Ұлттық статистика бюросы 2021 жылғы халық санағының қорытындылары бойынша «Қазақстан Республикасындағы білім беру» атты кезекті жинақты жарыққа шығарды. Жинақта еліміздегі түрлі деңгейдегі білімі бар халықтың саны және сауаттылық дәрежесі көрініс тапқан.
Жоғары білімділер қатары артты
Кез келген мемлекеттің даму деңгейін анықтау үшін әлемдік тәжірибеде Адами даму индексі қолданылады. Бұл индекс үш негізге сүйенеді. Біріншісі – халықтың денсаулығы мен өмір сүру ұзақтығы, екіншісі – білім деңгейі мен халыққа білім беру жүйесі, үшіншісі – адам басына шаққандағы ішкі жалпы өнімі. Еліміз өткен жылы 0,825 индексін көрсетіп, даму деңгейі өте жоғары мемлекеттердің қатарына енген еді.
Ұлттық статистика бюросы жариялаған құжатты парақтап отырып, 2009 жылдан бері елімізде жоғары білімі бар адамдар қатарының артқанын байқап отырмыз. 2009 жылғы санақ қорытындысы бойынша жоғары білімді 2 407 523 адам болыпты. Бұл сол кездегі жалпы халықтың шамамен 15 пайызын құрады. Ал 12 жылдан кейін, яғни 2021 жылғы санақ бойынша жоғары білімді жұртшылық қатары 3 731 201 адамға жетті. Бұл жалпы халықтың шамамен 19 пайызы. Яғни қазір халқымыздың бестен бірі жоғары білімге ие.
Одан бөлек, 2021 жылы елімізде жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар халықтың саны 120 896 адамды құраған. Ал 219 мың адамның аяқталмаған жоғары білімі бар. 1 млн-нан астам адам техникалық және кәсіптік білім алған болса, 3 млн-ға жуығы орта кәсіптік білім алыпты.
Өңірлер бойынша қарасақ, еліміздегі жоғары білімі бар адамдардың ең көбі Алматы облысы (404 мың адам), Алматы қаласы (390 мың) және Түркістан облысында (340 мың) тұрады екен.
Инфографиканы жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»
Сауаттылықтан алғашқы үштіктеміз
Сауаттылық – адамның бастапқы оқу мен жазу қабілеті. Біздің халқымыз қаншалықты сауатты? 2021 жылғы санақ қорытындысына көз жүгіртсек, республикамызда 10 жастан асқандардың 99,8 пайызы сауатты деп танылыпты. Яғни халықтың 15 259 520-сының қолынан оқу мен жазу-сызу келеді дегенді білдіреді.
Ғаламтордағы ашық дереккөздерге зер салсақ, бұл тұрғыда біз әлемде үшінші орындамыз. Алғашқы орында – Люксембург, Лихтенштейн, Норвегия, Гренландия және Испания секілді елдер тұр. Оларда халықтың 100 пайызы сауатты. Екінші орында – Латвия. Латыштардың 99,9 пайызы оқып, жаза алады екен. Үшінші орында бізбен қатар Әзербайжан, Беларусь, Литва, Украина, Польша, Эстония, Грузия, Тәжікстан секілді елдер бар. Ресей 99,7 пайызбен төртінші орында болса, қытайлардың 96 пайызы ғана сауатты.
Елімізде 6 жасқа дейінгі 1 121 592 бала мектепке дейінгі тәрбие және білім беру ұйымдарына, яғни балабақшаға барады. Ең көбі – Түркістан облысы мен Алматы қаласында. Бұл өңірлерде сәйкесінше 194 және 134 мыңдай балдырған уақытын пайдалы өткізіп жүр.
Қазақша оқитындар көбейді
Ұлттық статистика бюросы жариялаған «Қазақстан Республикасындағы білім беру» жинағында оқушылар мен студенттердің қанша пайызы қай тілде білім алатыны туралы мәлімет берілмеген. Дегенмен осыған дейін жарық көрген «Қазақстан Республикасындағы ұлттық құрам, діни наным және тілдерді меңгеруі» атты жинақ деректеріне қарасақ, елімізде 15 жасқа дейінгі 5 644 442 бала бар болса, соның ішінде 4 493 107-сі қазақ. Бұл – жалпы санның 79,6 пайызы. Орыстар 491 145 адамды құраған. Бұл жалпы халықтың бар болғаны 8,7 пайызы. Қалғаны – өзге ұлт өкілдері. Ал 2009 жылғы санақ нәтижесінде қазақтар жалпы ел халқының 63,1 пайызын құрағанда қазақ балалары 70,2 пайыз болған еді.
Биыл Ұлттық бірыңғай тестілеуді тапсырған талапкерлердің 75 пайызы қазақ тілін таңдағанын бұған дейін жазған болатынбыз. Оқу-ағарту министрлігі Орта білім комитетінің мәліметінше, биыл 172 мың бала мектеп бітірсе, оның 120 мыңнан астамы, немесе 70 пайызы қазақ мектебінің түлегі болды. Ал былтыр қазақ мектебін бітіргендердің үлесі – 68,8, 2020-2021 оқу жылында 74 пайыз болған еді.
Осыдан 10 жыл бұрын, яғни 2013 жылы қазақ мектебін бітіргендер қатары бар болғаны 49 пайызды құраса, 30 жыл бұрын, 1993 жылы балаларымыздың 37 пайызы ғана қазақша білім алған болатын.
Елімізде қазақша бөлімдерде оқитын студенттер саны да едәуір өскен. Қазіргі күні республикада 119 жоғары оқу орны жұмыс істейді. Онда 570 мыңнан аса студент біліп алып жатыр. Олардың 377 мыңнан астамы немесе төрттен үш бөлігі қазақ тілінде оқиды. Ал осыдан 20 жыл бұрын 597 мың студенттің 214 мыңы немесе 35 пайызы ғана қазақ тілінде білім алған еді.
Ескендір ЗҰЛҚАРНАЙ