Құрметті қауым!
Баршаңызды еліміздегі елеулі күннің бірі – Конституция күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. Әр отбасыға мықты денсаулық, бақыт пен бірлік, табыс пен береке тілеймін.
Ислам діні адам баласына әділ болуды, бірлік пен татулық, достық пен адамгершілік құндылықтар аясында өмір сүруді әмір етеді. Қасиетті Құранда: «Негізінен Алла сендерге аманаттарды өз лайықты орнына тапсыруларыңды және адамдардың арасына билік қылсаңдар, әділдікпен билік қылуларыңды әмір етеді. Расында Алла сендерге нендей жақсы уағыз береді. Шәксіз Алла, толық естуші, тым қырағы» («Ниса» сүресі, 58-аят) деген.
Әр адам – өз отбасына жауапты тұлға. Әділдік пен ізгілікті өз отбасымыздан бастап, айналадағы жақын адамдарға жақсы ісіміз бен көркем мінезіміз арқылы қарым-қатынас жасағанымыз абзал. Бұл – шариғат пен мемлекет заңының бізге жүктейтін міндеті.
Ата Заңымыздың бірінші бабында: «Қазақстан Республикасы өзiн демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтiк мемлекет ретiнде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмiрi, құқықтары мен бостандықтары», – деп көрсетілген.
Расында, адамның құқығы мен бостандығынан асқан құндылық жоқ. Осы құндылықтарды сақтап, ұрпаққа аманат ету – баршамыздың асыл міндетіміз. Ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Мұсылманның қаны, дүние-мүлкі және ар-намысы өзге мұсылмандарға харам» деген. Бұл хадис өзгенің тәні мен жанына, дүние-мүлкі мен ар-намысына зиян тигізбеуге үйретеді.
Алла Тағала баршамызды екі дүние абыройы мен нығметіне бөлеп, елімізге амандық, жерімізге тыныштық нәсіп еткей. Әмин!