Бір жылдығын ойлаған халық бидай егеді. Жүз жылдығын ойлаған халық ағаш егеді. Мың жылдығын ойлаған халық саналы ұрпақ тәрбиелейді.
Міне, саналы ұрпақтың тәрбиесін ойлаудың тамыры тереңде жатыр. Ата дәстүрі бойынша: «Әке тұрып ұл сөйлегеннен без, шеше тұрып қыз сөйлегеннен без» деген тұжырымға тоқтаған халықпыз.
«Ұят болады, обал болады» деп, ұлы мен қызының санасына ізігіліктің дәнін еккен елміз. Отбасы – шағын мемлекет. Оны басқарушы, жақсы мәміледе өмір сүруші, бір-бірін толықтырып тұрушы тұлғалар бар. Олар – ата-ана. Отбасы – әр адамның алғашқы тәрбие мектебі. Жақсы ата-ананың мейірімі мен махаббат бұлағынан ізетті ұрпақ сусындары анық.
Қазақ халқында: «Әке – асқар тау, ана – мөлдір бұлақ, бала – жағасындағы құрақ» деген тәрбиеге қатысты айтылған мәнді мәтел бар. Бұл отбасы тәрбиесінде ата-ананың өзіндік орны бар екенін білдіреді. Отан – отбасынан басталады. Ұлтын, жерін, елін сүйетін ұрпақ көп болса, бұл келелі тәрбиенің жемісі болмақ. Құран Кәрімде «Зәрият» сүресінің 49-аятында: «Үгіт ғибрат алуларың үшін әр нәрсені жұп-жұбымен жараттық» деп баяндалады. Сол себепті барлық жаратылыс жұп ерекшелігі тұрғысынан бір-біріне мұқтаж.
Алла Тағала Өзінің ұлылығымен әйелге нәзіктікпен бірге қайраттылық, төзім, мейірім қасиеттерін сыйлаған. Ер адамға отбасы жауапкершілігі, бала-шағасының нәпақасын табу міндеті жүктелген. Пайғамбар хадисінде: «Ер кісі отбасының бақташысы. Сондықтан ол қол астындағыларға жауапты» деп ашық баяндалған. Осы міндеттер кіршіксіз атқарылса, барлық жағынан рухани тірегі мықты отбасында рухы мықты балалар тәрбиеленіп шығады.
Алла елшісі (с.ғ.с.): «Сендердің қайырлыларың жанұяларыңа қайырлы болғандарың. Мен өз жанұяма ең жақсы қараушымын», – деген. Алла елшісінің жолымен жүру, сүннетке сай діңгегі мықты отбасын құру адам өміріне қуаныш сыйлайды, жаны тыныштық табады.
Дінімізде үйленіп, шаңырақ көтерудегі мақсат – ұрпақ өрбіту. Баланы дүниеге әкелу бар да, оны тәрбиелеу бар. Екеуі екі бөлек нәрсе. Барлық ата-ана материалдық тұрғыдан баланың қажеттілігін өтей алуы мүмкін. Ал оның рухани бай болуы үшін қаншама күш керек. Сүйікті Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с): «Ешқандай ата-ана, баласына жақсы тәрбиеден артық ешнәрсе бере алмайды» деп бұйырып, тәрбиенің маңыздылығын түсіндірген. Көп жағдайда біз осы рухани жетілу мен қолдауды ұмытып кетеміз. Кейін баланың жан-дүниесі жарымжан болса, кінәні сырттан іздейміз. Негізінде мәселе отбасы, ошақ қасында. Ата-ана – баласы үшін мұнтаздай айна. Айнаның беті қалай кіршіксіз, таза болады? Бетін жылтыратып сүрткен кезде ғана… Демек әрбір ата-ата айнадай әдемілікті қаласа, тәрбиеде мұқият болу керек. Айнаны абайламаса, сәл мүлт кетсең, шытырлап сынып кетеді. Сол секілді ата-анасы қателік жіберсе, баласының жан-дүниесін жаралап, болмысын жоғалтып алары сөзсіз. Бұл бала үшін ауыр соққы болмақ.
