Ардақты сахаба Әли ибн Әбу Талиб Фатима анамызбен (Алла ол екеуіне разы болысн) некесін қидырып, оның бөлмесіне кіргелі тұрғанда Алланың елшісі (с.ғ.с.):

– Фатимаға бір нәрсе сыйла – дейді.

Әли:

– Менде оған сыйлайтын еш нәрсе жоқ – деп жауап қатады.

Алланың елшісі (с.ғ.с.):

– Сенің сауытың қайда? – деп сұрайды. Хазіреті Әли барып сауытын алып келеді. Сөйтіп, Фатима анамызға темір сауытын сыйға тартып, оның бөлмесіне кіреді.

Әңгімеден шығатын пайдалы сабақ

Ер адам үйленетін кезде қалындығына мәһір сыйлайды. Басқаша айтқанда күйеу жігіт қалындығына белгілі бір мөлшерде сыйлық жасайды. Бұл сыйлықты мәһір деп атайды. Мәһір туралы Алла тағала былай деген:

«…оларға некелесу шартымен тиісті малын төлеңдер» (Ниса: 24).

Мәһірдың нақты мөлшері жоқ, бірақ күйеу жігіттің берген сыйын қалыңдық азырқанса, неке қиюшы имам күйеу жігітке болашақ зайыбының көңілінен шығатындай дәрежеде сый жасауы керектігін ескертеді. Бұл екі жастың арасындағы келісім.

Екінші пайдалы сабақ:

Мәһірдің белгілі мөлшері жоқ.

Әңгімеден көргендей хазіреті Әлидің қалындығына беретін арнайы жиған малы болмай орнына өзінің ұрыс алаңында киетін сауытын сыйға тартты. Фатима анамыз бұған разы болды.

Мәһір – қалындықтың жеке мүлкі. Тіпті, кейіннен екеуі ажырасып кетсе де, күйеуінің немесе қайын жұртының маһірды қайтып алуға құқығы жоқ.

Мәһір – әлсіз әрі нәзік әйелдің жалғыз, қорғансыз қалған жағдайда (жесір қалса немесе ажырасып кетсе) материалдық, мұқтаждық көрмеуіне жасалатын қамқорлық. Бірақ күйеуі қиындыққа ұшырап қалса, әйел оған ерікті түрде қаржылай көмектесем десе, онда шариғат рұқсат береді. Мұны да Алла тағала Құранда ашып айтқан:

«Әйелдердің мәһірін ықыласпен беріңдер. Егер әйелдер өз көңілдерінше сендерге бір нәрсе мәһірден кеңшілік етсе, онда оны жеңдер, сіңімді, жүрімді болсын»(Ниса: 4).

 Үшінші пайдалы сабақ:

Үйленіп үй болу – сүннет. Әнас ибн Мәлик мәшһүр мына хадисті риуаят қылған:

«Алла елшісінің (с.ғ.с.) үйіне үш сопы келеді. Олар пайғамбардың (с.ғ.с.) қалай құлшылық қылатыны жайында сұрайды. Пайғамбардың (с.ғ.с.) жасайтын құлшылығын естіген уақытта олар үшін бұл (қарапайым, әрі) аз болып көрінеді. Сондықтан олар:

– Ол – пайғамбар (с.ғ.с.). Біз ондай бола алмаймыз. Алла оның өткен және келешек күнәларын кешірген, – деп кері қайтады.

Кейін біреуі тұрып:

– Мен түні бойы уақытымды намазбен өткіземін, – деді.

Екіншісі:

– Мен ғұмыр бойы ораза ұстаймын, ауызымды ашпаймын, – деп айтты.

Үшіншісі:

– Ал мен ғұмыр бойы әйелге жақындамаймын, үйленбей өтемін, – дейді.

Мұнан соң бұл хабарды естіген Алланың елшісі (с.ғ.с.) бұларға келіп:

– Пәленше және түгенше деп айтқан сендерсіңдер ме? Аллаға ант етемін! Расында мен Алладан сендерден артық қорқамын және сендерден артық тақуалық етемін бірақ, мен ораза ұстаймын және аузымды ашамын. Намаз оқимын және демаламын, үйленемін. Ал енді кім менің жолымнан бас тартса, менен емес, – деді» (Бұхари, Мүслим).

Ұлы сахабалардың бірі Ибн Аббас (р.а.) жастарға былай деп өсиет айтқан:

«Құдайшыл адамның тақуалығы үйленуімен кемелденеді».

Себебі кейбір діншіл адамадар отбасы, бала-шаға құдай жолында құлшылық қылуыма кедергі болады деп өмір бойы үйленбей өткенді мақұл көреді. Ал дініміз керісінше, үйленуге, отбасын құруға, шаңырақ көтеруге шақырады.  Сондықтан болар, қазақ «Жалғыздық Аллаға жарасады» – деп айтса керек.

Төртінші пайдалы сабақ:

Екі жастың өзара келімі. Қыз бала мәһірді талап еткен уақытта ер баланың әлеуметтік жағдайына қарауы керек. Елімізде мешіттердің бірінде неке қию рәсімі кезінде қалындық мәһір ретінде «тайота» автокөлігін сұрап, жігіттің қалтасы мқны көтере алмағандықтан неке рәсімі тоқтағаны туралы есіттік. Осылай бір шаңырақ көтерілмей жатып, жығылды. Бірақ, күйебала жағы да мүмкіндігінше қалындықты разы ететіндей мәһір беруі керек. Дінді жамылған немесе теріс ағым өкілдері сияқты қызды алдап, «Саған Алла разы болады» деп өтірік айтып, мәһір бермей өзара неке қидыруға әсте болмайды.

Жалғас САДУАХАСҰЛЫ

Пікір жазу