Мазхаб – араб тілінен аударғандағы тілдік мағынасында «жол», «мақсат етілген орын» мағыналарына саяды, ал шариғи мағынасында «Құран мен хадиске негізделген, ислам құқығын жүйелеуде өзіндік әдіснамасы бар діни мектеп» деп айтсақ болады. Ислам тарихы беттерінен атақты төрт мазхабтың бар екенін білеміз. Исламдағы құқық мәселесін кішкене ғана оқыған кісі төрт мазхаб көшбасшылары, имамдарды әр қайсысының діндарлығы, парасаттылығы мен байсалдылықтарынан бөлек фиқһ, яғни, құқық білімінде терең білімді болғандығын біле алады. Әрине, білімі мен ғалымымен мақтана алатын ислам тарихында төрт мазхаб имамдарынан бөлек көптеген шоқтығы биік ғалымдар өткенімен, ол ғалымдардан тек жекелей пәтулар қалған, ал біздің тақырыбымызға арқау болған мазхаб имамдарынан ислам құқығының көптеген өзекті мәселелеріне жауап беретін қағидалар мен тұшымды жауаптар қалған.
Мазхаб имамдарының тақуалықтары мен терең білімдері жайында көптеген еңбектер жазылған, оларды ешқандай жат ағым өкілдерінің көшбасшылары да ерушілері де жамандамайды. Дей тұрғанмен психология тілімен айтқанда, «сіздікі дұрыс, дей тұрғанмен..» деп басталатын уәждер айтылады. Мысалы: «тек Құран мен хадиспен жүруіміз керек, өйткені қателесуден тек пайғамбар ғана сақталынған», «мазхаб имамдары да пенде, сен де пендесің» т.б. осы іспетті мазхаб имамдарына нәтижесінде негативті көзқарас қалыптастыратын пікірлер бар. Иә, бір мазхабқа ерушілер бұл сындарды біледі, олардың ешқайсысы өз имамдарын пайғамбар санамайды,тек пайғамбар сөзін өзінен жетік білетін ғалым санайды.
Жоғарыдағы мазхаб имамдарына бағытталған кейбір уәждерге қатысты мына бір мысалды келтірсек болады. Бірде араб елдерінің бірінде шафиғи мазхабын ұстанатын қарт әжей бір мәселенің шариғаттағы оң шешімін білгісі келіп, жергілікті сотқа, қазыға жолығады. Өз кезегінде мазхаб ұстанбайтын қазы қарт әжейді сынап, «сізге Алланың сөзімен үкім шығарайын ба, әлде имам Шафиғидің сөзімен үкім шығарайын ба?»-деп сұрайды. Сонда әлгі қарт: «маған имам Шафиғидің сөзімен шешім айтыңыз»-дейді, бұған таңырқаған қазы себебін сұрағанда әлгі қарт: «Өйткені мен сенің Құран аяттарына деген түсінгіңе қарағанда имам Шафиғидың түсінігіне көбірек сенем»- дейді. Қарапайым ғана діни білімі орташа қарттың сөзінен аңғарғанымыздай, бір мазхабқа ерушілер тура осы мысалдағыдай өз имамының Құран мен хадисті терең білудегі біліміне, түсінігіне өзінің аз ғана біліміне қарағанда көбірек сенеді.
Иә ғалым ол да пенде, ол да қателеседі, бірақ пайғамбар жанында болған кейбір ізбасарларын көзімен көріп, пайғамбар ізбасарларының ізбасарларымен бір уақытта өмір сүріп, дәріс алып, көптеген шоқтығы биік ғалымдардан тікелей сабақ алған терең білімді фақиһ ғалым мен намаз бастағанына санаулы уақыт болған, араб тіліндегі білімі, шариғаттағы білімі таяз кісінің арасындағы айырмашылық үлкен. Қарапайым тілмен айтқанда ғалым мың мәселенің бес немесе онында қателессе қарапайым дінді ұстанушы, тіпті орта немесе қоғам көзқарасында жоғары білімі бар кісінің өзі мың мәселенің елуінде тіпті одан көп бөлігінде қате жібереді. Ғалымның қателесу коэфицентінің төмен болуының өзі шынайы сүннетті табу үшін, сүннетті теория жүзінде емес практика жүзінде ұстау үшін ғалымға бойұсыну керектігін көрсетеді.
Мазхаб бір адамның ғана көзқарасына жүгіну емес, бәлки ол негізін салған, қалыптастырған, артында муджтахид деңгейіне жеткен бірнеше шәкірттері бар мектепке еру.
