– Бір сөзге тоқтаған халықтың ұрпағы болғандықтан, жат ағыммен күресте ақпараттың маңызы зор болып отырғаны баршаға мәлім. Сондықтан да бұған дейін сан рет сынға түскен «Ат-такфир уаль-хиджра» халықаралық ұйымытуралы айтудан танбай келеміз. Алғашқы сұрақ, аға, аталған ұйымға сараптама жасауға қатысқан маман ретінде соттың шешімі неден шыққанына тоқталып өтсеңіз?
– Сіздер білесіздер, 2014 жылдың тамызында біздің елімізде «Ат-такфир уаль-хиджра» халықаралық экстремистік ұйымының қызметіне тыйым салуы туралы соттың шешімі шықты. Соттың осындай шешім қабылдауына не себеп болды? Әрине, бұл ұйым Қазақстанда заңды тіркелмеген. Десе де, біздің елімізде олардың идеологиясы жүзеге асып жатқанын кей азаматтарымыздың іс-әрекеттерінен байқап жүрміз. Ел ішіне бүлік салмағанымен, әлемде орын алып жатқан лаңкестік әрекеттерге қазақ азаматтардың шатылуын осының бір белгісіне жатқызсақ болады. Демек, олардың улы идеологиясы халық арасында насихатталуда. Әлгінде сіз айтқан «бір сөзге тоқтаған» халықтың ұрпағы сол сөзден опық жеуде. Себебі, бұл топтың насихатшылары сөзден түйін түйіп, сол түйінді тағы да сөзбен шешеді.
Екіншіден, жат ағымды зерттеу процесі қалай өрбиді? Деген сұрақты тарқатсақ… Бұл ретте «Ат-такфир уаль-хиджра» ұйымының тарихы, пайда болуы, өзге елдердегі қызметі, біздің елдегі қызметі, бәрі, жан-жақты зерттеліп, бәрі екшеленді. Мәселен, осы шешім шығардың алдында аталмыш ұйымның Түркия, Ресей, көрші Өзбекстан елдеріндегі қызметіне тыйым салынғаны негізге алынды. Қарап отырсақ, «Ат-такфир уаль-хиджра» ұйымы біздің елімізде ғана емес, әлемнің бірқатар елдерінде де көптеген лаңкестік әрекеттер жасағаны белгілі болды.
Үшіншіден, олардың қоғамға келтірер зауалдары ескерілді. Фанатизмнің жақтастарының керітартпалықты ерекше жақтайтындығы – салт-дәстүрден, қалыптасқан қоғамның негіздерінен бас тартуынан, олардың мұсылмандық ілімде біржақты әрі тікелей түсініктемеге сүйенетіндігінен көрінеді. Олар туған күнді тойлау, аптадағы күнді ерекше белгілеу, түрлі діни мерекелер, мерейтойлар жасау, танымал адамдарға ескерткіш орнату, қазалы күнге қатысты жиындарды жасау және сол жиындардағы түрлі шараларды (мысалы, жоқтау айту) ұйымдастыру, мазарларды тұрғызу және тағы сол сияқты шараларды жол берілмейтін жаңашылдық (бидғад) деп түсінеді.
Сіздер білесіздер, бұлардың ең негізгі қателігі – олар өз қатарына мүше болмағандардың барлығын да кәпір деп негізсіз айыптайды. Сондай-ақ, жасаған құлшылық, әрекеттердегі сәл өзгешелік олар үшін кәпірдің ісі. Ал, адамзаттың асылы пайғамбарымыз (с.ғ.с.) өз хадисінде не деді? «Егер кімде-кім біреуді кәпір деп айыптайтын болса, бірақ ол адамның кәпір екеніне көзіңіз жетпесе, онда оның өзі кәпір болады» делінген. Осыдан шариғат амалдарына өз беттерінше пәтуа шығарғыштардың кітап оқымайтындары, білімдерінің таяздығы көрініп-ақ тұр.
