– Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы заң жобасына енгізілетін өзгертулер мен толықтыруларға қатысты біршама түсінбеушіліктер бар сыңайлы. Осы мәселеден хабардарсыз ба?
– Дін саласындағы таныс достарым кездесіп қалғанда немесе телефон арқылы сөйлескенде, сондай-ақ жеке поштама хабарлама жазып, кейбір мәселелерді анықтап беруімді сұрап жатады. Жобадағы көптің көкейіне қонбай жүрген тақырыптардың бар екенін содан ұққан едім. Негізінен, діни қызмет және діни бірлестіктер туралы заңнама азаматтардың құқықтарының сақталуына кепіл болуды көздейді және діннің экстремистік және басқа да деструктивті іс-әрекеттерде қолданылуын азайту мақсатында құқық нормаларын орнатуға бағытталған.
Шынтуайтында, заң жобасында сақалдан немесе пәренжеден гөрі бірнеше маңызды және салмақты дүние бар екенін білгеніміз абзал. Онда алғаш рет діни радикализм, деструктивті идеологиялық ағым, деструктивті діни ағым және басқа да бірқатар терминдерге анықтама берілген. Деструктивті діни ағымдарды насихаттауға, идеологиясының таралуына тыйым салу қарастырылуда. Діни бірлестіктердің құқықтарын қорғау, олардың қызметі үшін түсінікті және ыңғайлы жағдайлар жасауға, нақтылауға, қорғауға бағытталған нормалар бар. Кейбір ниеті түзу еместер осыған көңіл бөлудің орнына, екпе шаралары бойынша тұрғындардың бір бөлігінің көңіліне күмән салғысы келеді. Бұл жерде екпе мәселесі Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің емес, Денсаулық сақтау министрлігінің құзыретіндегі нәрсе екенін де атап өту керек. Кейде мерзімі өтіп кеткен немесе сапасы өте төмен екпе егіліп, оның салдарынан арты қайғылы жағдайға кездесіп жатамыз. Бірен-саран дәрігерлердің салғырттығы, өз жұмыстарына жауапсыз қарауы көптің бәрін өзімен бірге ала кетеді. Осыған мүлдем жол бермеу үшін дәрігерлерге де түсіндіру жұмыстарын белсенді жүргізу керек-ақ.
Сонымен қатар кейде бар мәселені дін мамандарына жүктеп жатамыз. Олар медицина мамандары емес, тек діни тұрғыдан екпе алуға кедергі жоқ екенін ғана айта алады. Екпенің пайдасы туралы білікті әрі танымал медицина мамандарының көбірек жазып түсіндіргендері абзал болар еді. Жалпы алғанда, медицина саласы мамандарының және жергілікті атқарушы органдардың, сондай-ақ қоғам тарапынан тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде балаларға міндетті екпе егу мәселесі әлі де жіті зерттелуі тиіс.
– Десе де, соңғы жылдары екпеден бас тарту өзекті проблемаға айналғаны рас. Вакцинаның пайдасынан залалы көп екені жөнінде түрлі алыпқашпа әңгімелер жетерлік. Бұған не дейсіз?
– Оның рас, екпенің салдарынан жұқпалы ауруларға қарсы иммунитеті жоқ адамдардың саны артып кеткенін де статистика дәлелдеді. Олар мүгедек болып қалуы мүмкін, өлімге әкеліп соқтыратын жағдайлар да бар. Мыңдаған адам, соның ішінде балалар науқасының асқынып кеткен тұстары кездеседі. Бірақ тұтастай алғанда, біз Денсаулық сақтау министрлігіне бұл мәселеге мұқият қарап, екпелердің сапасын, қызметкерлердің жауапкершілігін жан-жақты зерттеуді ұсындық.
