«Тағдыр» – адамзат баласына ортақ түсінік. Дей тұрғанмен әр халық тағдырды өз дүниетанымына сай қабылдайды. «Қазақ әдеби тілінің сөздігінде»: «Тағдыр – Құдіреттің жазуы, жазмыш; адам өміріндегі барлық оқиғалардың алдын ала белгіленуін білдіретін діни ұғым» деп берілген. Қазақ қоғамында тағдырға синоним ретінде «жазмыш», «пешенеге жазылған», «маңдайға жазылған» сөздері қатар қолданылады.
Қазақ халқы адам өмірінде орын алатын жақсы немесе жаман жағдайларды тағдырмен байланыстырады. Қуанышты не қайғылы оқиғаларды «тағдырдың жазғаны» деп түсінеді. Тағдыр кейде «тағдырдың сыйы», «тағдырдың тартуы» деген сынды жағымды тіркестермен, кейде ауыр, жағымсыз сөздермен бірге қолданылады.
Тағдыр көп жерде еріктен тыс орын алатын оқиға барысы, тіршіліктегі адам мойнына артылған жүк, ауыр сынақ ретінде танылады. Осыған орай қазақ тілінде тағдырға қатысты «Құдай беріп те сынайды, алып та сынайды» деген мақал, «тағдырдың тезі», «тағдырдың тауқыметі», «тағдырдың жазуы», «тағдырдың уы», «тағдырын табу», «тағдыр қоспау», «қатал тағдыр» т.б. тұрақты тіркестер бар.
Қазақ халқы тағдыр тәңірдің қалауымен болады деп түсінеді. «Құдайсыз қурай сынбайды», «Алланың әмірінсіз пенденің табанына шөңге қадалмайды», «Болмайын дейді қай кісі, Болдырмайды Тәңірісі», «Берейін деген пендеге оннан-мұннан құралар, бермейін деген пенденің жалғыз атын ұры алар» деген мақал-мәтелдер соны аңғартады.
Алайда бұл жерде барлық нәрсені жаратушы белгілеп қойса адамның еркі қайда қалмақ деген заңды сауал туындайды. Қазақ халқы бұл сауалға «Жақсылық көрсем – Құдайдан, жамандық көрсем – өзімнен» деп жауап берген. Осы нәзік мәселе жайлы хакім Абай «жақсылық, жамандықты жаратқан – Құдай, ләкин қылдырған Құдай емес» деп адамға жақсы істі де жаман істі де Жаратушы мәжбүрлемейтіндігін айтады.
Ғұлама ойшыл Шәкәрім адамның ерік-қалауын былай деп түсіндіреді: «Адамда түк ерік жоқ болса, пенденің ғибадатына сауап, күнәсына ғазап қылғаны ғаділет емес болады. Себебі бәрін Алланың өзі қылғызып, оған біріне жаза (бергені) дұрыс болмайды ғой.
Енді осыдан ойласаңыз, Алла Тағала пендеге еріксіз іс қылғызып, ол үшін сауап не жаза қылмайды… Пенде біржолата өзінің ойлаған ісінің бәрін істеп, орнына келтіруге құдіретті емес. Ол ісін орнына келтірмек Алла Тағаладан. Пенде өзінің талабына ғана ерікті болады… (Адам) өз талабына ерікті, со себептен қылған ісіне не сауап, не жаза көреді, бірақ ол іс орнына келсе, пайғамбар жіберіп, ақыл беріп, мархамат қылып, орнына келтірген Аллаға шүкіршілік қыл дегені. Егер жаманшылық орнына келсе, «Алланың тыйғанына болмай, нәпсіме ерген соң, қаһарына жолықтым-ау» деп тоба қыл дегені. «Бәрі Алладан» дегеніміз – «Алла Тағала «болсын» демесе бірде-бірі болмас еді» деген сөз».
