Сұрақ: Атып алынған киіктің еті адал ма?
Жауап: Түйе, сиыр, жылқы, қой, киік, арқар, ақбөкен сияқты т.б. көптеген жануарлар Құдай Тағаланың адам баласына тарту еткен шексіз нығметтерінің бірі ғана. Сол үшін олардың еттері адал, терісі киім, тіпті кейбірінің мүйізі дәрі-дәрмекке жұмсалады. Бұлардың кейбірі үй жануары болса, басқалары жабайы жануарлар. Хәкім Абай:
«Қансонарда бүркітші шығады аңға,
Тастан түлкі табылар аңдығанға» деп аңшылықты сомдағандай, адам жабайы жануарды аулау үшін аңға шығады. Ал енді атып алынған жануар етінің қандай жағдайда адал болатыны жайында Алла Тағала «Мәида» сүресінің 4-аятында: «Олар, сенен өздеріне не нәрсенің адал қылынғандығын сұрайды: «Сендерге таза нәрселер (шариғат адал деп тапқан дүниелер) адал қылынды» деп айт. Алланың өздеріне білдіргенін үйретіп, тәрбиелеген жыртқыштарды: Алланың атын айтып (аңға) салсаңдар, сендер үшін ұстағандарын жеңдер», – деп хабар берген.
Аятта айтылғанындай, аңшы киікті немесе ақбөкенді атарда «бисмиллә» деп Алланың есімін айтып алған олжасының еті адал саналады. Алайда еті үшін атып алынатын жануар шариғат (етін жеуге) рұқсат берген мал болуы шарт. Әйтпесе, аңшы «бисмиллә» деп түлкі немесе қасқыр сияқты т.б. (шариғат бойынша еті адал емес) жыртқыш аңды атып алып, «адал» деп жей алмайды. Себебі шариғат оны болмысынан арам деп таныған. Сондықтан да ондай жануарды бауыздасаң да, атып алсаң да еті арам болып қала бермек.
Жалғас САДУАХАСҰЛЫ