Бүгінгі күні екпе алуды заңмен міндеттейтін тармақ заң жобасынан алынып тасталған. Ол туралы Дін істері және азаматтық қоғам министрі Н.Ермекбаев БАҚ беттерінде бірнеше мәрте ресми мәлімдеді. Бірақ қазіргі уақытта жұқпалы аурулар тез тарап жатады. Мұның салдары да қоғам үшін қауіпті. Жеке бастың мүддесінен қоғамның мүддесі барлық уақытта жоғары тұруы қажет. Осыны ескере отырып, өзімізді ойламасақ та басқаларына зиянымыз тимеуі үшін вакцина алудан қашпағанымыз абзал.
– Заң жобасындағы орамал тағу мен хиджап киюге қатысты жолдарға тоқталсақ. Құжатта бұған тыйым салу қарастырылған ба?
– Жоқ, бұл – жалған факт. Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі мұсылмандардың орамал тағуына қарсы шыққан емес. Кейде мемлекет тек қана мұсылмандармен күресіп жатқандай етіп көрсеткілері келетіндер шығып жатады. Заң жобасы еліміздің аумағында ресми тіркелген 18 конфессияның жауапкершілігін теңдей қамтиды. Ешкімге артықшылық танылмайды. Еліміздің Конституциясы мен салалық заңы әркімнің діни сенім бостандығын растайды, әркімнің діни көзқарасына қарамастан тепе-теңдігіне кепілдік береді және діндердің бірдей екендігінің маңызын мойындайды.
Дін істері және азаматтық қоғам министрі Н.Ермекбаев та бұқаралық ақпарат құралдарына берген сұхбаттарында заң жобасында орамал тағу немесе хиджап кию туралы мәселе мүлде қарастырылмағанын, оның діндарлардың киетін киімі ешқандай қарсылығы жоқ екенін бірнеше мәрте жеткізді. Сонымен қатар Білім және ғылым министрлігі барлық орта мектеп үшін міндетті киім үлгісін бекіткен кезде де оқушылардың оқу орындарынан тысқары және сабақ аяқталғаннан кейін қалаған киімін киюге еркі бар екеніне баса назар аударды. Дегенмен мұсылман қауымы білім алудың да парыз екенін ескергені абзал. Мемлекеттің зайырлы сипатына нұсқан келтірмеу үшін заңнама талаптарын сақтау және бағыну ешкімді де діннен шығарып жібермесі анық.
Назар аударатын мәселе, заң жобасында әйелдердің нихаб, шадра, балаклава, бетперде секілді киім элементтерін киюлері құқық қорғау органдарының өкілдері тарапынан олардың жеке басын идентификациялау мен тануға кедергі келтіретіні, нәтижесінде қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету шараларын қабылдаудың тиімділігін төмендететін болғандықтан, оған жол берілмейді. Бұл қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету тұрғысынан дұрыс деп санаймын. Жоғарыда айтылғандарға мұқият қарап, жіті назар аударсақ, «Министрлік діни киімге тыйым салады екен» деген қауесеттің шындыққа жанаспайтыны тайға таңба басқандай көрініп тұрады.
– Кейбір адамдар «Мемлекет діни неке құруға тыйым салмақ екен» деп жүр. Бұған қатысты қандай пікір білдіресіз?
– Шындығында, мемлекет діни некеге тыйым салу мәселесін емес, оны реттеуді қолға алып жатыр. Заңға сәйкес, мемлекеттік органдарда тіркелген неке ғана танылады. Туу, неке қию, қайтыс болу мемлекет тарапынан тіркеледі. Діни рәсімдер мемлекеттік тіркеуді толықтыра алады, бірақ оны алмастыра алмайды. Сонымен қатар ешкім діни неке қиюға, бата беруге тыйым салмайды. Бірақ олар алдымен ресми тіркеуден өту керек деген талап бар. Бірақ бұл қоғамда діни некеге қатысты проблема жоқ дегенді білдірмейді.
