Қарағанды облысындағы бес бірдей кәсіпорын «QMDB Halal» сертификатына ие болды.
Олар: «MEDIEVA SUSHI & PIZZA» фаст-фуд өнімдері, «Halva» дәмханасы мен «Firdaus» мейрамханасы, сондай-ақ «Тай» шұжық өнімдері мен «HANI BRUNCH» кондитерлік өнімдері. Кәсіпорын иелеріне халал сертификатын «Халал Дамудың» технолог-маманы Айзат Сатаева мен Қарағанды облысындағы бақылаушы-инспектор Ысқақ Абдрахманов табыстады.
«Дастарханымызда ұсынған тағамымыз бен ішкен асымыздың адал болуы – халал кәсіпорындар қызметіне тікелей байланысты. Бүгінгі күні өңір бойынша сертификатталған 50-ге жуық кәсіпорын бар. Олардың өндірісі, дайын өнімдерінің таза әрі адал болуы, шариғат шарттары мен бекітілген стандарт талаптарына сай қызмет етуі тұрақты түрде қадағаланып тұрады. Осындай тыңғылықты жұмыс пен тынымсыз еңбектің нәтижесінде өңірде халал өнімге деген сұраныс артып, сертификаттаудан өтуге ұсыныс білдірген кәсіпорындар саны да артуда» дейді жергілікті өкіл Ысқақ Абдрахманов.
Кәсіби тексеріс пен жіті қадағалаудан өткен «MEDIEVA SUSHI & PIZZA» фаст-фуд өнімдері, «Halva» дәмханасы мен «Firdaus» мейрамханасы, «Тай» шұжық өнімдері мен «HANI BRUNCH» кондитерлік өнімдері «Халал Даму» мамандары тарапынан толықтай тексеріліп, зертханалық сынақтан өткізілді. Аталған кәсіпорындар «Тамақтандыру қызметтері», «Халал өнімдерді өндіруге, өңдеуге, дайындауға, сақтауға, тасымалдауға және сатуға қойылатын жалпы талаптар» стандартына сай деп танылды.