Бүгінгі таңда Өзбекстан мен Қазақстан арасындағы екіжақты қарым-қатынас барлық салаларда – сауда-экономикалық, инвестициялық, көлік-логистика, мәдени-гуманитарлық және туризм барысында да қарқынды дамып келеді. Мұның баршасы, ең бастысы, тарихи тату жақын көрші, сенімді серіктес болуды мұрат еткен өзбек және қазақ халықтарын жақындастыру барысында үлкен маңызға ие.
Бүгінгі сұхбаттасымыз, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы ТАҒАНҰЛЫ.
— Өзбекстан мен Қазақстан жақын көрші ғана емес, уақыт сынынан өткен сенімді әріптестер. Екі ел арасында орныққан өзара тығыз байланыстар Орталық Азиядағы мемлекетаралық қатынастардың ең маңызды жиһаты болып табылады. Осындай оңтайлы өзгерістер тұрғындарымыздың өмірі мен көңіл-күйіне қалай әсер етуде, деп ойлайсыз?
— Өзбек пен қазақ халқы ежелден ортақ тарихи үдерістері мен мәдениетінің саналуандығы, тілі мен дінінің бірізділігімен ерекшеленеді. Соңғы жылдары Қазақстанда да, Өзбекстанда да мемлекет басшыларының саяси ерік-жігерімен қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық өмірдің барлық салаларында түбегейлі реформалар жүргізілуде, гуманитарлық байланыстар нығайып, өзара қарым-қатынастар арта түсуде.
Өзбекстан мен Қазақстан бүгінгі таңда халықаралық саяси мәселелерде бір-бірін қолдап келе жатқан стратегиялық серіктес мемлекеттер. Елдеріміз екіжақты және беделді құрылымдар: Біріккен Ұлттар Ұйымы, Шанхай ынтымақтастық ұйымы, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы, Түркі мемлекеттері ұйымы, Түркі мәдениетінің халықаралық ұйымы (ТҮРКСОЙ) және басқа да бірқатар құрылымдар аясында жемісті ынтымақтастық жасап келуде.
2018 жылы Қазақстанда Өзбекстан жылы, 2019 жылы Өзбекстанда Қазақстан жылы шаралары сәтті өтті, бұл өнер, ғылым, білім және кәсіпкерлік өкілдері үшін жаңа көкжиектер ашты, бауырлас халықтарымыздың мәдени байланыстарын одан әрі нығайтуға қызмет етті.
Сондай-ақ, Өзбекстанда Президент Шавкат Мирзиеевтің бастамасымен қазақтың ұлы ақыны, данышпан Абай Құнанбаевтың шығармашылық мұрасын кеңінен зерттеу және насихаттау бағытында ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. Ташкенттің орталық көшелерінің бірі ұлы ақынның есімімен аталатынын, оның айбынды ескерткіші Қазақстанның Өзбекстандағы елшілігі ғимаратының алдында бой көтергенін жақсы білеміз. Қазіргі таңда Қазақстанда Шығыстың ұлы ойшылы, өзбек халқының ақыны, мемлекет қайраткері Әлішер Науаи мұрасын зерттеуге, Астана қаласының орталығында оның ескерткішін орнату мәселесіне үлкен қызығушылықпен көңіл бөлінуде.
Ал жуырда ғана Ташкент, Самарқанд және Бұхара қалаларында ұйымдастырылған Қазақстанның мәдениет күндері достық қарым-қатынастарымыздың тұрақтылығын тағы бір дәлелдеді. Екі елдің мәдени өміріндегі мұндай маңызды оқиғалар көп ғасырлық достық пен тату көршілік байланыстарды нығайтып, екі халықтың өзара рухани алмасуына, баюына ықпал ететіні сөзсіз.
— Өзбекстанда діни білім беру саласы және ағартушылық исламды дамыту барысында атқарылып жатқан іс жүзіндік шараларды қалай бағалайсыз?
— Өзбекстан жері ежелден білім мен мәдениет ошағы болған. Имам Бұхари, Махмұд Замахшари, Әбу Мансұр Мотуриди, Әбу Муин Насафи, Мұхаммед Хорезми, Ахмад Ферғани, Әбу Райхан Беруни, Әбу Әли ибн Сино, Мырза Ұлықбек және басқа энциклопедиялық ғалымдар ислам ілмімен бірге заманауи зайырлы ғылымның және әлемдік өркениеттің дамуына өзіндік үлес қосты.