Төртінші мәселе – бұлардың тек қана ислам мемлекетінің ішіндегі жүйені сынап отыруында. «Бұлардың исламдағы басқару жүйесі дұрыс емес, бұлардың шариғаттағы білімдері дұрыс емес, бұлардың имандары дұрыс емес деген сияқты» айыпты тағу арқылы, сол өзі өмір сүріп, нәпақа тауып, бала-шағасын асырап отырған мемлекетке, оның азаматтарына қарсы күрес мәселесіне баруы – білген кісіге, әрине, оғаш әрекет. Құранның әміріне қарайтын болсақ, Құранның өзінде «біз сіздерді әр алуан қылып жараттық бір-бірлеріңізді тану үшін» деп отыр, яғни, дін әр ұлттың болғанына, олардың салт-дәстүріне теріс қарамайды, ал ұйымдағылар білдей бір ұлттың құндылықтарын «бидғатқа» жатқызып, «кәпір» деп лағынеттейді.
Бесінші мәселе – джихад мәселесі. Мысалы үшін «Ат-такфир уаль-хиджра» ұйымы өкілдерінің қолымен жасалған әрекеттерді бағамдар болсақ, исламға, шариғатқа мүлдем кереғар дүниелердің куәсі боламыз. Оның ішінде адам өлтіру мәселесі. Біз осы ұйымның тарихын зерттеп, қараған кезімізде, бір нәрсені көреміз, бұл ұйымның құрылған жері – Мысыр елі, құрушысы – Мұстафа Шүкри. Осы кісінің ұстанымдарын қараған кезімізде шынында да бұларда діннің көріністеріне мүлдем қайшы, қатыгездік, жауыздық, өшпенділік деген мәселелер өте көп кездеседі. Мысалы, осы ұйымға мүше болғандар кейінірек бөлініп кетуге ниет білдірсе, олар «біздің ұйымнан бөлініп кетудің үкімі – өлім жазасы» дейді. Ал, біз Құран Кәрімнің аяттарын оқысақ не дейді? «Адамға жанды берген Алла Тағаланың өзі және оны алатын да Алла Тағаланың өзі» деп тайға таңба басқандай жазылған.
Осынша бейбастықпен бұл ұйымды қалай ақтауға болады? Біз негізгілерін алдыға тарттық. Өзге сипаттарын да жіпке тізер болсақ, бұл ұйым басшылары болсын, мүшелері болсын ислам діні мен шариғатқа қарама-қайшы әрекеттерге барып отырғанын байқау қиын емес.
Тәкфіршілік алдымен, пайдакүнемдік мақсаттарға, мемелекеттік құрылымды әлсіретуге және қоғамды тұрақсыздандыруға бағытталған мақсаты бар, ислам ілімін бұрмалайтын саяси қозғалыс екенін түсіну қажет. Радикалдық ұйымдар геосаяси күрестің сыналған құралы болып табылатыны мәлім және қаржыландыру арналары шетелден бастау алатыны кездейсоқтық емес. Тәкфіршілдік пен джиһадизм идеялары арқылы санаулы уақыт ішінде тұрақты мемлекетті азаматтық соғыстың алаңына айналдыру мүмкін екендігіне Ливия, Сирия, Египет сияқты мемлекеттердегі қайғылы жағдайлар дәлел.
Ал, Қазақстанның саясаты қандай еді? Жүздеген ұлт пен ұлысты бір шаңырақ астына біріктіре білген саясатымыз бар, үш тағанымыз – татулық, бейбітшілік, тыныштық. Ал осы қасиетті ұғымдарға қарсы шыққан ұйымның қызметіне біздің мемлекетте орын жоқ.
– Осы жайттардың бәрін көзімен көре тұра, кей азаматтарымыздың осы топқа еретіні неліктен? Бір шатылған кісінің беті бері қарауы қиын. Себебін тарқатсаңыз…
– Ұйым қалай қызықтырады? Ұйым өкілдерінің айтатындары: «бізге қосылсаңыздар жұмаққа барасыздар, қарулы «джиһадта» соғысып, Алланың жолында «шәһид» болсаңыздар, сіздерді жұмақтың жеті қабат небір керемет молшылықтары күтеді деген сияқты идеямен өз насихаттарын жүргізеді.
