Сұрақ: Бұрынғы үмметтер де «Рамазан» оразасын ұстаған ба?
Жауап: Ислам – иләһи діндердің соңғысы. Қасиетті Құранда: «Ораза сендерден бұрынғыларға (үмметтерге) парыз етілгендей сендерге де парыз етілді…» («Бақара» сүресі, 183-аят) делінеді.
Пайғамбарымыз Мұхаммедке (с.ғ.с.) дейін Құранда аты аталған 25 пайғамбардан тыс көптеген пайғамбарлардың жіберілгені ақиқат. Олардың кейбіреуінің оразасы жайлы хадис еңбектерінде риуаяттар болғанымен, кейбіреуі жайлы мәлімет жоқ. Сол себепті, бұл жерде тек кітап иелерінің (Тәурат және Інжіл түскен) оразасы жайлы бірер мысал келтіруді жөн көрдік.
Яһуди: Мұса (ғ.с.) пайғамбардың үмметі Мұсаның (ғ.с.) Тұр тауына дүйсенбі күні кетіп, бейсенбі күні Тәураттан уахи әкелгендігін айтып, осы күндері ораза ұстайтын болған. Исламда бұл екі күнде ораза ұстаудың үкімі – сүннет.
Христиан: Ислам діні келмей тұрып христиандар алты апта бойы аптаның жексенбі күнінен басқа алты күндерінде, яғни, жалпы 36 күн ораза ұстайтын болған. Бұл жылдың 10/1 ораза ұстаумен өткізу болып саналады. (Мұхаммед Хамидуллаһ, ауд: Осман Кескіоғлу. Ничин оруч тұтарыз, 1960 иыл).
Исламдағы рамазан айының 30 күн оразасы мен шәууал айының 6 күн оразасын қоссақ 36 ораза күні шығады. Мұны Құрандағы, «Кімде-кім бір жақсылық жасаса, оған он есе сауап беріледі» («Әнғам» сүресі, 160-аят) деген аят негізінде түсінер болсақ, 36×10=360 күн ораза ұстағанның сауабы жазылады.
Жалпы Құранда айтылғандай бұрынғы үмметтерге ораза парыз етілген. Кейбір еңбектерде Ибраһим (ғ.с.) және Дәуіт (ғ.с.) пайғамбар сияқты өзге пайғамбарлардың оразасы жайлы риуаяттар кездеседі. Бұл риуаяттардан әр пайғамбардың үмметіне парыз етілген оразаның уақыты әртүрлі болғанын көреміз. Ал, рамазан оразасы – ораза ұстаудың ең әдемі үлгісін әрі жиынтығын құраған ораза құлшылығының төресі болмақ.