Қазіргі қоғам жаңа кезеңге бет бұрып жатқанда салалық журналистиканың алатын орны бөлек. Себебі сапалы контент қоғамның сұранысына айналып отыр. Әмбебап тілшіден қарағанда бір саланы жетік меңгерген маманның артықшылығы жөнінде журналист Баубек Сағындық айтып берді.
– Қазіргі қоғамға салалық журналистика қаншалықты қажет деп ойлайсыз?
– Соңғы оқиғаларға және жалпы үрдіске байланысты медиа ортада қазақ тілді аудиторияның саны артып келе жатыр. Сондықтан аудиторияға сай ақпаратта көбеюі қажет. Қазір таза қазақша ақпарат іздейтін тұтас буын өсіп келеді. Сондықтан соған сай салалық журналистика немесе әртүрлі салаға сай ақпарат ұсына алатын медиа міндетті түрде қажет.
Сондай-ақ ақпарат көзі тек сан тұрғысынан емес, сапа тұрғысынан дамуы және өсуі керек. Ал сапалы контенттердің көбеюіне сала бойынша оқыған журналистердің үлесі көп болады. Мысалы, экономиканың терминдерін біле бермейтін журналистке қарағанда сол саланы шемішкедей шағатын маманның артықшылығы көбірек болатыны айтпаса да анық.
– Ал оның қандай артықшылықтарын айтып бере алар едіңіз?
– Салалық медианың ең ұтымды жері – бір тақырыпқа қызығатын ортаны (community) қалыптастыру. Сондай-ақ медианы қаржыландыру жағынан да бұл тиімді деп ойлаймын. Яғни әркім өзіне қажет, қызық болған ақапарттың шығып тұруына немесе медианың дамуына қаржылай көмек көрсетуге, контентті сатып алуға ыңғайлы болатын еді. Салалық медианың ең артықшылығы осы тұрғыдан деп ойлаймын.
Салалық журналистиканың ең үлкен артықшылығы – нақтылық. Мысалы, бүгінгі күннің журналисі жалпы қоғамда қандай мәселе қызу талқыға түсіп жатса, қай тақырып халықтың назарын өзіне бұрса, сол жөнінде бірден жазып кетеді. Тілші қазір қоғамның қызығушылығын сай тақырыпты маңызды болып тұрған сәтінде ұсынып үлгеруі тиіс. Одан кейін жазылған материал қажеттілігін жоғалтады. Яғни тақырыпты ашу үшін бір-екі күн, кейде бір жұма ғана уақыты болуы мүмкін. Әрине, егер журналист шын кіріссе, кез келген тақырыпты ашып жаза алады.
Десек те, сол саланың жілігін шағып, майын ішкен сала журналистері секілді терең бойлай алмайтыны даусыз.
– Енді мамандық таңдайын деп жүрген жастар неден қателеспеулері керек?
– Мамандық таңдайын деп жүргендерге айтарым: қазір бұрынғыдай «міндетті түрде оқу керек» деген түсінік ескіргенін айтқым келеді. Ең бастысы өзіңізге ұнайтын және аймағыңызда бар, сұранысқа ие мамандық таңдау қажет дер едім.
Егер мүмкіндігіңіз болса, мектеп бітіргеннен кейін тіпті 1 жыл демалыс алуды (gap year) ұсынар едім. Қоғамды, ортаны бақылап, тағы да бір жыл қосымша ҰБТ-ға дайындалып, тіл оқып дегендей…
– Сонда бір жылдың ішінде оқуға деген қызығушылығы жоғалып кетуі не болмаса қатарластарынан артта қалып қалуы деген жағдаяттар өміріне әсер етпей ме?
– Керісінше бағамдауға, қажет саланы таңдауға көбірек мүмкіндік болады деп ойлаймын. Себебі қазір ата-ананың ұсынысымен, қоғамның айтуымен оқуға түсіп, кейін өзі ұнатқан мамандықты қайта оқып жатқан студенттер көп. Бұл қырынан қарағанда бір жыл емес, одан да көп уақытты жоғалтып алу ықтималдығы бар. Бүгін таңдаған мамандық – ертеңгі күннің жемісі.
– Әңгімеңізге рахмет!
Балжан ӘБДІРАШ