Ал екінші жағынан қарасаңыз бұлардың тіпті адамның ақылына сыймайтын пікірлері , көріністері бар. Мысалы бірнеше ай бұрын «youtube» интернет арнасында «Ат-такфир уаль-хиджра» экстремистік ұйымының ықпалымен сирияда соғысып жатқан азаматтар туралы бір видео-көрініс пайда болды. Сол көріністі қарасаңыз, олардың өмірлері бір керемет сияқты, виллада тұрып жатыр, бассейіні бар, бір керемет жер. Яғни, соғыста жүріп, сондай керемет жағдайда тұрып жатқандай көрсету арқылы кісіні алдау бар бұл жерде. Яғни, дүниемен арбау тәсілі қолданылып тұр. Ал енді адам ақылға салып қарайтын болса, Сирияда қаншама қырғын соғыс болып жатыр, күнде бомбалау, жарылыстар болып жатыр. Оны былай қойғанда Сирияның өзінің миллиондаған азаматтары тыныш өмір сүруге зар болып, бала-шағасының бір күн түн ұйқысы тыныш болсын деп Түркияға амалсыз қоныс аударып жатыр, Йорданияға көшіп кетіп жатыр. «Арқада қыс жайлы болса арқар ауып несі бар» дегендей, өз елінде жақсы болса, егер шынымен де Сирияда бәрі жақсы болса, соншама босқын, соншама аш, жетім бала-шаға тыныштық іздеп елден қашып кетер ма еді? Осыны бір қаперіңізге алыңызшы. Сол сияқты олар бизнестегі азаматтарды қаржыландыру, әлеуметтік жағдайы төмен жандарды демеу арқылы да өз қатарларын толықтыруда. Бұл жерде белгілі бір топ бар, олар белгілі бір мүдде үшін жұмыс істейді және сол мүддесі үшін белгілі бір ұйымдардан астыртын қаражат алады. Ал ол қаражат бір жанның, немесе білдей бір мемлекеттің табан ақы, маңдай терімен келген. Оны ұрлау, тонау және қарақшылық жолмен тауып, харам жолға жұмсап отырғанын былайғы жұрт түсінсе керек еді. Білесіздер ғой дінде адал еңбек ету, адал табыс табу мәселесі қатаң қаралған. Яғни, дінде ұрлап табыс табу ол харам. Болмаса жұмыс істемей табыс табу ол да харам. Біреуді өлтіру ол да харам. Осының бәрі сол лаңкестердің қолымен жасалып жатыр. «Сендер кәпірсіңдер» деп, жөн-жосықсыз елдің дүниесін тартып алып жатады, жөн-жосықсыз оларды өлтіріп жатады, ал осының бәрі дінде бар ма, жоқ па? Бұл құранның аяттарында қалай түсіндірілген? Осының бәрін әрбір азамат жіті зерттеуі керек. Алла Тағала адамға білесіздер ақыл берді, не үшін ақыл берді? Өзіңнің іс әрекетіңді саналы түрде жасау үшін. Айтты ғой «біз жұмақты, тозақты жараттық, бірақ сен оны ақылдан таны» деп отыр. Бізде бұл жерде Құран Кәрімнің бірнеше мысалдары бар, мысалы үшін Ибрахим пайғамбардың оқиғасын алсаңыздар ол кісіге Алладан ешқандай уахи келген жоқ. Ол өзі Жаратқанды және жаратылғанның не үшін жаралғанын білу үшін зерттеді. Бірінші аспандағы айды көрді. Сөйтіп ойлады бұл өте жарық екен, яғни, әлемге жарық шашуда, осы менің жаратқан ием болуы мүмкін деп ойлады. Бірақ таң атты, ай батып кеткен кезде айтты «жоқ, бұл менің жаратушым бола алмайды» деп. Күндіз күн шықты. Күнді айтты «шынында бұл айдан үлкен жарық береді, айдан да үлкен нұрын шашады осы менің жаратқан нәрсем болуы мүмкін» дейді. Бірақ кеш батты, күн батып кетті. Ол «бұл да менің жаратушым бола алмайды» деді. Яғни бұл жерде бізге бір ғибрат бар, бұл жердегі ғибрат, адам баласы өзінің іс-әрекетін саналы түрде ойлап табу керек. Мен мұны білмей қалдым, маған анау шейх айтты деген нәрсе ешкімге дәлел бола алмайды. Әрбір адам Алла Тағаланың алдында ахиретте өзінің істеген іс амалдары үшін өзі ғана жауапты. Оның айтқан имамы да, оның қасында жүрген достары да, қасында жүрген бала-шағасы да оның иманына қорған бола алмайтынын ол азамат жақсы білуі керек. Сол кезде ғана ол осы ислам дінін шынайы түсінген адам бола алады.