Жалпы фиқһ ғылымында бір мазхабты ұстауды құптамайтын кісілердің өздері де діни ғылымдарда бір адамның көзқарасына бағынады. Мысалы қасиетті Құран кәрімді ислам үмметінің 95% – ке жуығы Асымның (127 ж. һижри қ.б.) қирағаты бойынша оқиды, имам Асым алғашқы үш ғасырда өмір сүрген атақты Куфалық Құран ғалымы болса да бұл атақ имамды фиқһ ғалымдарына айтылатын уәж секілді адами фактордан шығармайды. Олай болса имам Асым да Құранға қылған үлкен еңбегі барысында қателікке бой алдыруы мүмкін, алайда ислам үмметі оның жасаған еңбегін мүлтіксіз қабылдауда. Сол секілді хадис ғалымдары атақты Бухари (256 ж. һижри қ.б.) мен Муслимнің (261 ж. һижри қ.б.) өздерінің сахих хадис жинақтарында келген хадистерді ислам үмметі кейбір сын айтылған 70-80 хадисті айтпағанда 98% пайғамбар аузынан өздері естігендей күмәнсіз қабылдайды. Алайда кез-келген діни білімі бар адам біледі, расында «сахих» деген хадиске айтылатын термин. Алла немесе елшісінен келген хабар емес, бәлки хадис ғалымының пайғамбардан естіген кісімен өзі естіген хадис риуаятшыларының арасындағы барша жандарға, олардың діндарлықтарына, жаттау немесе жазу қабілеттеріне т.б. терең зерттеулер жүргізіп, көп еңбектен кейінгі беретін атауы. Мысалы имам Бухари өз құлағымен тікелей 1050 немесе кейбір риуаяттарда 1070 шейхтан хадис жеткізген, ал ол 1070 адам басқа өздері секілді бірнеше жүздеген,мыңдаған хадисшілерден риуаяттар жеткізген. «Сахих» анықтамасында қысқаша тоқталғанымыздай, мухаддис міне осы кісілерге қандай сипаттама берсе, хадиске айтылатын «сахих» немесе «дағиф» секілді терминдер де соған қарап анықталады. Сол себепті имам Бухари мен пайғамбар арасын жалғап тұрған хадис мамандарын біз имам Бухаридің көзқарасы бойынша танимыз, яғни, Бухари жеткізген хадистерді қабылдауымызда оның мазхабын ұстаймыз.
Жоғарыда қысқа берілген екі діни дәлелдерден байқағанымыздай, бір діни мектептің көзқарасын Құран мен хадисті түсінуде басшылыққа алуды қолдамайтын мұсылман жамағаттарының өздері де Құран оқу мен хадис қабылдауда өздері қаласа да, қаламаса да Асым мен Бухари, Муслимдер қалыптастарып кеткен діни көзқарастар мен мектептерге бағынады.
Исламның орта ғасырлық тарихына көз жүгіртсек, қазіргі жат ағым өкілдері айтқандай «біз төрт мазхабқа анализ жасап, сүннетке жақынын аламыз» деген сөзбен көпшілік ислам ғалымдарының түгелдей келіспегенін байқаймыз. Оған негіз ислам ғалымдарының артында қалған еңбектеріндегі нақты көрсеткен позициялары. Мысалы имам ибн Хажар (852 ж. һижри қ.б.), баласы да әкесі де ғалым болған әс-Субукилер (756 және 771 ж. һижри қ.б.), Ғазали (505 ж. һижри қ.б.), имам ән-Науауи (676 ж. һижри қ.б.) өзінің өмірде шафиғи мазхабын ұстанғандығын, ибн Жаузи (597 ж. һижри қ.б.) ханбали мазхабын ұстанғандығын, әс-Сарахси (490 ж. һижри қ.б.), ибн Абидин (1252 ж. һижри қ.б.) ханафи мазхабын ұстанғандығын т.б. көптеген ислам ғалымдары діни білімде үлкен белестерді бағындырса да бір мазхабты өз діни құлшылықтары мен пәтуа берулерінде басшылыққа алғандықтарын нақты айтқан. Өйткені олар өз мазхабтарының асылында, өз негізіне сүйенілгенде дұрыстығына сенген.
Ислам ғалымдары кім қай мазхабпен намаз оқыса да оны теріске шығарудан аулақ, оны дұрыс, сүннетке сай санайды. Дей тұрғанмен ғалымдарымыз бір қоғамда діни түсінік таяз болуы себепті намаз оқушылар арасында намаз оқудағы әртүрлілікке байланысты келіспеушіліктер туып, бір-бірін осы себепті жек көріп, амандаспай, агрессиялық әрекеттер туып жатса, қалған мазхабтарды дұрыс санаса да, сол қоғамда қалыптасқан мазхабқа бағынуға барша мұсылмандарды шақырады. Өйткені, ауызбіршілік бізге намаз секілді парыз амал.
Діни білімі терең Абай, Машһур Жүсіп т.б. сол секілді зиялы қауым өкілдерінің еңбектерінен білетініміздей ата-бабамыз ислам дінін ханафи мазхабының еңбектерінен танып, сусындап, өмірлерінде практика жүзінде ұстап, басқаларға ауызбіршілік үшін осы бағытты үйретіп өткен.
«Түбіміз түрік, ханафи мазхабын ұстанатын сүннет жолындағы мұсылмандармыз» деп елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев айтқандай, біздер ата-бабамыздың ұстанған негізгі діни бағытынан басқа жаққа бұрылмайық, бұл- елдің ауызбіршілігінің кепілі, ал ауызбіршілік бар жерде алынбайтын қамал жоқ. Намаз ішіндегі қимылдар мен ел арасындағы пәтуаларда іс пен жүрек біріксе, ислам дінін ұстанушылар арасында қашан да бір-біріне деген сүйіспеншілік пайда болып, өзара көмектесу мен ынтымақтастықта болып, елді былай қойғанда әлемдік проблемаға айналған экстремизм мен терроризмнің иісі де бізде болмайды. Алла тәуелсіздігімізді баянды етіп, тыныштығымыз бен тұрақтығымыздан айырмасын!
Қуаныш ӘБІШЕВ,
Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасының
жанындағы Кеңес беру және оңалту
орталығының теологы