министрлігіне 1000-нан астам құқықбұзушылықты жасыру немесе дер кезінде мән бермеу фактілері бойынша арыздар келіп түскен. Осы ретте министрлік балалар арасындағы немесе оларға қатысты құқыққа қайшы әрекеттер туралы хабарламағаны үшін белгіленген жазаны күшейту қажеттігін ұсынып жатыр.
Сондай, ақ вице-министр мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау, суицидтің алдын алу және олардың құқықтары мен әл-ауқатын қамтамасыз етудің 2023-2025 жылдарға арналған Кешенді жоспарын әзірлеуді дайындап жатқанын жеткізді.Өмірлік қиын жағдайға тап болған кәмелетке толмағандарды ерте анықтау және оларға жан-жақты көмек көрсетудің егжей-тегжей әдістемесі ұсынылады, – деді ол.
Кешенді жоспар жобасында еліміздегі психологиялық қызметтің мәртебесін арттыру, балаларға арналған ақпараттық кеңістікті трансформациялау, балаларға қатысты зорлық-зомбылық фактілерін анықтау және оларға уақтылы, кешенді көмек көрсету жөніндегі мемлекеттік органдардың қызметін регламенттеу жөніндегі іс-шаралар қамтылған.