Заң жобасының алғашқы нұсқасында діни некеге тыйым салу бойынша норманы заңнамалық деңгейде енгізу қарастырылған болатын. Себебі, қазіргі таңда жат ағымдағы қандастарымыздың қалыңдықты қолдан қолға ауыстыратыны туралы мәліметтер баршылық. Мұны тоқтату керек. Некеге жауапсыз қарауға болмайды. Еліміздің көзі ашық, зиялы қауым өкілдері рухани-өнегелік құндылықтарымыздан алыстап бара жатқанымызды шырылдап айтып жатыр. Осыған құлақ аспасақ, ертең ұрпағымызды бүлдіріп аламыз ба деген уайым менде де бер.
Діни некеде, әдетте қыздар алдауға түсіп жатады. Олардың бейресми некелік одағын жат ағымдықтар «бата алумен» шектей салады. Осылайша, қаракөздеріміз алдаудың құрбаны болады. Нәтижесінде, өрімдей жас қыз-қарындастарымыз жауапсыздықтың салдарынан жастайынан ауыр соққы алады. Өмірге келген сәбилер жетім қалады. Діннің құндылықтарын түсінген пенде мұндай жабайылыққа бармас еді. Ай сайын талақ беріп тастап басқасына үйленіп жатқан еркек, ертең елін де солай тастап кетпес пе екен? Қыздарымыздың намысын аяқасты етуге ешкімнің де құқығы жоқ. Сондықтан мемлекет отбасы құндылықтарын, бірінші кезекте әйелдер мен балалардың құқығын қорғауға барынша назар аударып жатыр.
– Құжатқа енгізілетін өзгертулер мен толықтырулар әлі күшіне енген жоқ, талқылаудан өту үстінде дедіңіз. Сонда жұрттың өзекті пікірлері немесе ұсыныстары әлі де қабылдануы мүмкін бе?
– Әрине, осы жерде атап өтетін маңызды мәселе, заң жобасының көпшілік ережелері қоғамның өзімен, сарапшылар және мүдделі мемлекеттік органдар тарапынан ұсынылды. Ешкімнің де қай діни сенімді ұстанатынына қарамастан, құқықтары мен бостандықтарына шек қойылмайды.
Осы жерде Министрліктің аталған нормаларды халықтың назарына жетуін мүмкіндігінше қамтамасыз еткенін атап өтер едім.
Бұрын-соңды заң жобасын алдын ала қоғам болып талқылаған кез есімде жоқ. Министрлік заң жобасын ашық талқылауға шығару арқылы қоғамдағы көкейтесті пікірлерді ала білді. Бұл өз кезегінде болашақта туындауы мүмкін деген тәуекелдердің алдын алуға мүмкіндік берді. Мысалы, ауылдық жерлерде некені тіркейтін ресми мемлекеттік орган жоқ. Қалыптасқан дәстүр бойынша ауылда келін түсірген соң оны қашан заңды некеге тұрады деп күтпестен, молда шақырып, неке қия береді. Сондықтан алдымен осындай мәселелерді шешу тетіктерін жасау орынды деген қорытындыға тоқтады. Деструктивті ағымдардың некені ойыншыққа айналдыруына жол бермеудің жолдары бәрібір қарастырылады. Заң жобасы деструктивті діни ағымдардың сипатын жасау барысында діни некеге тағы да тоқталар деген сенімдемін.
Қорыта айтқанда, заңнама жобасындағы ұсыныстар басқа да көптеген мемлекеттік органдардың мәселелерін қамтиды, сондықтан ол – ұжымдық жұмыс. Қазір заң жобасы талқылау кезеңінен өтуде және тиісті өзгерістер енгізілуде. Бұл – қалыпты жұмыс үрдісі. Жекелеген тұлғалар өз пікірлерін, пайымы мен уайымы немесе қарсы болған тұстары бойынша ұсыныстарын енгізетін болса, министрлік барлық сындарлы арыз-шағым, талаптарды назарға алуға дайын. Бұл құжат өте нәзік саланы реттеуге арналып отыр. Сондықтан оны қарау барысында қалыптасқан ахуал мен қоғамның қажеттіліктерін дұрыс түсінуіміз маңызды.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
Қуаныш ТӨЛЕУХАН,
“Айқын”