2022 жылғы 3 мамырда «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне баланың құқықтарын қорғау, білім беру, ақпарат және ақпараттандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына (бұдан әрі – Заң) қол қойылды.
Ол бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы уәкілетті мемлекеттік органның құзыретіне қатысты бірқатар заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілерді:
1) бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы уәкілетті органмен өзара іс-қимылды жүзеге асыратын шетелдік онлайн-платформалардың және (немесе) лездік хабар алмасу сервистерінің заңды өкілдерінің реестрін жүргізу тәртібі;
2) сараптама тобын құру, сондай-ақ, балаға қатысты кибербуллинг фактілері бойынша өтінішті қарау тәртібі; 3) телекоммуникациялар желілерінде Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын сақтау мәселелері бойынша мемлекеттік органдардың өзара іс-қимыл жасау қағидалары;
4) интернет-ресурсқа қолжетімділікті қалпына келтіру тәртібін әзірлеуді көздейді. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 1 қыркүйектегі № 590 қаулысымен бекітілген мемлекеттік орган туралы ережені әзірлеу және бекіту жөніндегі нұсқаулықтың 4-тармағының 4) тармақшасына сәйкес, сондай-ақ, аталған Заңда көзделген уәкілетті мемлекеттік органның жаңа құзыреттері мен функцияларын бекіту аясында ережеге толықтыру енгізу үшін мемлекеттік органға жаңа өкілеттіктер беру, мемлекеттік органның өкілеттіктерін кеңейту (азайту) және (немесе) алып тастау негіз болып табылады.
Осыған байланысты, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2022 жылғы 22 шілдедегі № 515 қаулысымен (бұдан әрі – қаулы) «Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің кейбір мәселелері туралы» Үкіметтің 2019 жылғы 26 наурыздағы № 142 қаулысына толықтырулар енгізілді. Аталған қаулыда көзделген ҚР АҚДМ-нің онлайн-платформаларында пайдаланушылардың санын анықтау және оларға қол жеткізуді шектеу бойынша өкілеттіктер бұрыннан бар, бірақ бұлар заң нормаларынан туындайтынын атап өткен жөн.