Төтенше жағдайлар министрлігі берген дерекке сүйенсек, қазір елімізде 422 өрт сөндіру бөлімшесі бар, онда 19 719 өрт сөндіруші-құтқарушы жұмыс істейді. Олардың орташа жасы – 30 жас.
Жақында елордалық өрт сөндіруші Асқар Забикулин өз өмірін қатерге тігіп, өртеніп жатқан пәтерден үш адамды аман алып қалған болатын. Бірақ өзінің денесінің көп бөлігін күйік шалып, ауруханаға түсті. Дәрігерлер Асқар Забикулиннің өмірі үшін үш күн бойы күрессе де, өжет азамат аурухана төсегінде көз жұмды.
Күні кеше қазіргі заман батырының денесі жер қойнына тапсырылды. Марқұмның жаназасы Көкшетау қаласының орталық мешітінде оқылды. Туған-туыстары Асқарды өзінің туған жері Біржан сал ауданындағы Үлгі ауылында жерледі. Марқұммен қоштасуға көп адам келді. Сондай-ақ ел бойынша Төтенше жағдайлар министрлігінің аумақтық бөлімшелерінде бүгін Асқарды бір минуттық үнсіздікпен еске алды.
«Алла Тағала Қасиетті Құранның «Мәида» сүресінің 32-аятында: «…Кім оны тірілтсе (өлімнен құтқарса), барлық адамды тірілткенмен тең деп жаздық…» делінген. Яғни кім біреуді өлімнен құтқарып қалса, бүкіл адамзатты өлімнен құтқарып қалғандай болады.
Шәһид (шейіт) деп Алла жолында қаза тапқан және дінін, абыройын, отанын дұшпаннан қорғап қайтыс болған мұсылман адамға айтылады.
ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімінің айтуынша, шейіт жалпы екі түрге бөлінеді екен.
«Біріншісі, кәмiл шейіт. Алла жолында соғыста, бүлікшінің және қарақшының қолынан қаза тапқан адам бұл дүниеде де, ақыретте де шейіт саналады.
Екіншісі, ақыретте шейіт қатарына қосылатын мұсылман. Ол ақыретте шейіттік дәрежеге және оның сауабына ие болады. Ақыреттік шейітке іші өтіп, оба ауруымен, суға батып немесе өртеніп өлгендер және т.б. жатады.
Бұлардың кәміл шейіттен айырмашылығы – оларды жуып, кебіндеп, жаназасы шығарылады. Ал кәміл шейітке ғұсыл рәсiмi жасалмайды, тек үстiндегi қаннан өзге нәжiстен тазартылады. Өз киiмi және үстiндегi қанымен жаназа намазы оқылып, жерленеді», дейді Діни басқарма.
Шынымен бейбіт күндегі тілсіз жаудан қапыда шейіт болған азаматтың қазасы ел-жұрттың қабырғасын қайыстырды. Мемлекет басшысы да өрт кезінде ерлік көрсеткен және бірнеше адамның өмірін құтқарған елордалық өрт сөндірушінің есімі елдің есінде мәңгілікке сақталып қалуы үшін елордалық көшелердің біріне аты берілетінін айтты.
Әр дабылда өліммен бетпе-бет келетін өрт сөндірушілердің есімі ел есінде қалуы керек. Себебі бұл мамандық иелерінің жұрт алдында «жарқырайтын» сәттері жаңалықтың ғұмырымен бірге бітеді. Үш, төрт күн, көп дегенде бір апта… Күн сайын басын қатерге тігетін қаһармандар одан ары қайтадан елеусіз қалып жатады.
Балжан ӘБДІРАШ