Биыл Қазақстан Республикасы Конституциясының қабылданғанына 25 жыл. ҚР Конституциясы – әділет жолын көрсетер еліміздің Ата Заңы, айшықты құжаты. Ата Заң – Қазақ елі мемлекеттілігінің қалыптасуына, оның кемелденіп, нығаюына мүмкіндік беретін саяси-құқықтық миссияны атқарады.
Ширек ғасырдың ішінде тарихтан алған бай мемлекеттілік пен елдік дәстүрдің арқасында шапшаң түрде заманауи Қазақ мемлекеттілігінің негізін қалады. Айтулы мерейтойға орай, Ата Заңымыз туралы 20 деректі ұсынамыз.
- Жаңа Конституцияны ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә. Назарбаев ұсынып, оны Қазақстан халқы 1995 жылы 30 тамызда республикалық референдумда мақұлдады. 1995 жылдың 5 қыркүйегінде күшіне енді.
- ҚР Конституциясына 1998 жылғы 7 қазанда, 2007 жылғы 21 мамырда, 2011 жылғы 2 ақпанда, 2017 жылғы 10 наурызда және 2019 жылғы 23 наурызда өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.
- Конституциямызның алғысөзі былай басталады:
«Біз, ортақ тарихи тағдыр біріктірген Қазақстан халқы, байырғы қазақ жерінде мемлекеттілік құра отырып, өзімізді еркіндік, теңдік және татулық мұраттарына берілген бейбітшіл азаматтық қоғам деп ұғына отырып, дүниежүзілік қоғамдастықта лайықты орын алуды тілей отырып, қазіргі және болашақ ұрпақтар алдындағы жоғары жауапкершілігімізді сезіне отырып, өзіміздің егемендік құқығымызды негізге ала отырып, осы Конституцияны қабылдаймыз».
- Ата Заңымыз 9 бөлім, 98 баптан тұрады. Конституциямызда 9 мың 200-ден астам сөз бар. (Ескертулерді қоспағанда)
- Конституциямыздың ең алғашқы бабы (1-бап):
«Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары».
- Конституциямыздың ең көп бабы – «Адам және азамат» бөлімінде жазылған. Мұнда 30 бап бар.
- Ал, ең аз бабы – «Конституциялық Кеңес» бөлімінде жазылған. Небәрі 4 бап.
- Конституциямызда «дін» сөзі 9 жерде кездеседі. Олар:
5-бап (Үкімет)
- Мақсаты немесе іс-әрекеті Республиканың конституциялық құрылысын күштеп өзгертуге, оның тұтастығын бұзуға, мемлекет қауіпсіздігіне нұқсан келтіруге, әлеуметтік, нәсілдік, ұлттық, діни, тектік-топтық және рулық араздықты қоздыруға бағытталған қоғамдық бірлестіктер құруға және олардың қызметіне, сондай-ақ заңдарда көзделмеген әскерилендірілген құрамалар құруға тыйым салынады.
- Республикада басқа мемлекеттердің саяси партиялары мен кәсіптік одақтарының қызметіне, діни негіздегі партияларға, сондай-ақ саяси партиялар мен кәсіптік одақтарды шетелдік заңды тұлғалар мен азаматтардың, шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың қаржыландыруына жол берілмейді.
- Шетелдік діни бірлестіктердің Республика аумағындағы қызметі, сондай-ақ шетелдік діни орталықтардың Республикадағы діни бірлестіктер басшыларын тағайындауы Республиканың тиісті мемлекеттік органдарымен келісу арқылы жүзеге асырылады.
14-бап (Адам және адамзат)
- Тегіне, әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағдайына, жынысына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, дінге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жеріне байланысты немесе кез келген өзге жағдаяттар бойынша ешкімді ешқандай кемсітуге болмайды.
19-бап (Адам және адамзат)
- Әркім өзінің қай ұлтқа, қай партияға және қай дінге жататынын өзі анықтауға және оны көрсету-көрсетпеуге хақылы.
20-бап (Адам және адамзат)
- Республиканың конституциялық құрылысын күштеп өзгертуді, оның тұтастығын бұзуды, мемлекет қауіпсіздігіне нұқсан келтіруді, соғысты, әлеуметтік, нәсілдік, ұлттық, діни, тектік-топтық және рулық астамшылықты, сондай-ақ қатыгездік пен зорлық-зомбылыққа бас ұруды насихаттауға немесе үгіттеуге жол берілмейді.
77-бап (Соттар және сот төрелігі)
7) ешкім өзіне-өзі, жұбайына (зайыбына) және заңмен белгіленген шектегі жақын туыстарына қарсы айғақ беруге міндетті емес. Діни қызметшілер өздеріне сеніп сырын ашқандарға қарсы куәгер болуға міндетті емес;
- «Террор» сөзі «Адам және адамзат» бөлімінің 15-бабы 2-тармағында кездеседі.
15-бап
- Ешкімнің өз бетінше адам өмірін қиюға хақысы жоқ. Өлім жазасы адамдардың қаза болуымен байланысты террористік қылмыстар жасағаны үшін, сондай-ақ соғыс уақытында ерекше ауыр қылмыстар жасағаны үшін ең ауыр жаза ретінде заңмен белгіленеді, ондай жазаға кесілген адамның кешірім жасау туралы өтініш ету хақы бар.
- «Зайырлылық» сөзі 1 жерде;
- «Құқық» (құқығы) сөзі 102 жерде;
- «Президент» сөзі 139 жерде;
- «Парламент» сөзі 125 жерде;
- «Үкімет» сөзі 60 жерде;
- «Адам» сөзі 42 жерде;
- «Халық» сөзі 14 жерде, ал «татулық» сөзі 2 жерде (1 және 39-бап);
- «Демократия» сөзі 3 жерде;
- «Ұлтаралық» сөзі тек 39-баптың 2-тармағында:
- Ұлтаралық татулықты бұзатын кез келген әрекет конституциялық емес деп танылады.
- «Республика» сөзі 350 жерде;
- Ал, «Қазақстан» сөзі 127 жерде кездеседі.
- ҚР Конституция күні құтты болсын!
Дайындаған Руслан БЕГЕН