Қазіргі таңда әлем бойынша еркін ойдың аймағына айналған әлеуметтік желілер озық даму үстінде. Жыл сайын ақпаратты интернет арқылы алушылар саны көбейіп келеді. Қазіргі қазақ журналистикасындағы тенденция қандай? Жаңа медианың бүгінгі жағдайы, YouTube-тегі қазақ контенті жайында белгілі журналист, медиасарапшы Баубек Сағындық «Kаzislam.kz» порталының тілшісіне айтып берді.
– Баубек мырза, қазіргі қазақ журналистикасының жаңа медиаға ауысу тенденциясы жайында айтып берсеңіз?
– Бұрынғы дәстүрлі медианың орнына сайт, веб-порталдардың келуінен «жаңа медиа» деген түсінік қалыптасты. Әлемнің көп елдерінде теле, радио, газет-журналдар онлайн режимде ақпарат таратуға көшті. Мен бұны тек қазақ журналистикасында ғана емес, әлемдік журналистикада бар тенденция деп айтар едім.
Әрине, басқа дамыған елдерде бізден ертерек басталды. Бірақ қазақ журналистикасы соған ілесіп келе жатыр. Қазіргі таңда жаңа медианың өзі дәстүрлі медиаға айналып бара жатыр. Бұрын “жаңа медиа” деген болса, қазір “жаңа жаңа медиа” деген ұғым пайда болды. Яғни жаңа медианың өзі ескіріп, әлеуметтік желілер – «жаңа жаңа медиа» деңгейіне жетті. Бұл порталдардың, медиалардың әлеуметтік желіге келуі немесе әлеуметтік желіге бейімделуі деген сөз.
Мәселен, Қазақстанда ProTenge дейтін парақша бар. Бұл мемлекеттің қаржысы қайда жұмсалып жатқанын зерттеп, тексеріп отырады. Бұл салалық журналистиканың өкілдеріне тиесілі. Оның негізгі аудиториясы ауқымды, барлық әлеуметтік желіде бар. Бүкіл ақпаратты instagram арқылы, ал көлемді материалдарын telegram каналдары арқылы жариялап отырады. Қазір ютубтан арна ашып, ол жерде де видеоларын жариялауда.
Қазір біз газет, редакция деген ақпарат көздерінен алшақтап, толығымен әлеуметтік желілерге бейімделіп барамыз. Бұндай медиалар, жобалар Қазақстанда өте көп. Көбінесе халық ақпаратты бұрынғыдай дәстүрлі газет, телеарна, сайттардан емес, осы желілерден алып жатыр. Бұл форматтық құрылымдағы үлкен тенденция.
Қазір ақпарат саласында үлкен бір толқын пайда болды. Мемлекет қаржысының қайда кетіп жатқанын білу – үлкен бір үрдіс деп айтар едім. Тендерлер, біздің салығымыздан жиналып жатқан қаражат қайда жұмсалып жатыр, ол тиімді жұмсалып жатыр ма деген тақырыптар жайында жиі материалдар шығып жатыр.
Екіншіден, формат тұрғысынан подкасттардың қайта оралуы. Қазіргі таңда көптеген подкасттар пайда болып, олардың аудиториясы да көбейіп жатыр. Тіпті, кейбір медиалар өздерінің подкаст жобаларын қосуда. Бұл форматтық тұрғыда көрсетіліп жатқан бір тенденция. Сондай-ақ кейбір телеарналар бағдарламалар мен шоулар арасында өз жұмыстарын тоқтатып, толығымен YouTube каналына ауысып кетіп жатқандар да бар.
– Қазіргі қазақ журналистерінің қандай кемшін тұстары бар?
– Қарапайым этиканы білмеуі. Журналиске ең бірінші этика қажет. Сөйлегенде ұлтараздық алауыздықты қоздыратын, не болмаса нәсілге, жынысқа, дінге бөлетін сөздерді, тіркестерді қолданбау. Яғни, қазақ журналистикасындағы үлкен проблеема – этиканың сақталмауы.
– Салалық журналистикада қандай тақырыптарды бөлек алып қарастырған жөн?
– Салалық журналистикада жақсы тақырыптарды көтеріп жүрген медиалар, керемет, аналитикалық мақалалар жазып жүрген журналистер баршылық. Салалық журналистика қазіргі кезде даму үстінде.
Соның ішінде дін – өте нәзік тақырып. Дінді ұстанатын емес, дінді түсінетін, діни сауаты бар маманның осы тақырыпта жазуы міндетті деп ойлаймын.
Іскерлік журналистика – тақырыптық бағыт бойынша ілгері дамып келе жатқан сала. Оған бір мысал қазақ медиасында бірнеше жоба жұмыс істеп жатыр. Оның бірі 7kun.kz, экономика, іскерлік журналистика тақырыбында Naryk.kz парақшасы.
Сондай-ақ жақында ғана ашылған Qarazhat.kz сайты. Бұл сайт бізге ауадай қажет деп айтар едім. Себебі өміріміздің бір бөлшегі осы қаражатпен байланысты. Іскерлік, экономика, дін саласында жазатын сайттар әлі де қажет.
– YouTube-тегі қазақ контентінің жағдайы қалай?
– Youtube-те қазақша контенттер де көбейіп келе жатыр. Әсіресе интертейнмент көңіл көтеруге арналған жобалардан көз ашпаймыз, сондай-ақ бейнебаяндар және веб-сериалдар көбейіп жатыр. Себебі нарықта жас, тәуелсіз режисерлер мен контент жасаушылардың көп болуынан деп ойлаймын
Қазақ youtube-ында қаңырап бос тұрған контент – балалар тақырыбы. Осы салада құнды дүниелер дайындау арқылы нарық заманында үлкен сұранысқа ие болуға мүмкіндік бар.
Қазіргі тәуелсіз заманда журналистер тек сөйлеп, жазып қана қоймай, видео, аудио монтаждау, компьютерлік кодтау сияқты техникалық қабілеттерін әрдайым дамытып отыруы керек.
– Әңгімеңізге рақмет!
Әңгімелескен – Балжан ӘУЕЗХАНҚЫЗЫ