Ақсақал… Бұл кім? Құрметке ие атаудың қоғамда алатын орны қандай? Дәрежесі қандай? Осы бір ойлар санамды шиырлап шықпағанына біраз болыпты. Мүмкін ақыл сұрағым келді ме? Мүмкін сол балалық шағымның көмескі тұстары көлеңкесінен арылып, қариялар туралы естеліктер санамның түкпірінен сеңдей қозғалды ма кім білсін, осы бір сыйлы да киелі атауға жауап іздеуге тура келді.
Мына қоғамда әр пенденің ойып алар орны бар екені рас. Бірақ ескіліктің көзі, аузын ашса ақылы көпке жететін, жүзін әжім басқан, ақ сақалы кеудесін жапқан, көз жанары мейірімге толы қариялар жетіспейтіндей көрінеді. «Ауылыңда қарияң болса, жазып қойған хатпен тең» деуші еді бұрынғылар. Ал қазір ше? Бар ма? Жоқтың қасы.
«Заманына қарай адамы» деп заманға ысыра салатынымыз тағы бар. Жасым қырыққа таяса да, маңдай тіреп ақыл сұрайтын, көп жасап, көп көргендерді іздейсің. Қанша таяқты алысқа сермесең де таппайсың. Қиыршық топырақпен қорғалған саф алтындай көненің көздері бар, бірақ біздің қоғамның адамдарының мойны жар бермейді, көңіл бөлмейді. Ал менің балалық жасымдағы ақ сақалды қариялардың бәрі келместің кемесіне мініп кеткелі қашан. Есімде қалғаны құшырлана иіскеп «құлдығым» деп еміренген дауысы мен мейірімді жүздері ғана.
Мен туған ауыл үлкен жарқабақтың басында орналасқан. Үш жүзден аса үй бар. Заман ағымымен өзгеріп, көркейсе де қазақы түрінен арылмаған ауыл еді. Әр үйдің бұрышының өзі тарих болатын. Кіші үлкенді сыйлап, әйел атаулы ер адамның алдынан кесіп өтпейтін, берген уәдесін жерге тастамайтын, кішіге жол көрсеткен аузы дуалы ақсақалы, ортаға сыйлы ақ жаулықты анасы бар, қазақы салт-дәстүрден арылмаған үлкен ауыл.
Мектеп бітіріп, оқуға түсіп, бозбалалық шақтың қызықты дәмін татып, қалалық жерде оқып жатқан кезім. Жазғы сессияны бітіріп, алып-ұшып ауылға қайтып жатырмыз. Біздің ауылға тек қана көлікпен барады. Таблетка УАЗ, он екі орындық. Таласып-тармасып мініп алдық.
«Енді болдық» деп жүргелі тұрғанымызда ақсақалды қария келіп, көлікке мініп жайғасып отырды. Жасы кішілеріміз «Ассалаумағалейкум» деп жарыса амандастық. «Көп жасаңдар, қарақтарым!» деп зор дауысымен сәлемімізді алды. Көлік қала шетіне шығып, елге қарай тарта жөнелді. Бәріміз көңілдіміз. Мәр-сәре болып, ауылдастарды көріп марқайып қалдық.
Маған қарама-қарсы орналасқан ақсақал үнсіз көліктің терезесінен сыртқа үңіліп, алысқа көз тастап қалың ойдың құшағында отыр. Енді байқадым, зор денелі қария екен. Жас кезінде балуан немесе алып күштің иесі болғаны көрініп тұр. Үстіндегі мауыты шапаны өзіне жарасымды. Ақ басқан сақалы кеуде тұсын жапқан, қалың қабағы мен шимайлай әжім басқан жүзі маған сондай әсем көрінді.
Ширақ қимылына қарағанда кәрілік жеңе қоймаған, отырысы тіп-тік. Ойлы қой көздері мұңды, әлсін-әлсін күрсініп қояды. Қызығып қарап қоямын. Бейне бір баяғының би-шешендерінің алдында отырған секілдімін. Көптен бері мұндай ақсақалды көрмегем, бейнесінен көзімді ала алмадым.
Сөйтіп отырып қалғып, ұйықтап кетіппін. Ауылға төрт сағаттан артық жол жүресің. Көлік тоқтаған кезде оянып кеттім. Көліктің терезесінен қарап ауылдың шетіне іліккенімізді аңғардым. Жеті шақырымдай жер қалыпты. Қария да көліктен түскелі жатыр екен. Бірінші түсіп жол бердім. «Біссіміллә» деп көліктен түсіп алдында тұрған маған қарап:
– Қарағым, Ақмешітке келдік пе? – деп сұрады.
– Иә, ата! – дедім.
– Жарықтық-ай! Жатыр екенсің ғой! – деп даусы дірілдеп, кемсеңдеп, төрт-бес қадам басып жүресінен салмақпен дүрс етіп отыра кетті. Екі иығы селкілдеп жас балаша жылады. Бәріміз үрпейісіп қарап қалдық. Мына алдымызда болып жатқан көрініске аң-таңбыз. Қарияны тоқтататын ешкім жоқ. Бет-жүзін жуған көзінің жасы аппақ сақалының арасынан тарамдап ағып жатыр.
Бір кезде мойнындағы сырты мақпалмен тысталған үшбұрышты тұмарын мәсісінің қонышынан бәкісін алып тіліп жіберді де, ішіндегі топырақты төге бастады. Күректей алақанымен жүзін шылаған жасын сүртіп, ерекше қимылмен жерге маңдайын тигізіп, топырақты сүйді. Көтеріліп жүресінен отырған күйі екі қолын көкке көтеріп бізге естірте:
– Айналайын, туған жер! Перзентің келді. Сенен алған топырағыңды өзіңе табыстадым. Сексен жыл жырақтап кетіп едім. Кешір мені, туған жер! Енді мені құшағыңа алсаң арманым жоқ. Иә, Жаратқан Ием! Алам десең міне жаным. Саған мың да бір шүкір! – деп, еңкілдеп тұрып жылады.
Кейін ауылға жеткенде білдік. Бұл қария кешегі қазақтың басына зобалаң туғанда бір отбасыдан қалған жалғыз тұяқ екен. Бала кезінде жер ауып, үйірінен адасып, шет елге кетіп, аман қалып сексен жылдан кейін туған жерге келген беті екен. Кетіп бара жатып бір уыс туған жердің топырағын ала кетіпті.
«Ит тойған жеріне, ер туған жеріне» деген осы екен-ау! Бір-ақ қимылмен туған елге, туған жерге деген сүйіспеншілігін, махаббатын көрсеткен ақсақал қарияға әлі күнге рахметімді айтамын. Өнегелі, ұмытылмайтын тәрбие көрсетті бізге. Туған жерге деген махаббаттың дәнін егіп кетті жүрегімізге. Бұл бір-ақ сәт. Тек туған жерге деген құрмет. Ал біз секілді ұрпақтың бойына имандылық, адамгершілік, елге, тілге, дінге, салт-дәстүрімізге деген құрмет дәнін егетін, кейінгіге үлгі болатын дана ақсақалдарымыз, көнекөз қарияларымыз керек-ақ!
Міне, сол сурет өмір бойы санамда қалып қойыпты.
Тайбек АБДУЛЛИН,
Ақтөбе қаласы,
М.Арын атындағы Қарғалы қазақ орта мектебі
Мақала ұсынушы:
Ақтөбе қаласының дін мәселелері
және қоғаммен байланыс
жөніндегі орталығы