Өзбекстанда соңғы жылдары әлемдік ғылымның дамуына қомақты үлес қосқан ұлы тұлғалардың өмірі мен бай ғылыми-рухани мұраларын үйрену, оларды бүкіл әлем қауымдастығына жеткізу барысында көлемді жұмыстар жүзеге асырылуда.
Осы бағыттағы ғылыми зерттеулерді күшейту мақсатында соңғы жылдары халықаралық маңызы бар орталықтардың құрылып жатқаны көңіл аударарлық. Мәселен, Ташкентте құрылып жатқан Ислам өркениетінің орталығы осының айғағы. Орталық әйгілі Хазрати Имам (Хастимом) кешені аумағында жүргізіліп келеді. Орталықта көне қолжазбаларды, литографияларды, археологиялық олжаларды заманауи әдістермен қалпына келтіретін, олардың сақталуын бақылайтын, деректерді цифрлық форматқа көшіретін, көбейтетін, көне дереккөздерді зерттейтін, мәтіндерді ашатын, шет тілдеріне аударатын, терминологияны бір жүйеге келтіретін, сөздіктер жасайтын ғылыми бөлімдердің болуы қызықты.
Мұның бәрін бүкіл әлем, оның ішінде Қазақстан да үлкен қызығушылықпен бақылап отыр. Бауырлас Өзбекстанның жетістіктеріне шын жүректен қуанамыз. Осы орайда 1993-1997 жылдары Ташкенттегі Имам Әл-Бұхари атындағы Ислам институтында жоғарғы діни білім алған кездерім еске түсіп жатыр, сәттен пайдаланып, сол кездегі білікті ұстаздарым, тәжірибелі тәлімгерлеріме өз ризашылығымды білдіргім келеді. Сол кездегі діни тағылымды бүгінгі күнмен салыстырсақ, сапа жағынан да, жаратылып жатқан мүмкіндіктер жағынан да терең өзгерістер болғанын байқау қиын емес. Осы саладағы жетістіктерді қаншалықты мақтан тұтсаңыз болады.
— «Терезе ашылған кезде бөлмеге таза ауамен бірге шаң-тозаң да ілесіп кіреді» деген халықтық таным бар. Яғни, түбегейлі реформалардың арқасында дін барысында кейбір кедергілер жойылды. Дінтану ісі кең өріс ала бастады. Бірақ, өкінішке орай, міне осындай жаңарудың самалымен қатар адамгершілік құндылықтарымызға мүлде қайшы келетін діни фанатизм, экстремизм сияқты жат қылықтармен бетпе-бет келіп отырмыз. Қазақстан мен Өзбекстан мұсылмандары діни басқармаларының осындай жағдайлармен күресудегі ынтымақтастығы туралы айтып өтсеңіз.
— Өзбекстан Қазақстанның Орталық Азиядағы ең жақын сенімді серіктесі. Қазақ пен өзбек – бағзы заманнан бауырлас ел. Бізді біріктіретін құндылықтар көп. Діни мектебіміз бен мәзһабымыз бір. Біздің халқымызда «Көршіні Құдай қосады, досты өзің таңдайсың» деген қанатты сөз бар.
Осы орайда бұдан бірнеше жыл бұрын Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы ретінде алғашқы ресми сапарымды көршілес ел – өзбек жерінен бастағанымды атап өткім келеді. Өзбекстанның сол кездегі мүфтиі, марқұм Усмонхон қажы Алимовпен кездесуде қазіргі жаһандық сын-қатерге жауап беруде мұсылман үмбетінің өзара ынтымағын арттыру, діни мерекелерді бір күнде атап өту, ортақ пәтуалар қабылдау, деструктивті діни ағымдардың теріс үгіт-насихат жұмыстарына жол бермеу, бауырлас елдердің дін қызметкерлерінің білімін арттыру, тәжірибе алмасу шараларын ұйымдастыру, ислам әлеміндегі ірі ғұламалардың мәзһабын халыққа насихаттау, діни оқу-ағарту саласы бойынша бірлескен жобаларды жүзеге асыру сынды ортақ келісімдерге келдік.
