Сұрақ: Әзірейілдің есімі Құранда аталған ба?
Жауап: Алла жаратқан төрт мұқары періштелердің бірі – Әзірейіл періште. Әзірейілдің міндеті – ажалы жеткен адамның жанын алу. Адам баласы бір періштенің күзетуімен бұл дүниеден келесі дүниеге аттанғандықтан, Құран мен хадистерде Әзірейілді «Мәләк әл-мәут» (өлім періштесі) делінген.
Құранда: «(Мұхаммед) Сендерге уәкіл етілген өлім періштесі жандарыңды алады. Сосын Раббыларыңа қайтасыңдар де»,- деп хабар береді («Сәжде» сүресі, 11-аят).
Демек бұл періштенің Кітаптағы атауы – өлім періштесі. Әзірейіл деп жалпы халық атайды. Сол үшін діни кітаптарда ол «Мәләк әл-мәут» деген атпен кездеседі.
Әзірейіл де өзге періштелер сияқты Алланың әмірлерін бұлжытпай орындайды. Жоғарыда айтқандай, Алла оған ажалы жеткен адамдардың жанын алу ісін жүктегенімен, оның көмекшілері бар. Олар да Алланың әмірлеріне бас иеді. Құранда бұған ишарат ретінде: «…Біреулеріңе өлім келген сәтте, періштелеріміз жанын алады әрі еш кемістік етпейді», – деп айтылған («Әнғам» сүресі, 61-аят).
Жалғас САДУАХАСҰЛЫ