Сұрақ: Әбу Мұхаммад ас-Сабуни деген кім?
Жауап: Әбу Мұхаммад Нураддин Ахмад бин Махмуд бин Әбу Бәкір ас-Сабуни – бұхаралық Ханафи ғұламаларының бірі. Табақат кітаптарында «әл-Имам» және «Нураддин» деген лақап есімімен аталғанымен, кәламдық кітаптарда көбінесе оның аты «Нураддин ас-Сабуни» деп баяндалады. Фахреддин ар-Рази (ө. 606/1210) Бұхарада ол «ан-Нураддин ас-Сабуни» деп аталады деп жазады. «ас-Сабуни» сабын өндіру немесе сату мағынасын білдіреді, бірақ, оның тегін білдіретін «ас-Сабуни» атауы қайдан шыққандығы бізге беймәлім. Ол Бұхарада өмір сүріп, сонда дүние салғанына байланысты «әл-Бұхари» деп те аталады.
Сонымен қатар оған «Әбу Бәкір» деген қате лақаб есім де берілген. Оның «Әбу Бәкір» деген аты Катиб Челебидің (ө. 1067/1657) еңбегінде кездеседі, бағдаттық Исмаил Паша (ө. 1338/1920) мен Брокельман да осы атты атап өтеді. Осы қателіктің бастауы есімдер тізбегіде орын алатын атасы Әбу Бәкірден туындаған болса керек. Кейбір дереккөздерде кездесетін оның «Әбу-л-Махамид» деген есімі оны дәріптеу мақсатында берілген. Автордың өз аты Ахмад, ұлынікі Мұхаммад, ал әкесінің аты Махмұд болғанына байланысты «Әбу-л-Махамид» деп аталуы да мүмкін.
Нураддаин ас-Сабунидің қайда, қай жылы дүниеге келгендігі жайында нақты мәлімет жоқ. Бірақ, дереккөздерде үнемі Бұхарамен байланыстыруына, өмірінде ешбір өзгеріс орын алмағандығына қарап, оны Бұхарада дүниеге келіп, сонда өмір сүрді деп жобалауға болады. Шамамен хижрет жыл санағы бойынша 580 жылы Фахреддин ар-Разимен болған пікірталас соңында өзінің қартайғандығын айтқан, осыдан оның жас кезінде дүние салмағандығын, хижрет жыл санағы бойынша VІ ғасырдың басында дүниеге келгендігін байқаймыз. Сондай-ақ Разидің Муназаратында автордың қажылыққа барғандығын, бару, қайту кезінде Хорасан мен Иракта ғұламалар мәжілісінде уағыздар, ғылыми әңгімелер айтқандығын аңғарамыз. Ол Бұхарада үлкен құрметке бөленген ғалым екендігін, дәулетті, абыройлы әулеттен шыққандығын сол дереккөзден кездестіреміз.
Имам Нураддин ас-Сабунидің дүниеден өткен жылы дереккөздерде бірдей баяндалады: 16 сафар 580, сәрсенбі күні, ақшам намазының уақыты. Бұл милади 30 мамыр 1184-ке сәйкес келеді. Ол Бұхарадағы әл-Қудату-с-саба мазаратына жерленген.
Балғабек Мырзаев