Бүгінде Қазақстанда діни жағдай тұрақты, жүзден астам ұлт пен конфессияның өкілдері тату-тәтті өмір сүріп жатыр. Соңғы жылдары адамдардың рухани білімге деген қызығушылығының айтарлықтай артып келе жатқанын және бұл үрдісті қоғамымыздың одан әрі дамуына және конфессияаралық келісімнің сақталуына бағыттаған орынды екенін атап өткім келеді. Осы орайда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы шынайы рухани құндылықтарды насихаттау бағытында тұрақты жұмыс жүргізуде.
Тәуелсіздік жылдарында біз мемлекеттік-конфессиялық қарым-қатынастардың оңтайлы үлгісін қалыптастыра алдық және бұл бүкіл көпұлтты Қазақстан халқының да, ел басшылығының да зор еңбегі екенін мойындау керек. Қазақстанның мемлекет, қоғам және дін арасындағы қарым-қатынасты құру тәжірибесі әлемнің көптеген елдері үшін шынымен де оң және қызықты деп ойлаймыз. Бұл ретте ҚМДБ қызметіндегі басым бағыт діни тұрақтылықты қамтамасыз ету және халықтар достығын нығайту болып табылатынын айту керек. Бұл тұрғыда мүфтияттың алдында дәстүрлі исламды сақтауға үлес қосу және деструктивті жалған діни ағымдар мен радикалды идеологияның таралуына қарсы тұру міндеті тұр. Ол үшін діни салада ұдайы ойластырылған, жан-жақты, нәтижелі жұмыс жүргізу қажет. Ата-бабаларымыз негізін қалаған мықты мұсылман мектебіміз бен әл-Сығнаки, әл-Фараби, әл-Исфиджаби, ат-Тарази, әл-Итқани сынды көрнекті мұсылман ғұламалары бар екенін атап өтейін.
— Халықаралық қатынастарда тұрақтылық, қауіпсіздік пен сенімді қалпына келтіруде қасиетті дініміздің маңызы қандай? Аймақтық қауіпсіздікті, оның ішінде діни саладағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету тек ішкі саясатқа ғана емес, көбінесе халықаралық ынтымақтастық пен қолдауға байланысты. Бұл тұрғыда мүфтият тарапынан қандай жұмыстар атқарылуда?
– Әлемнің көптеген елдерімен, әсіресе, түркітілдес елдермен рухани байланысымыз жақсы, тіпті түркітілдес мемлекеттер мүфтилері коллегиясы деп аталатын өзіміздің жұмыс органымыз бар. Жуырда Түркия, Әзірбайжан, Өзбекстан және Қырғызстанның рухани жетекшілерінің қатысуымен алқа отырысы ұйымдастырылды. Басқосуда тек руханият емес, Ахмет Ясауи бабамыздың, сондай-ақ бүкіл түркі әлемінің тарихи-рухани және мәдени мұрасын насихаттау мәселелері, діни білім беру саласындағы бірлескен жобалардың болашағы, жаһандық сын-қатерлер мен қауіп-қатерлерге қарсы күресте мұсылман қоғамының ынтымақтастығы, деструктивті діни ағымдарды насихаттауға жол бермеу мәселелері талқыланды.
Сонымен қатар, көне Түркістанда «Түркі халықтарының ислам өркениетінің дамуына қосқан үлесі» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтіп, онда Қазақстан тарапы бірқатар бастамалар көтерді. Біріншіден, біз мұсылман елдері арасындағы діни және рухани ынтымақтастықты реттеп, жақсартуға бар күш-жігерімізді салуымыз керек. Екіншіден, кез келген келіспеушіліктер мен алауыздықтарды – нәсілдік, діни, этникалық тұрғыдан болдырмау және осыған байланысты түрлі саяси-идеологиялық арандатушылықтарға қарсы тұру қажет. Үшіншіден, ғылыми және рухани қажеттіліктерді жүзеге асыруға жағдай жасау керек. Бұл бірлескен ғылыми-рухани орталықтар немесе ғалымдардың, имамдардың, ұстаздар мен студенттердің тәжірибе алмасуы, әдебиет алмасуы, іргелі діни зерттеулерді аудару, мұсылман мұрасы бойынша ғылыми зерттеулерге қатысу, бірлескен оқу семинарлары, конференциялар, симпозиумдар өткізу. Сонымен қатар, мұсылман әлемінің көрнекті дін, ұлт қайраткерлері, ғалымдары мен жазушыларының мерейтойларын, діни, ұлттық және дәстүрлі мерекелерді бірлесіп өткізу қажет. Төртінші – зиярат туризмді дамыту бойынша бірлескен іс-шараларды жүзеге асыру. Мәселен, ҚМДБ қазірдің өзінде ішкі туризмді дамытуды қолға алып, осы мақсатта тарихи-мәдени және киелі жерлерге саяхат жасауды, зиярат мәдениетін қалыптастыруды көздейтін «Darhan Dala» жобасын іске қосты.