Абай мен Шәкәрімнің бұл түсіндірмесі қазақ дүниетанымындағы тағдыр туралы түсініктің ислам діні қайнар көздерінен, дәлірек айтсақ Орта Азиялық ғалым Имам Матрудидің еңбектерінен сусындағанын көрсетеді. Ислам діні бойынша тағдырға сену иман шарттарының бірі, әрбір мұсылман үшін илануы міндетті амал болып табылады.
Ал, ерік мәселесінде ислам сенімі бойынша Жаратушы Алла тағала адамзатқа тек жақсы істер жасауды бұйырады (әмір етеді), ал жаман істі ешқашан әмір етпейді. Алла адамға жақсы мен жаманды танытатын ақыл берген, тура жолды көрсететін пайғамбарлар жіберген, рұқсат етілген және тыйым салынған істердің арасын ажыратып көрсететін кітаптар түсірген. Сонымен қатар адамға іс-әрекет жасаудағы қалау еркіндігін берген.
Бұл жерде исламдағы «қада» («қаза» деп те айтылады, «шешім» деген мағынаны береді), «қадар» (тағдыр, жазмыш), «ирада» (қалау, ерік) ұғымдарының арақатынасы туралы күрделі сауал туындайды.Әбу Ханифа Имам Ағзам «қаза», «қадар», «ирада» мәселесіне қатысты былай деп жазған: «Пенденің іс-әрекеті де, қимылсыз, әрекетсіз қалуы да – ақиқатында пенденің өз кәсібі. Хақ Тағала оның (әрекеттің) жаратушысы, бұлардың барлығы Алла Тағаланың қалауымен, ілімімен, шешімімен, тағдырын белгілеуімен болады.
Уәжіб (міндет) болған бойұсынулардың барлығы да Алла Тағаланың бұйрығы, жақсы көруі, разылығы, ілімі, қалауы, шешімі, тағдырын белгілеуі арқылы болады. Ал күнәлардың барлығы Алла Тағаланың ілімі, қалауы, шешімі, тағдырын белгілеуі арқылы болады, бірақ разылығы, жақсы көруі, бұйрығы арқылы болмайды».
Бұл айтылғандар аталған ғұламалардың жақсылықтың да, жамандықтың да тағдыры бір Алладан деп түсінгенін аңғартады. Исламға тірек болған иманның шарттарында да «жақсылық пен жамандықтың тағдыры бір Алладан» делінетіні белгілі. Бірақ жақсы істерде Алланың бұйрығы, жақсы көруі, разылығы бар, ал жаман істерде бұлар жоқ.
Алла Тағала не себепті жаман істердің де жаратылуына (пенделік түсінікпен алғанда «жасалуына») жол береді дегенге келсек, ол жоғарыда айтылғандай адам баласына ақыл, шариғат, жолбасшы жіберумен қатар сынақ үшін іс-әрекет жасаудағы қалау еркіндігін бергендігінен туындайды.
Имам Матуридидің көзқарасы бойынша адамда жеке қалау еркіндігі («жузи ирада») бар, яғни іс-әрекет жасауда адам баласы ерікті. Ол Алла берген ақыл-парасатты, көрсеткен тура жолды дұрыс пайдаланып, жақсы істерге ниет етіп, талаптануы мүмкін немесе Алла тарапынан келген ескертулер мен тыйымдарға бойұсынбай, жаман (күнәлі) істерге ниет етуі, жасауға тырысып, әрекет етуі ықтимал. Бірақ екі жағдайда да іс-әрекеттің орындалуы Алла Тағалаға тән, яғни Алла өз шешімі, қалауы, тағдырын белгілеуі арқылы жақсы істі немесе жаман әрекетті жаратады (болғызады).
Қазақ халқының осындай күрделі «тағдыр» ұғымын түсіну, қабылдау ерекшеліктері жоғарыда келтірілгендей мақал-мәтел, жыр-толғауларда, күнделікті қарапайым сөз қолданысында көрініс тауып отырған.