Қаһарманмараш қаласы тұрғынының үйінді астында қалған қызының қолын ұстап отырған суреті интернетті шарлап кетті. Оны көп адам Түркия трагедиясының және әке махаббатының символы ретінде қабылдады.
Осы суретті түсірген фотограф Адем Алтан өз кейіпкерінің зілзалаға дейінгі және одан кейінгі өмірімен танысып, жария етті.
Жер сілкінісі кезінде қаза тапқан 15 жасар қыздың әкесі Месут Ханчер Қаһарманмараштағы наубайханада жұмыс істеген. 6 ақпанда таңғы сағат 4.17-де зілзала басталғанда ол жұмысында еді.
Ол бірден үйіне хабарласып, әйелі мен үш қызының жағдайын білді. Олар бір қабатты үйде тұратын. Баспанасы жер сілкінісінен зардап шеккенімен құламағанын, отбасы аман-есен екенін білген Ханчер енді кіші қызының тағдырын білу үшін өз ата-анасына хабарласты. Бірақ олар жауап бермеді.
Кіші қызы бір күн бұрын үйіне келмей, 8 қабатты үйде тұратын ата-әжесінде қалып қойған еді. Месут Ханчер сол жерге барса, көпқабатты үй жермен-жексен болғанын көрді. Адамдар қатты жауған жаңбырға қарамай үйіндіні аршып жатты.
Бірақ бәрі кеш еді. Месут мыңдаған тонна бетонның астынан шығып тұрған қызының қолын ғана көріп, басқа шарасы қалмай, отыра қалды. Осы уақытта апат салдарын таспаға басып жүрген фотограф Адем Алтан бұл көріністі қалт жібермей, суретке түсіріп алды.
“Мен қызымның қолын ұстап отырып, оны жібере алмадым. Қызым кереуеттің үстінде періште секілді ұйықтап жатты. Осы зілзалада анамды, ағаларым мен туысқандарымды жоғалттым. Бірақ өз балаңнан айырылу мүлдем басқа екен. Бұл қайғыны ұмыту мүмкін емес”, – деді ол кейін.
Осы сурет интернетте тарағаннан кейін оған көмектесем деген адамдар да көптеп табылды. Анкарада тұратын бір кәсіпкер оған үлкен телеарналардың бірінен қызмет ұсынып, түрік астанасынан пәтер сатып алып берді.
Қазір Месут Ханчер өз отбасымен жаңа баспанада тұрып жатыр. Бір бөлмесінің қабырғасында түрік суретшісі сыйға тартқан картина ілулі тұр. Онда Месут пен оның қанатты қызы бейнеленген.