Сұрақ: Ерлі-зайыптыларға бала тууды алдын ала жоспарлауға бола ма?

Жауап: Бұл мәселеге толықтай жауап беру үшін әуелі мына бір жағдайды білмек керек. ҚМДБ-ның «Пәтуа» бөлімі мынадай пәтуа шығарған:

«Жалпы шариғатымызда ұрпақсыздыққа бастайтын, жүктілікті біржолата болдырмау тәсілін қолдануға тыйым салынады. Оған имам Бұхари мен имам Мүслім риуаятындағы Пайғамбарымыздың (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) тарттыруға тыйым салғаны дәлел (Бұхари «Дәлел» кітабы). Ендеше жүктілікті біржолата болдырмауға немесе шаһуатты түп-тамырымен құртуға бастайтын кез келген тәсілге харам деген үкім беріледі. Тіпті кедейліктен қорқып немесе жүктілікті әдейі қаламау да осы үкім аясына кіреді. Сахабалар жүктіліктің алдын алу мақсатында әдіс (азл) қолданған кезде Пайғамбарымыз (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) рұқсат еткен. Шариғат бойынша әйелдің келісімімен жүктілікті болдырмау мақсатында спираль қоюға немесе мүшеқап қолдануға рұқсат етіледі».

Жоғарыдағы пәтуада келген «азл» сөзінің мағынасы – ер адам әйелінің денсаулығына байланысты немесе емізулі шақалақ бар кезде анасының сүті қашып кетпесін деп (келесі баланы көтертіп қоймау мақсатында) шаһуатты сыртқа ағызып жіберуді айтады. Алланың елшісі (с.ғ.с.) бұған белгілі жағдайларда рұқсат берген.

Сонымен қатар, ғалымдарымыз дені сау ұрпақ өсіру үшін немесе білікті медицина мамандары жүктілік әйелдің өміріне қауіп төндіреді, болмаса ана ағзасының бір бөлігіне зиян келтіреді, анасы немесе бала мүгедек болуы ықтимал, анасы келесі баланы көтеруі үшін ағзасы біраз демалуы қажет деген сияқты т.б. қорытынды берсе, онда жүктілікті болдырмау немесе кешіктіруге рұқсат екенін алға тартады.

Имам Ахмад ибн Ханбал және басқа да ғалымдар жалпы отбасын жоспарлау әйелдің келісімімен болуы қажет екенін негіздейді. Себебі, әйелдің балаға және төсек қатынасына ақысы бар деген.

Жалғас САДУАХАСҰЛЫ

1 Пікір

  1. Қазір аз бала туу үшін небір тәсілдерді жасайды. БІрақ осы мақалада айтылғандай себепсізден себепсіз бала тууға кедергі жасауға болмайды ғой. Оқырмандар біле жүргені дұрыс.

Пікір жазу