Мұхаммед Сағын деген сәбидің есімін әсіресе, атыраулықтар ұмыта қоймаған болуы тиіс. Себебі, осыдан біраз бұрын, кішкентай Мұхаммед Сағынның еміне атыраулықтармен бірге, тұтас қазақстандықтар тілекші болып, қаржы жинауға атсалысқан еді.
Шетелде баласын емдеткен ата-аналар жақсы біледі. Шет мемлекеттерде клиникаға қарызы барларды жібермейді екен. Кореяда бір қазақстандық баланың денесін үш ай ұстағанын естідім. Түркияда бұл жағынан мұсылмандық жақсы сақталған. Клиникаға қарызымыз бола тұрса да, сәбиімнің денесін еш қиындықсыз алып келдім…
Обыр ауруына шалдыққан кішкентай ғана Мұхаммедтің дертіне отандық медицина қарсы тұра алмады. Әр секунды санаулы сәбиін аман алып қалу үшін жанталасқан ана соңына дейін күресті. Бірақ, айтып келмейтін ажал кішкентай ғана сәбидің жанын жат жерден алып кетті. Түркия жерінен сәбидің сүйегін алдыруға Қазақстанның Елшілігінен бастап, Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев, барша халық атсалысты.
Біз Мұхаммедтің анасы Орал Бердіғалиевамен ерекше жағдайда кездестік. Себебі, балапанынан айрылып, қайғыдан қан жұтып отырған Орал сәбиінің емі үшін халықтан жиналған қаражаттың соңғы бөлігін ауыр дертке шалдыққан тағы бір кішкентай балапанның анасына табыстады.
«Менің бұл жасап отырғаным – ерлік емес. Өзімнің ұлым сияқты ауыр жағдайға душар болған тағы бір балапанға өмір сыйлағым келеді. Өмірдің мәні – ақшада иә байлықта емес, балада ғой. Екі жасқа толар-толмасында өмірден өтіп кеткен балапаным көзімді ашып кетті. Жүрегіме иман толтырып кетті. Мен халқымның шынайы қамқорлығын, ізгілігін сезіндім» дейді балапанын қара жер қойнына тапсырып отырған ана.
Қазір халықтың санасында көп сұрақ қалды. Соның ішінде «ақша болса, Мұхаммедті сақтап қалар ма едік» деген ой да жоқ емес. Осы ретте марқұм болған сәбидің анасы Орал Бердіғалиева медицинаның соңғы жаңалықтарының барлық мүмкіндігін пайдаланғандарын айтты.
Жүрегімде Мұхаммедтен көз жазып қаламыз деген ой болған жоқ. Сенімім күшті еді. Бірақ, жолдасым мені күнде психологиялық тұрғыда дайындап жүрді.
«Ақжүрек халқым жинап берген қаржы жеткілікті еді. Бірақ, бұл дерт баламды алып кету үшін келген екен» деді көз жасына ерік берген ана. Ол өзі сияқты халге түскен аналарға ем алудан қорықпай, соңына дейін күресуге кеңес берді.
«Қандай жағдайда да үміт отын үзбеу керек. Шыны керек, баламыздың еміне осынша ауқымды қаражат жиналады деп ойлаған да жоқпыз. Бірақ, қазақ ізгілікке жаны жақын халық. Қиындықта жалғыз қалдырмайды. Менің Мұхаммедім қоғамға осыны дәлелдеп кетті» дейді Орал.
Ерекше айта кетерлігі, кішкене Мұхаммедтің еміне қазақстандықтармен бірге, шет елде жүрген қазақтар да көп көмектескен екен.
«Тіпті, Түркияның клиникасында жатқан уақытта да адамгершіліктің үлгісіне куә болдым. Еден жуатын апайларға дейін жылы шырай танытып, күнделікті ас-ауқат әкеліп тұрды. Ішегін ісік қысып тастаған балам бір айдай тамақсыз жатты. Оған нәрлі заттар тамыры арқылы беріліп отырды.
Химиялық терапияның тоғыз курсын алған балам ана өмірге кетердің алдында жүзі нұрланып жатты. Тіпті, жоғалып кеткен қасына дейін қайта шыққанда, қуанып едім. Бірақ, тағдырдың жазғаны осы болды. Тіршілікте бір-біріміздің қадірімізді білейік» деп өзінің сезімін білдірді қайғылы ана.
«Ең алдымен қиын сәтте жалғыз қалдырмаған халқыма, аймақ басшысы Нұрлан Ноғаевқа, белгілі өнер қайраткері Жүрсін Ерманға, әнші Меруерт Түсіпбаеваға, дуэт Артур мен Раймға, атыраулық кішкентай өнерлі бүлдіршіндерден құралған биші топтарға, «Нұрай» қайырымдылық қорына, достарыма, жақындарыма аналық алғысымды айтамын» деді бізбен қоштасарында қайғы жұтып отырған ана.