Сұрақ: Балаға есім қойғанда нені ескерген дұрыс?
Жауап: Кез келген ата-ана бала дүниеге келген уақытта қатты қуанып, оған ең жақсы есім қойғысы келеді. Баласына өзі жақсы деп тапқан есімді қою – ата-ананың ақысы. Әрине, есім қоймастан бұрын өмір көрген, тәжірибесі мол үлкендермен кеңескен мақұл. Әсіресе ескінің көзін көрген ауылдағы кемпір мен шалға не жетсін.
Дәстүрге сәйкес қазақи, мұсылманша есімдерге талас жоқ. Алайда егер еуропалық, батыс немесе азиялық (қытай, корей және сол сияқты т.б.) мәдениетке, киносына, есімдеріне тәнті болып жүрген жастарға айтарым, балаға есім қоймастан бұрын жақсылап ойланған жөн. Ертең ол есіммен өмір бойына ғұмыр кешетін сендер емес, сол бала. Бала тұлға болып қалыптасамын дегенше ортасында, құрдастар арасында атына байланысты талай жағдайларға тап болуы ықтимал. Сол кезде ата-ана «қап» деп қалмауы тиіс.
Эмоцияның ықпалына түсіп ат қоюдан сақ болу қажет. Әр халық ғасырлар бойына қалыптасқан өзіне тән есімдермен ерекшеленетінін естен шығармау маңызды.
Жалғас САДУАХАСҰЛЫ