Сұрақ: Бес уақыт намаз бен таһажжуд намазының уақыттары қандай?
Жауап: Исламның бес парыздарының бірі – намаз. Намаздың парыз, уәжіп, нәпіл түрлері бар. Бес уақыт парыз намаздары өз уақыттарында өтелуі тиіс.
Намаздардың уақыттары:
Таң (бамдат) намазы көкжиек ағара бастаған уақыттан, күн шыққанға дейінгі уақыт.
Бесін намазы уақыты күн тас төбеден ауған кезден бастап, Екінті намазының уақытына, яғни әрбір заттың көлеңкесі өз бойынан бір-екi есе ұзарғанға дейiнгі уақыт.
Екінті (асыр) намазы бесін намазының уақыты біткеннен күн батқанға дейінгі уақыт. Екінті намазын күн сарғайып, батуға бет алған кезге дейін себепсіз кешіктіруге болмайды.
Ақшам (шам) намазы күн батқан кезден басталып, көкжиектің қарайғаны, яғни қараңғы батқанға дейінгі уақыт.
Құптан намазы ақшам намазы уақытының шығуынан басталып, көкжиектің ағаруына дейін жалғасады. Бұл – ең ұзақ намаз уақыты.
Үтір уәжіп намазы Құптан намазынан кейін басталып, екінші таңның атуына аз уақыт қалғанға дейінгі уақыт. Үтір намазын Құптан намазынан соң оқыса да, немесе кешіктіріп, Бамдат намазына дейін оқыса да болады.
Таһажуд намазының уақыты құптан намазынан кейін таң атқанға дейін жалғасады. Таһажуд намазын таң намазы кірмей бір немесе үш сағат аралығында оқығаны абзал.
Ескерту: Намаз уақыты күн сайын Күннің көкжиектегі орнының өзгеруіне байланысты өзгеріп отырады. ҚМДБ бекіткен намаз оқу кестесіне жүгінуіміз абзал.
Икрам АЙТАЕВ