Сұрақ: Қазақ халқының ырым-тыйымдары шариғатқа қайшы келмей ме?
Жауап: Бұлайша «барлығы» деп айту қатты болар, керісінше қазақ халқының тыйымдарының басым бөлігі ислам қағидаттарымен ұштасып, пайғамбардың (с.ғ.с.) хадистерімен негізделген. Аят-хадистерде айтылған мұсылманның сипаттары, ахлақ, көркем-мінез және т.б. ізгілік бастаулары қазақ халқының және жалпы адам баласының рухына жақын гуманистік, адамгершілік құндылықтар. Сондықтан да олар бір-бірімен үйлесімін тауып жатады.
Әжелеріміз, аналарымыз бізге бала кезімізде айтқан тыйым сөздерінің төркінін біле бермеуі әбден мүмкін, оларды дәуірінде біздегі сияқты (медицина, анатомия, діни сауат ашу) оқу-жазуды үйрену мүмкіндігі болмады. Сондықтан да «Әже, неге түнде тырнақ алуға болмайды?», «Апа, неге тырнақты шайнауға болмайды?», «Ана, неге тамақты үрлеп ішуге болмайды?» немесе «Ата, неге қоқысты басуға болмайды?» деген т.б. көптеген тыйымдардың мақсатын сұраған кезде оның мән-мағынасын ашып бере бермейтін. Жалпы «жаман болады», «обал болады» немесе «сауап болады» деп қоя салатын.
Бүгінде ғылым мен білім дамыған заманда ислам дінімен үйлескен қазақ тыйымдарының ғылымға, әсіресе медицинаға қатысты себептері бар екені дәлелденуде. Мысалы, «тырнақты шайнамау» тыйымы. Тырнақтың асты түрлі ауруға себеп болатын қоздырғыш бактериялардың жиналатын орны екенін медицина дәлелдеді. Яғни біздің тырнақтың асты тұнып тұрған бақтерия. Адам тырнағын аузына салып шайнаған уақытта миллиондаған бактериялар асқазанға түсіп, дерт тудырады. Сондықтан да пайғамбар (с.ғ.с.) тырнақтың астындағы кірдің зияндығы жайында айтып кеткен, бірақ, оны «бактерия» демей, сол заманның тілімен айтқан. Себебі ол кезде «микроб», «бактерия» деген сөздер болмаған. Осындай хадистерді естіген ата-бабамыз «тырнақты шайнауға болмайды» деген тыйымды ұстанса керек. Демек тырнақ шайнау әдепсіздік әрі сүннетке қайшы.
Сол сияқты «тамақты үрлемеу» тыйымын алайық: бала күнімізде даладан ойнап, қарнымыз ашып, жүгіріп келіп, дастархан басындағы ыстық тамаққа шап беріп, үрлеп отырғанда аналарымыздың: «Тәйт, үрлеп жеме, болмайды» деп талай мәрте қайтарғаны есімізде. Сондай-ақ, «Асықпа, тамақты жақсылап шайнап же» деп кеңес беретін. Расында да пайғамбардың (с.ғ.с.):
«Тамақты суытып жеңдер, себебі онда үлкен береке бар» – деп айтқан хадисі бар. Бүгінгі медицина, ауа арқылы жұғатын түрлі аурулардың бар екенін дәлелдеген. Сондай ауа арқылы жұғуы мүмкін аурулардың қатарына тұмау, құрт ауруы және сол сияқты т.б. жатады. Егер тамақты үрлеп отырған адам тұмау, түберкулез немесе ауа арқылы жұғуы мүмкін басқа бір дерттің ошағы болса, онда онымен дәмдес болып отырғандардың денсаулығына кауіп төнеді.
Сонымен қатар, егер сіз ыстық тамақты үрлеп жеп отырсаңыз, сіздің қасыңызда отырған адам жиіркенуі мүмкін. Өйткені, адам ауызынан шыққан иіс немесе тісі жоқ болса, яки, желмен ұшып шыққан тамақ қалдығы сияқты нәрселер қасыңыздағы адамның тәбетін қашырады. Сол себепті аналарымыз бізге «тамақты үрлеп жеме, ұят болады» деп тәрбиелеп өсірді. Олар мұндай тыйымдардың шығу негізін білмесе де, жалпы кітап көрген, кітап ұстаған қариялардан естіп-көргендерін кейінгі ұрпаққа айтып отырды. Демек, көптеген қазақ тыйымдарының астары дінмен ұштасып жатқан терең мазмұнға ие.
Жалғас САДУАХАСҰЛЫ
Халқымыз «Көкті жұлма» деген, «Көкті жұлсаң көктей соларсың» деп жаман ырымға жорып, жұлғызбаған. «Нанды бір қолыңмен үзбе», «Нанның үгіндісін аяққа баспа» деген сөздерде дәмге, оны дастарханға келтіретін еңбекке деген құрмет сезімінің ізі бар. Сондай-ақ ата- бабамыз «Тал кескенше, қолыңды кес», «Қарағай кессең, қаңғырып қал» деп өсіп тұрған ағашқа тигізбейді. От жағуға тек қарағай мен шыршаның кеуіп кеткенін, малдың қиы мен тезегін пайдалануда күнкөріс қамынан да басқа себеп болса керек. Мұның барлығы ырым тыйымдар. Демек тәрбие.
Қай заман болсын адамзат алдында басты міндет – адал, білімді, еңбек сүйгіш ұрпақ тәрбиелеп өсіру. Бұл міндетті әр халық салт-дәстүріне орай іске асырады. Яғни әр халық ғасырлар бойы сыннан өтіп, сұрыпталған озық салт-дәстүрлерін жас ұрпақты тәрбиелеуде пайдаланып келген.
Бала тәрбиесі тек колледждің қабырғасында ғана берілмейтіні анық. Ананың бесік жырынан бастап, ананың жер қойнына бергенге дейінгі өзі көріп-білген салт–дәстүрлер, әдет–ғұрыптар барлығы да адамның дүниетанымын қалыптастыратын өмір сабақтары. осыны біз ұрпаққа насихаттауымыз керек.