Сұрақ: Ауыз ашуға асыққан дұрыс па?
Жауап: Алланың елшісі (с.ғ.с.): «Алла Тағала: «Құлдарымның ішінде Мен үшін ең сүйіктілері ауыз ашуға асығатындары» – дейді», – деп айтқан (Әбу Хурайдан имам Термизи жеткізген).
Алланың елшісі (с.ғ.с.): «Мына жақтан түн келіп, мына жақтан күн батса ораза ұстаушының ауызы ашылады», – деген (Омар Ибн Хаттабтан имам Бұхари және Мүслим риуаят қылған).
Келесі хадисте: «Кімде-кім ауыз ашса, құрмамен ашсын. Құрма таппаса, сумен ашсын өйткені су пәк нәрсе» (Салман ибн Әмирден имам Әбу Дауд, Термизи риуаят қылған).
Әнас ибн Мәликтен: «Расул Алла (с.ғ.с.) үнемі намаз оқудан алдын аузын жаңа үзілген құрма болмаса кептірілген құрмамен ашатын. Ол болмаса бірнеше ұрттам су ішетін», – деген хадис жеткізіледі (Әбу Дауд және Термизи).
Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадистерінен көріп отырғанымыздай ауыз ашқанда асқазанға жеңіл тиетін тағаммен ашқан дұрыс, және ауыз ашардан алдын мына дұғаны айтады:
«Аллаумма ләкә сумту уә бика әәманту уа аләйка тәуәккалту уа алә ризқика әфтәрту уа саумәл ғади мин шәһри Рамадана нәуәйту, фәғфирлий мәа қоддамту уа мә аххарту».
Мағынасы: «Аллаһым! Сенің ризалығын үшін ораза ұстадым. Сенің берген ризығыңмен ауызымды аштым. Саған иман келтіріп, Саған тәуекел қылдым. Рамазан айының ертеңгі күніне де ауыз бекітуге ниет еттім. Сен менің өткен және келер күнәларымды кешір!».
Жалғас САДУАХАСҰЛЫ
Сурагыма толык, накты жауап бергени ушин Жалгас мырзага коп рахмет