Күндердің күнінде бір мұсылман ұзақ сапарға шығады. Ол азық-түлігін алып, шөл даланы кешіп кете барады. Жолда адам кейіпінде шайтан оған кезігіп, жолсерік болуды өтінеді. Екеуі кешкі салқынмен таңға дейін жол жүреді. Бірақ, әлгі жігіт әдеттегідей мүлде намаз оқымайды, құлшылық жасамайды. Шайтан бұған таң қалады.
Ертесіне күн шығып ауа-райы ыстық бола бастағанда көлеңкені саялайды. Бесін намаз уақыты кірсе де, жігіт дәрет алуға асықпайды. Осылайша бірнеше күн өтеді. Содан бір күні шайтан азғырудың себебін таппағасын тұра қашады. Мұны көрген жігіт оған:
– Сен қайда кеттің? Неге қашып бара жатырсың? – дейді. Сонда шайтан:
– Мен онсыз да Алланың ашуына бір рет іліккенмін. Сол үшін жәннәттан қуылған едім. Ал, сен мүлде құлшылық жасамай Алланың әміріне қарсы келіп отырсың. Мен енді сенімен жолсерік болып басыма бәле тілегім келмейді, – деген екен.
Түйін: «Құдайдан қорықпағаннан қорық» дейді халық даналығы. Тегінде, тақуалық – адам баласының ең көркем сипаты. Өйткені Құдайдан қорқу сипаты пендені талай жаманшылықтан сақтайды. Сондай-ақ, барша пайғамбарлар алдымен Құдайдан қорқуға шақырған.
Жалғас АСХАТҰЛЫ,
дінтанушы