Құрметті жамағат!
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы ел тұрғындарын қазіргі жағдайға байланысты жалған ақпараттар мен жалған ұрандарға алданып, арандап қалмауға үндейді. Біз үшін дәл қазіргі уақытта елдің амандығы, жұрттың тыныштығы қымбат.
Мұсылман қай кезде де бейбітшілікті, тыныштықты, татулықты өзіне серік етеді.
Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде: «Нағыз мұсылман – өзге мұсылмандарға тілімен де, қолымен де зиян тигізбеген адам» деген болатын. Сондықтан бәріміз үшін осындай сын сағатта мемлекетіміздің тыныштығы, халқымыздың амандығы, тәуелсіздігіміздің баянды болмағы маңызды.
Алла Тағала Құранда «Бақара» сүресінің 191-аятында былай дейді: «Бүлік шығару – кісі өлтіруден де ауыр іс».
Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде: «Фитна (бүлік шығару) – ұйықтап жатқан нәрсе, оны оятқанға Алла қарғыс атсын», – деген.
Өйткені бүліктің соңы жақсылыққа алып бармайды. Мұндай бүліктер елдің тыныштығын, қоғамның тұрақтылығын бұзады.
Сонымен қатар, бүліктің салдары қоғамға, мемлекет экономикасына кері әсерін тигізеді. Нәтижесінде зардабын мемлекет пен халық тартады. Ал мұсылман адам қоғамға зиянын емес, пайдасын тигізуі керек.