Жақында көптен бері көрмеген жақсы көретін бір бауырымды кездестіріп қалдым. Арада қанша жыл өтсе де жаныма келіп, сәлем беріп, құшақтап амандасып, хал жағдай сұраса кеттік. «Мұсылман – мұсылманның бауыры» дейді Әз. Пайғамбарымыз (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын). Көптен бері көріспегесін бауырыңа деген іштегі сағыныш өткен шақты еске түсірді. Өзі отаншыл, рухшыл, қазақы тәрбиесі жүзінен көрініп-ақ тұр. Уақытымыз өте тығыз болғандықтан көп сұхбаттаса алмадық. Дегенмен сөз арасында мешіт жамағатына қатысты әңгіме де өрбіді. Осы жері жүрегіме қатты батты.
Әз Пайғамбарымыз «Мүміндер бір-біріне сүйіспеншілік, мейірімділік және жанашырлық танытуда біртұтас дене тәрізді. (Адамның) бір жері ауырса, ұйқысы қашып, ыстығы көтеріліп, бүкіл денесі ауырған жерінің мұңына ортақтасады», – деп айтты» деген хадисі еске түсті. Мұны бірі түсінсе, бірі түсіне қоймас.
Әлгі азамат, «Аға, бұрындары мешітке келгенімізде бауырмалдығы жарасқан бір ғана жамағатты көретін едік. Қазір бір-біріне ұқсамайтын, сенімдері бөлек, жүрісі мен тұрысы, сөзі мен әрекеті сәйкес келмейтін бірнеше жамағатты (негізінде ислам атын жамылған ағымдарды айтуда) көруге болады. Араларында бауырмалдықтың ешқандай көрінісі көрінбейді» деді. Мен басымды изедім де, үнсіз қалдым. Ойым онға, санам санға бөлінді. Себебі бір үмметтің, бір ұлттың сан түрлі ағымның жетегіне кетіп, отанын тәрк еткен қаншама жандарды естіп, тіпті көріп те жүрміз. Білімсіз деп айтайын десең, араларында тәуір қызмет атқарғандары да бар. Басты кемшілік “сенімдерінің дұрыс емес екендіктерінде” екенғой деген ойға тоқтадым.
Қайран жамағат, ардақты пайғамбарымыздың (с.ғ.с.): «Жамағатпен бірге болыңдар! Өйткені, бөрі бөлінгенді жейді» деген өсиетін ұмытып кеткен секілдіміз.
Атам қазақ «Жақсы ағашты паналаған, көлеңкесіз қалмайды» дейді. Еліміздегі мұсылман үмметінің басын біріктіріп, осы бағытта іргелі істер жасап жатқан жалғыз қарашаңырақ – Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы. Ал діни басқарманың ұстанымынан, сенімінен, бағытынан тысқары жүргендердің барлығы күмәнді. Бұл бағытта дін саласына қатысты қызмет жасап жүрген мамандар, дінтанушылар мен исламтанушылар үнемі халыққа, әсіресе жастарымызға айтып келеді.
Тіпті, отанын тәрк етіп, жұмақ іздеп кеткендерді де көрдік. Бұ дүниеде отаннан артық қандай жұмақ бар дейсің?! Еліміз тыныш, бейбіт заман болса одан артық қандай бақыт бар?!
Адам жүрексіз өмір сүре алмайтыны секілді, отансыз да өмір сүре алмайды. Демек, әрбір шынайы мұсылман өзінің абыройын ойлағаны секілді, мемлекетінің де абыройын ойлауы керек емес пе?!
Жазушы Мұхтар Әуезов: «Алтын анам, Отаным, сенен аяр жаным жоқ, сенен үркер күшім жоқ – деп ер қайратыңа міндағы, өрге бас», – деп, Отанға қызмет – ерге міндет екенін осы бір сөзімен ұғындырып айтқан.
Демек, Отанға қызмет, оның бақытты ғұмыры жолында аянбай еңбек ету, бейбіт өмірдің баянды болуына үлес қосу ұлт пен ұлысқа, діні мен көзқарасына қарамайды. Осындай түсінікті қалыптастыру үшін алдымен әрбір азамат рухани байлыққа қол жеткізу керек.
Рухы бай, иманы мықты тұлға қай қоғамда да адамгершіліктің үлгісін көрсете алады.
Өзгелерге құрмет көрсету жылы көзқарас пен ізеттілік танытудан басталады. Құран Кәрім бізге жол нұсқаушы. Онда адамзат баласын бірлік пен ынтымаққа шақыратын аяттар өте көп. «Әли Ғимран» сүресі, 103-аятында: «Барлықтарың Алланың жібіне (дініне) жармасыңдар, сондай-ақ өзара бөлінбеңдер», – деп баяндалған.
Мұхаммед пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Мүміндер кірпіштерден қаланған бір ғимарат іспеттес», – дей келе, дұрыс өмір сүрудің кілті бірлік пен ынтымақта екендігін көрсетеді.
Қазақ халқы «Су ішкен құдығыңа түкірме!» деп, сол жердің суын ішіп, ауасын жұтып, нанын жеп отырсаң, қылдай қиянат қылма деп қаскөйліктен тыяды.
Алла Тағала Құран Кәрімде: «Шын мәнінде, мүміндер бір-бірімен бауыр, сондықтан бір-біріне ренішті болған бауырларыңды татуластырыңдар. Алладан қорқыңдар», – деп бұйырады.
Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадисінде: «Сіздер иманға келмейінше, жұмаққа кіре алмайсыздар. Ал бір-бірлеріңізді жақсы көрмейінше, иманға келе алмайсыздар», – деп қандай керемет жеткізген?!
Діни тұрғыдан алғанда өзгеге құрмет көрсету мен жақсы көру сезімі – адамның адамгершілігінен көрініс табады. Бұл айналаңа пайда келтіре алмасаң да, зиян келтірмеу, өз мүддеңнен өзге бауырларыңның мүддесін жоғары ұстау деген ұғымға келеді.
Елімізде кейде елдің тыныштығын бұзып, арандатуға еретіндердің әрекетін байқауға болады. Бірлікті сақтау мен татулықтың іргесі сөгілмеуіне үлес қосу – әрбірімізге міндет. Себебі, отан бәрімізге ортақ, тыныштық бәрімізге қымбат. Бір болуды мақсат тұтқан, бауырмалдықты аңсап жүрген мұсылман үмметіне, мұсылманшылықты ұстанған ұлтымызға Жаратқан Өзі жар болсын!
Тұрар ТҮГЕЛҰЛЫ