Сұрақ: Ауызды кез келген тағаммен ашса бола ма?
Жауап: «Кімде-кім ауыз ашса, құрмамен ашсын. Құрма таппаса, сумен ашсын, өйткені су пәк нәрсе» (Салман ибн Әмирден имам Әбу Дауд, Термизи риуаят қылған).
Әнас ибн Мәликтен: «Расулалла (с.ғ.с.) үнемі намаз оқудан алдын аузын жаңа үзілген құрма, болмаса кептірілген құрмамен ашатын. Ол болмаса бірнеше ұрттам су ішетін», – деген хадис жеткізіледі (Әбу Дауд және Термизи).
Пайғамбардың (с.ғ.с.) хадистерінен көріп отырғанымыздай, ауызды асқазанға жеңіл тиетін тағаммен ашқан дұрыс. Бүгінгі медицина да осыны айтып отыр. Күн ұзақ демалып, бос тұрған асқазанға бірден қою әрі көп мөлшерде тамақ жеу адам денсаулығына зиянын тигізеді. Пайғамбар (с.ғ.с.) сол үшін әуелі құрма немесе сумен ауызын ашып, кейін намазын оқыған. Өйткені адам намаз оқып боламын дегенше құрма немесе су асқазанға түсіп, ол жұмыс жасай бастайды. Намаздан соң асықпай тамаққа отырады.
Сондай-ақ, ауыз ашардан алдын мына дұғаны айтады:
«Аллаумма ләкә сумту уә бика әәманту уа аләйка тәуәккалту уа алә ризқика әфтәрту уа саумәл ғади мин шәһри Рамадана нәуәйту, фәғфирлий мәа қоддамту уа мә аххарту».
Мағынасы:
«Аллаһым! Сенің ризалығын үшін ораза ұстадым. Сенің берген ризығыңмен ауызымды аштым. Саған иман келтіріп, Саған тәуекел қылдым. Рамазан айының ертеңгі күніне де ауыз бекітуге ниет еттім. Сен менің өткен және келер күнәларымды кешір!».
Жалғас САДУАХАСҰЛЫ