Сұрақ: Әзірейіл періштенің есімі Құранда аталған ба?
Жауап: Алла Тағала жаратқан төрт ірі періштенің бірі Әзірейілдің міндеті – дәмі таусылып ажалы жеткен адамның жанын алу. Адам баласы бір періштенің күзетуімен бұл дүниеден келесі дүниеге аттанғандықтан, Құран мен хадистерде Әзірейіл періштені «мәләк-ул мәут» (өлім періштесі) деп аталған. «Сәжде» сүресінің 11-аятында: «(Мұхаммед с.ғ.с.) Сендерге уәкіл етілген өлім періштесі жандарыңды алады. Сосын Раббыларыңа қайтасыңдар де», деп хабар береді.
Түсіндірме сөздіктерде «Әзірейіл» атауы иврит тілінен шыққандығын және оның мағынасы «Құдай көмек беретін» дегенді білдіретіні туралы айтылған. Расында да Құдай Тағала тіршілік атаулының жанын алатын өлім періштесіне Өзінің құдіретімен демеу бергендіктен халық арасында «Әзірейіл» (Құдай көмек беруші) деген есім кеңірек тұрақталған болса керек. Себебі Ислам сеніміне сәйкес жанды беретін де, алатын да Құдай Тағала.
Негізінде Әзірейіл Ислам дінінде ұлық төрт періштелердің бірі және періште бейнесінде түсініледі. Ал енді иудаизмде өлім періштесі қорқынышты дию, алып, жын-шайтан немесе жаман оймен сомдалады. Ал еуропалық халықтар арасында қашқын, қаңғыбас немесе қайыршы, қара киімді орақшы, қылышынан у тамған қария болып бейнеленеді.
Жалғас САДУАХАСҰЛЫ