— Қазақстан мен Өзбекстанның дін саласындағы қарым-қатынасының даму болашағына қалай қарайсыз?
— Тамыры тереңде жатқан Ұлы Жібек жолының дамуында бауырлас түбі бір түркі елдері теңдессіз орын алады. Бағзы заманнан келе жатқан байланысты бекіте түсу үшін Ислам мәдениетінің орталығы саналатын Самарқанд, Бұхара, Ташкентке, сонымен қатар киелі Түркістан, Арыстан баб, Отырар мен Сығанаққа екіжақты зиярат турларын ұйымдастыруды бірігіп қолға алу керек. Тарихты үйрену қатар зиярат туризмін дамыту жағын қарастыруымыз қажет, бұл екі ел арасындағы мәдени-экономикалық бағытта өзара тиімді болатыны анық. Себебі, сан ғасырлар бойы ата-бабаларымыз шекарасыз, шектеусіз араласып келді. Түп тамыры тереңде жатқан тарихи қатынастарды қайта жаңғырту маңызды. Төле би бабамыз Ташкентте, Әйтеке би Нұратада жерленген. Міне бұл да – бір тарихи көрініс.
Осы тұғырдан екіжақты жобаларды қолға алып, зиярат турларын ұйымдастыруға оң көзқараста болуымыз керек-ақ. Себебі, туризм – көптеген елдердің экономикасы мен жаһандануына оң әсерін тигізетін маңызды әлеуметтік-саяси құбылыс. Бүгінгі таңда бұл сала әсем табиғатты көрсетумен ғана шектеліп қалмайды, керісінше, туризм халықтың тарихын, археологиялық қазбаларын, мәдениеті мен өркениетін таныстырудың тиімді жолдарының бірі болып табылады.
Осы орайда Өзбекстан мен Қазақстанның зиярат туризмінің беделді орталығына айналу мүмкіндігі зор. Сонымен қатар, өзара туристік ағынды арттыру мақсатында: Қазақстан мен Өзбекстанның зиярат орындарына (Арыстанбаб, Ахмет Яссауи, Зәңгі ата кесенелері және т.б.) құрама турлар ұйымдастыру керек. Бұдан тыс, екі ел имамдарының өзара тәжірибе алмасуын қолға алу, жат ағыммен бірге күресу сынды бірқатар ортақ жобаларды жүзеге асыру керек. Мұның бәрі Қазақстан мен Өзбекстан мұсылмандары діни басқармалары арасында қабылған өзара ықпалдастық меморандумында көрсетілген. Аталған құжат бауырлас елдердің достық қарым-қатынасын нығайтуды, діни салада тәжірибе алмасуды, қазіргі қоғамдағы сын-қатерлерге бірлесе жауап беруді, рухани-мәдени байланысты тереңдете түсуді көздейді. Бұл өзбек пен қазақ халықтарының ғасырлар бойы қалыптасқан достық, тату көршілік және өзара қолдау байланыстарын нығайтудағы тағы бір қадам.
— Халқымыз мейірім мен шапағат ретінде құрметтейтін осынау нұрлы берекелі күндерде Өзбекстан халқына қандай тілек айтар едіңіз?
— Бүгінде Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёевтің басшылығымен Жаңа Өзбекстан қарқынды дамып келеді. Өзбек пен қазақ халқының ниеті, достығы, келісімі мәңгілік болсын. Дініміз бір, мазхабымыз бір, басқа мазхаб өкілдеріне құрметпен қараймыз. Бізде бір діни жол бар және бізді біріктіретін көптеген ортақ құндылықтар бар. «Алыстағы ағайыннан жақын көрші артық» дегендей, өзбек халқы, біздің ең жақын көршіміз, бірімізге біріміз жақын бауырлас елміз. Алла Тағала достық қарым-қатынасымызды нығайтып, ынтымағымызды берсін! Еліміз тыныш, халқымыз аман, отбасымызда қуанышты күндер мол болсын!
Сұхбаттасқан
Нұрлан Усманов
Ташкент – Астана – Ташкент.
«Халқ сузи» газетінен алынды