Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы ұлағатты ұстаз, белгілі дін ғалымы, абыз ақсақал Абдолла қажы Жолдастың қайтыс болуына байланысты марқұмның отбасына көңіл айтты.
«Абдолла қажы Жолдастың қазасы туралы қаралы хабар менің де жаныма қатты батты. Талай дін қызметкері оның тәрбиесі мен тәлімін алған еді. Мен де ұстаздан тәлім алдым. Дін мен дәстүрді сабақтастыра сөйлеген сөздері мен насихаттары талай жанның жүрегіне ізгілік дәнін сепкен еді. Марқұм ұстазымның отбасы мен туған-туыстарына өзімнің және Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы ұжымы атынан көңіл айтамын. Алла Тағала Абдолла қажы Жолдас ұстазымызды рақымына алып, жанын жәннаттық еткей. Дін жолындағы еңбектері мен ұстаздық қызметіне Алла мол сауаптан жазғай. Әмин!» делінген Бас мүфтидің көңіл айту жеделхатында.