Жалпы алғанда, Түркияның дін саласындағы тәжірибесін елімізде дәстүрлі дінді насихаттау барысында пайдалануға болады деп есептеймін. Түркияның Дін істері басқармасынан (Дианет) үйренетін жақтарымыз, алатын тәжірибелеріміз болады деп ойлаймын. Түбіміз де бір, дініміз де бір, оның ішінде ұстанатын мазһабымыз да бірдей, салт-дәстүрлеріміз ортақ болып келетіні Қазақ елі мен Түркия арасында дін саласындағы байланысты күшейтуге негіз бола алады.
Өзім де біраз жыл Туркияда білім алғаннан кейін ол елдің дін саласындағы тәжірибесін бір кісідей білемін деп айта аламын.
1924 жылы арнайы Қаулымен құрылған Түркия Дианетіңің құрылымы мен жұмысы нақты жүйеленген және бірізділікке түсірілген. 1982 жылы қабылданған Түркия Республикасының Конституциясында Басқарманың тарихи миссиясы ерекше атап көрсетілген, атап айтқанда «Басқарма мемлекеттің зайырлылық негіздеріне сәйкес мемлекеттік мәртебеге ие, саясаттан тыс стратегияны жүргізе отырып халықтың біртұтастығын қамтамасыз етуге ұмтылады және ерекше құжатта көрсетілген міндеттерді орындайды» – деп, жазылған. Қазақстан да өзін зайырлы деп танитынын ескерсек осы тәжірибені ерекше назарға алған жөн.
Дианет дін саласындағы проблемалардың 80 пайызы діни сауатсыздықтан туындайды деп есептейді. Сол үшін халықты дәстүрлі діни біліммен сауаттандыруға көп көңіл бөледі.
Түркия аумағындағы мешіттердің барлығы Дианетке тәуелді мекеме болып табылады. Олардың саны 2010 жылы 81 984 болса, 2014 жылы 85 412-ге жеткен. Осы мешіттерде қызмет жасайтын дін мамандарының саны 2010 жылы 84157 болған болса, 2014 жылы 145 000-нан асқан.
Басқарманың дін қызметкерлері мемлекеттік қызметкер болып саналады және арнайы бекітілген категорияларға сәйкес мемлекеттік бюджеттен жалақы алып отырады. Мемлекет жергілікті кадрларды көптеп дайындау сырттан келетін теріс ағымдарға қарсы тұрудың ең тиімді тетігі деп есептейді. Сол себепті мемлекеттік бюджеттен имамдарға жалақы төлеп отырады. Осылайша, имамдардың басқа ағымдар ұйымдарға тәуелді болу ықтималының алдын алуда.
Еліміздегі жалғыз республикалық діни бірлестік болып табылатын Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы да бүгінгі күні Түркияның Дианетімен тығыз қарым-қатынас орнатып, тәжірибелерін зерттеуде.
Бір сөзбен айтар болсам, Түркияның діни білім беру жүйесі өте қызықты және назар аударатын тақырып болып табылады.
Балғабек МЫРЗАЕВ