Біріншіден, мүмкіндік болып жатса, мүбәрак Барағат кешінде намазды мешітте жамағатпен қылуға күш салуымыз шарт. Осылай етсек, мол сауапқа кенелеміз. Әрі тамыр-таныспен қоса көрші-қолаңмен бірге бұл шуақты түнде бірге болып, сәлем-сауқат сұрап, бір-бірімізге ізгі тілек тілеуге мүмкіндік аламыз.
Екіншіден, мүбәрак Барағат кешінде жас-жеткіншек ұлдарымызбен қоса, оң-солын таныған жастарымызды өзімізбен бірге мешітке апарған болсақ, олардың діни сезімі мен танымын арттыруға күш салған болар едік. Осылайша олар жамағат болып, бірін-бірі демеп, қолдау білдірудің мәнісін ұғынып, бірлік деген ұғымды терең түсіне алар еді.
Үшіншіден, мүбәрак Барағат кешінде көпшілікпен бірге болсақ, ағайын-туыс, көрші-қолаң, дос-жарандарымызға «Құдай Тағала құттылық-береке жаудырсын» деп тілеп, бір-біріміздің қал-ахуалымызды сұрап, бір-біріміздің қайғы-қуанышымызға, жеткен жетістіктерімізге ортақ болған болар едік.
Төртіншіден, мүбәрак Барағат кешінде мүмкіндігінше Құран оқумен, Құран тыңдаумен, Құран және Хадис сұхбаттарына қатысып, уағыз-насихат тыңдап, көпшілікпен рухани ләззатты бірге бөліскен абзал. Әсіресе, Құран мен Хадистердің мағынасын терең ұғына алсақ, діни сауатымыз артып, көзміздің ашылатыны сөзсіз.
Бесіншіден, мүбәрак Барағат кешінде Ұлы Жаратушыны еске алып, тәубе-истиғфар жасап, дұға етсек, санамыз сәулеленіп, Хақ Тағаланың құлы екенімізді терең сезіне аламыз.
Алтыншыдан, мүбәрак Барағат кешінде ықыласпен намаз қылсақ, Ұлы Жаратушының рызашылығына бөленетініміз хақ. Себебі, бір құлдың Алла Тағалаға ең жақын болған сәті, сәждеге бас қойған кезі. Намаз оқу ең үлкен зікір болып табылады.
Жетіншіден, мүбәрак Барағат кешінде ұлттық бірлігіміз бен тұтастығымызды, ұлттың болашағы мен баяндылығын, туған жерімізді, бүкіл ислам дүниесін, қала берді күллі адамзат баласы бақытты болуы үшін Ұлы Жаратушыға жан жүрегімізбен жалбарынуымыз шарт. Таным көкжиегіміз осылайша қарабастың қамынан жоғары болған болса, адамдық болмысымыз аласармай, тұлғалық тұрпатымыз биіктей түспек.
Сегізіншіден, мүбәрак Барағат кешінде құлдық кейпімізді ой сүзгіден өткізгеніміз абзал. «Әке мен шеше, адал ұрпақ, қызметкер, оқытушы, шәкірт, басшы, көрші-қоныстас ретінде өз міндетіміз бен қызметімізді дұрыс атқарып жүрміз бе?» деп өз-өзімізді сынап, кемшіліктерміз бен қателерімізді көз алдымызға келтіріп, өткенімізді көңіл сүзгісінен өткізіуіміз, біздің алдағы уақытта табысты бола беруімізіге өз септігін тигізері хақ.
Ислам әлемінің бір пұшпағы болып табылатын Қазақ елі Исламдық мәдениетке терең бойлауы үшін Исламдық үрдістер мен салттардан қалыс қалмауы тиіс. Бұл бағытқа бейімделуіміз үшін Ислам мәдениетіндегі шұғылалы шақтар саналатын қасиетті кештерді әрбір жылы айырықша атап өтуіміз аса маңызды. Бұндай қасиетті кештердегі құндылықтар сіңімді болуы үшін қасиетті кештерге деген ыждақаттылық сезім бойымызда атқақтап тұруы қажет. Сонда ғана, біз Ислам мәдениетімен біте-қайнасып, оның бір бөлшегіне айналмақапыз. Ендеше, Алла-Тағала халқымызды шұғылалы шақтарға деген ыстық ықыластан һәм қасиетті кештердегі мол сауаптан айырмасын деп тілейміз.