Отбасы – қоғамның өзегі, дәнегі. Іргесі мықты отбасылар қоғам өмірін көркейтеді, ал бір-біріне тең болмаған отбасылар қоғамды күйретеді. Осыдан соң сәтсіз неке, әкесіз бала қоғамның айықпас жарасы болары сөзсіз.
Хазіреті Мәуләна: «Ерлі-зайыптылар бір-біріне ұқсауы тиіс. Аяқ киімнің жұбына бір қарашы! Оның біреуі аяғыңа тар келсе, екеуі де жарамсыз болып қалады. (Қиналып, киюге тырыссаң, сені ақсақ қылады)»,-деген.
Бұл ерлі-зайыптылардың ой-санасының теңдігі, көңілінің жарасым табуы тұрғысынан пайдалырақ.
Абдулла бин Масғудтың риуаяты бойынша Ислам руханиятынан сусындаған ізгі әйелдің сипаты былайша баяндалады: «Сахабалар үйлеріне қайтқанда әйелі дереу оған мына екі сұрақ қоятын: «Бүгін Құраннан қанша аят түсті? Алла Расулының хадистерінен қанша жаттадың? Жаттағандарыңды маған да үйретуіңді сұраймын». Сахаба үйінен шығатын уақытта әйелі оған: «Алладан қорық! Харам табыстан аулақ бол! Өйткені біз дүниеде аштыққа шыдаймыз, бірақ қиямет күні жәһаннам азабына шыдай алмаймыз»,-деп айтатын болған.
Тату отбасының негізін өмір жүгін қатар көтерісетін, бір-біріне қолдау көрсетіп, түсінісетін ерлі-зайыптылар құрайды. Қиындық келсе шаңырағын шайқалтпай, сабырмен керегесін кең ұстайды.
Қазіргі қоғамдық мәселелерге қарайтын болсақ: отбасы кикілжіңі, қаражат тапшылығы, жұмыссыздық, ең ақырында ажырасушылық басым. Жыл тұрмай-ақ жарынан жеріп, көңілі суып жатқандар бар. Отбасында әйел ақылға, ері сабырға келсе, алынбайтын асу, шешілмейтін мәселе жоқ.
Бір әйел күйеуіне шағым жасау үшін бір данышпанға барыпты.
– Күйеуім болмашы нәрсеге мені ұрып-соға береді, – депті.
– Шынында да, солай ма?
– Иә, солай.
– Онда оның емі менде бар. Мен саған шипалы тас берем. Күйеуің сені ұру үшін жақындап келгенде, сол тасты тіліңнің астына сал да қатты қысып тұр. Сонда күйеуің сені ұрмайды,- депті.
Сөйтіп, үйіне барса, күйеуі тағы да ашулы. Соны байқаған әйел дереу данышпан берген шипа тасты тілінің астына салып жібереді. Сөйтеді де оны тілімен басып тұрады.
Күйеуі жүгіріп келіп: «Сен қайда жүрсің?» – деп тиісуге қара іздей бастайды. Әйел әдеттегідей жауап қайтарайын десе, ауызында тасы бар. Үндемей, қимылдамай тұра беріпті. Үнсіз тұрған әйелді ұруға қолы бармаған күйеуі терең бір дем алыпты да, сыртқа шығып кетіпті. Бұл ғибрат көпке үлгі.
– Бақыт қайда барасың?
– Балбұл жанған көрікті,
Ұл мен қызы серікті,
Берекелі үйге барамын.
Берекесі тасыған, тату отбасы көп болсын. Отбасы күні құтты болсын. Әр шаңырақта иманды, ибалы ұрпақтың өсуін тілеймін.
Тұрар ТҮГЕЛҰЛЫ,
дінтанушы
Көпбалалы эания мын