– «Ат-такфир уаль-хиджра» халықаралық экстремистік ұйымының қызметі Таяу Шығыс лаңкестерімен байланысты деп айтуға негіз бар ма?
– Сириядағы осы оқиғаға қатысу үшін әлемнің түкпір-түкпірінен көптеген азаматтарымыз сол жаққа соғысқа аттанып жатыр. Бұлардың басты идеологиясы, Сирияның аумағында құрылған «Ирак Шам Ислам Мемлекеті» деген содырлар ұйымының астында соғысып жатыр. Ал осы ұйымға әлемнің түкпір-түкпірінен оның ішінде Өзбекстаннан да бар, оның ішінде Қырғызстаннан да бар, оның ішінде Түркиядан да бар, тіпті Еуропадан келген көптеген бұзақылар, содырлар қазір соғысып жатыр. Өкінішке орай, оның ішінде біздің еліміздің азаматтары барын біз жасырмаймыз. Енді, әртүрлі деректерге қатысты мүмкін 150-ден 500-ге дейін деген мәліметтер бар. Өкінішке орай, олардың санына қатысты нақты деректерді айту қиынырақ деп ойлаймын. «Әлем джиһадшылары» деген ұғым пайда болды. Осы «джиһадты» мақсат етіп, талайлардың тағдыры тезге түсуде қазір. Ал енді қарасаңыз, дінде, шариғатта отбасы – өте қасиетті, киелі ұғым. Әрбір отбасын құратын ер-азамат Алла Тағала алдында өздерінің заңды түрде, ресми түрде некелерін қидырып барып, қосылулары керек. Ал бұл жақта қарасаңыз, әйелдер зат сияқты. Тарихқа зер салсақ, Мұхаммед пайғамбар тұсындағы тарихи соғыстар кезінде ондай нәрсе болған жоқ. Тек қана мүмкін осындай соғыс күші аз болған кезде солардың әйелдері азық-түлікті арттарынан алып барған жағдайлар болған. Бірақ, тікелей олармен бірге жүрген жоқ. Қаншама жорықтарға шықты, осы дінді насихаттау мақсатында, дінді жеткізу мақсатында, солардың тарихында біз әйелдердің еріп жүргенін естіген де, білген де емеспіз. Бала-шағасын ертіп, соғысқа, не болмаса джиһатқа шығыпты деген мәселелерді бұрын-соңды тарихтан кездестіріп пе едіңіз? Жоқ!.. Міне осындай әрекеттері джиһатты желеулетіп хиджрат жасатуы, оған әйелдерді, бала-шағаны араластыруы – бұл тұста «Ат-Тәкфир уәл-Хиджра» ұйымының белгілері барын айғақтайтын негізгі факторлардан. Біз осы жерде Пайғамбарымыздың өмірбаянынан өзімізге өрнек алуымыз керек, бір жаққа бармай тұрып исламның тарихын жіті зерттеуіміз керек. Бала-шағасымен шетел асып, қолға қару алу – діннің атын жамылған, белгілі бір мүддеге жұмыс істейтін топтың ықпалында қалып қойғандардың іс-әрекеттері. Айта отырайын, бұлардың әрекеттерін ғалым ретінде мен көп зерттедім. Ислам дінімен, шариғатпен үш қайнаса сорпасы қосылмайтын бір ұйым болса, бұл – «Ат-такфир уаль-хиджра» ұйымы деп мен толық сеніммен айта аламын.
– Қару ұстау, оны өзі сияқты пендеге кезеу, сұлатып салу… Осындай оқиғаларға жиі ұшырасатын болды әлем. «Аллаһу әкбәр!» деп ұрандаған топтың қолы қалай дірілдемейді осы істерге барғанда?
