Биыл он жылдан астам ұмыт қалған 25 қазан Республика күні жаңадан тойлана бастады. Бұл күннің тарихи маңызына үңілсек, 1990 жылы 25 қазанда Қазақстанның егемендігі туралы декларациясы қабылданған еді. Осы құндылықтың мәнін түсіндіру үшін Нұр-Мүбарак университетінде «Білімді жастар – Тәуелсіз елдің тірегі» атты дөңгелек үстел ұйымдастырылды.
Университет проректоры, PhD доктор Қайрат Құрманбаев: «Бұл ашық форматта пікір-талас болады деген сенімдемін. Ислам діні бірінші білімге шақырады. Соған қарамастан, әлемдегі 50-ге тарта мұсылман елдерінде білімнен артта қалу басым. Ал ислам білім мен ғылымға ерекше мән береді, біздің жастардан да талап ететініміз білім мен ғылымға құлшыныс»,- деп, жастарға сенім білдірді.
Дөңгелек үстелдің ұйытқысы НМУ Ғылым және инновация департаментінің директоры PhD доктор Ықтияр Палтөре халқымыздың Тәуелсіздіктің жолында қандай қиындықтар жүріп өткеніне тоқталды. Бұл басқосудың мақсаты жастарға жол сілтеп, шабыт беру екенін атап өтті. Көргені мен түйгені мол ғалым, профессор Шәмшаддин Керім «Тәуелсіздік – ең басты құндылығымыз» екенін жан-жақты сараптап, жастарға кеңстік кезеңдегі қиындықтар мен 1986 жылғы оқиғаларды сабақтастырып жеткізді.
Сондай-ақ Дінтану кафедрасының аға оқытушылары, ғалым-профессорлар Қайрат Затов, Алау Әділбаев, Асылбек Ізбайыров, Мұхан Исахан, Имаммәди Түсіпхан мемлекеттікшілдік пен діни ұстанымдар, тарих сабақтастығы мен рухани негіздері, ел болашағындағы дінаралық және ұлтаралық толеранттылықтың маңызы, 1990 жылы 25 қазанда қабылданған Тәуелсіздік декларацияның саяси астары, жастардың мемлекетшілдік дүниетанымын қалыптастырудағы ұлт зиялылыраның орны жайлы терең сөз қозғады. Жастар тарапынан да магистрантар қазіргі жастардың білім алудағы мүмкіндіктері мен кедергілері, Тәуелсіздігіміздің бүгіні мен ертеңі жайлы ойларын ортаға салды. Бұл шағын болса да тағылымы мол шарадан жастар өздеріне мол тағылым алғандарын ортаға салды.
“Нұр-Мүбарак” университетінің баспасөз қызметі