Қазіргі қазақ қоғамында түрлі көзқарастар бар. Бұл демократиялық қоғамның заңдылықтарының бірі деуге болады. Адамзат пайда болғалы бері діндарлар мен дінге қарсы пікірдегілер өмір сүріп келе жатыр, ары қарай да жалғаса береді. Салыстырмалы түрде қазақ қоғамында дінге қарсы көзқарастар кеңінен таралмаған еді. Алайда кеңестік жүйеден кейін атеистік көзқарастағылар да бас көрсете бастады. Қазіргі статистикаға жүгінсек дінге сенбейтіндердің саны анау айтқандай жоғары емес, бірнеше пайызды ғана құрайды.
Сұрақтың жауабына келер болсақ, нақты солай деп айта алмас едім. Қазіргі әлеуметтік желілерде дін ұстанатын азаматтар мен дінге қарсы болмаса өздерін басқа көзқарас иелері санайтындар арасында талас-тартыстар күнделікті орын алып жатыр. Жалпылама көпшілік толерантты болғанымен кейбір топтар мен азаматтардың арасында бұл кездесе бермейді. Тіпті қазіргі кезде дінге және дін ұстанушыларға шабуылдау, діннің кейбір талаптарын келеке ету белең алып бара жатқандай. Мысалы, қазіргі құрбандық шалуға қатысты да әртүрлі пікірлерді ортаға тастап, мұсылман қауымын қатыгез, аяр етіп көрсетуге тырысып жатқандар бар.
Ал өз кезегінде діндарлар да қарсы пікірдегілерге байсалдылық таныта алмайтын кездері көп. Әрине, сеніміне шабуыл жасаған адамдарға ауыр сөздер айту орынды да шығар. Дегенмен, қазақ қоғамында енді біртұтас пікірдің, ұстанымның болмайтындығы ақиқат. Сондықтан діни топтар болсын, діннен алыс көзқарастағылар болсын, діндарлар болсын қоғамда басқа көзқарастардың болатындығын қабылдай білуі керек. әртүрлі пікірлердің болуы өркениетті қоғамның, тіпті өмірдің заңдылығы. Адамдардың барлығы бір дінде бола алмайтыны сияқты, барлығы дінсіз де бола алмайды. Сондықтан қоғамның тыныштығы өзара түсіністікте ғана болады. Бұл ерекшелікті қоғамды бөлшектеуге, алауыздық тудыруға пайдаланған жағдайда үлкен бөлінушілікке, қақтығыстарға себеп болуы әбден мүмкін. Сондықтан да дін ұстанушы адам өзінің діндарлығын басқаларға таңуға талпынбауы керек болғаны сияқты, дін ұстанбайтындар да діндарларға, олардың дініне тіл тигізбеуі керек!
Кеңшілік ТЫШХАН
дінтанушы, ф.ғ.к.