– Негізі ислам діні бұл – адам баласын ізгілікке, татулыққа, бейбітшілікке шақырады. Ислам дінінде мейірімділік бар, қайырымдылық бар. Анаға, балаға деген ерекше қамқорлық бар. Мұның барлығы да әрине адамды өзіне қызықтыратын нәрселер. Енді өкінішке орай, исламды керісінше бір жағы діннен суыту үшін, екінші жағы ислам дінін жеккөрінішті қылып көрсету үшін әрекет жасайтын белгілі бір топтардың әрекеттері бар. Оны біз ашық айтуымыз керек. Айтып отырғанда, насихатын жасап, дәлел-дәйегімен алдына қойған күннің өзінде мойыны жар берместен, сол ұйымдарға өз-өздерін құрал етіп ұстатып жіберіп жатыр. Әлеуметтік желілерде орналастырылған бейнероликтерде өздерінің жарық дүниеге не үшін келгендерін түсініп үлгерместен қолдарына қару беріп «біз сендерді бауыздаймыз» деген өрімдей балалардан қандай ізгілік күтеміз? Күнәсіз балаларын осылай тәрбиелеген олардың ата-аналары осы әрекеттері үшін екі дүниеде де ауыр азапқа душар болары сөзсіз. Исламды дұрыс түсінбей, Құранды дұрыс білмеген соң өкінішке орай қатыгездік, жеккөрушілік пиғылдың жетегінде кетіп жатқандар исламның шапағат нұрына көлеңке түсіреді.
– Көзсіз көбелектей, өздерін отқа түсіргендердің тағдыры туралы қандай да бір деректер бар ма? Сонымен бірге, азаматтарымыздың осындай қадамға бармауы үшін мемлекеттік деңгейде нендей шаралар атқарылып жатқанына тоқталсаңыз?
– «Қырғызстаннан мың барыпты, Өзбекстаннан екі жарым мың барыпты» деген деректерден өзге деректер бізге жартылай белгілі, жартылай көмескі қалпында қалуда. Біз барғанын білеміз, бұл белгілі, ал енді оларды сол жаққа кім жеткізіп берді, не болмаса, кім тартып отыр бұл уақыттың еншісінде қалып отырған мәселе. Өйткені бұндай мәселелер, әрине, байыппен зерттеуді, талдауды қажет ететін дүние. Бұдан шығу жолы бар ма? Әрине, бар! Дінді дұрыс түсіну және түсіндіру керек. Білесіздер осы ұйымның іс-әрекеттері туралы алғашқы ақпараттар пайда бола бастаған кезде біздің еліміздегі отандық діни басқармамыз үлкен бір арнайы пәтуа шығарды, осы джиһадтың мәнін, мағынасын ашып көрсеткен, такфиризмнің басын ашып көрсеткен, Сирияға соғысқа аттанған азаматтарымыздың іс-әрекеттерінің дұрыс еместігін дәлелдейтін пәтуалар шығарды.
Сонымен қатар, білесіздер ғой, бұлар «хиджра» деп, қоғамнан өздерін оқшаулап, басқа жаққа көшіп кетіп жатады. Сол кезде бұл «хиджраның» мәнін-мағынасын түсіндірген үлкен пәтуалар шығарды. Ендігі мәселе – осы азаматтарымызға аталған ұғымдардың шариғаттағы үкімдерін жеткізу. Егер біздің азаматтарымыз исламның осы шынайы құндылықтары мен рухани артықшылықтарын дұрыс түсінер болса, олар өздерінің бүгінгі іс-әрекеттерінен ойланбай бас тартар еді. Сондықтан түсіндіру жұмыстарына ерекше ден қоймағымыз абзал.
«Ат-такфир уаль-хиджра» ұйымының Қазақстан аймағында тыйым салынған ұйымдар тізіміне енгізілуі баяндылықты, бейбітшілікті және татулықты сақтау жолында маңызды қадам болып табылады. Дауға шақыратындар – біздің елімізді дұшпандылық пен өшпенділік алаңына айналдырғысы келетіндер, ақша мен билік үшін бейбіт азаматтардың қандарын төгуге дайын, өзін заңнан және қоғамнан тыс санайтындар.
Сот шешімі заңды күшіне енді, осыған орай «Ат-такфир уаль-хиджра» халықаралық ұйымының қызметіне қандай да бір қатыстылық (қызметіне қатысу, қаржыландыру, идеологиясын насихаттау және т.б.) заңмен белгіленген жауапкершілікке әкеліп соғады.
– Әңгімеңізге рахмет! Ел тыныштығы үшін еткен еңбектеріңіз жемісті болғай!
Сұхбаттасқан Шарафат Рысбайқызы,
E-islam.kz