Әбу Жағфар Мұхаммед бин Әли Бақир былай дейді:
Әкем маған: «Балам! Бес кісімен ешуақытта жолдас болма, олармен әңгімелеспе және жолда серік болма! – деді.
– Құрбаның болайын әке, ол бесеуі кім?,-деп едім, әкем:
– Пасықпен жолдас болма, ол бір асқа бола немесе одан да төменіне сені сатып жібереді,-деді.
– Әке! Одан да төмені не?
– Дәметіп, қолы жетпеген нәрсе.
– Әке! Екінші адам кім?
– Сараңмен жолдас болма. Өйткені, ол саған ең керек кезде мал-дүниесін бермейді.
– Әке! Үшіншісі кім?
– Өтірікшіні жолдас етпе, ол сағым сияқты жақынды сенен алыстатып, алысты саған жақын етіп көрсетеді.
– Әке, төртіншісі кім?
– Ақымақпен жолдас болма. Өйткені, ол саған пайда беремін деп зиян тигізеді.
– Әке, бесіншісі кім?- дегенімде:
– Туысқанымен ара-қатынасын үзгенмен жолдас болма, өйткені ондай адамның Құранда үш орында лағынеттелгенін көрдім»,-деп әкем өсиет еткен еді.
P.S. Дос – араб тілінде «садық», яғни, шыншыл деген сөзден туындайды. Демек, дос – әр жағдайда сізбен шыншыл, қарым-қатынастағы бауырыңыз.
Руслан ҚАМБАР