Аллаға иман келтірген мұсылман адамға ата-анаға ерекше құрмет көрсету міндетті болмақ. Себебі қасиетті Құранның «Исра» сүресінің 23-аятында Алла Тағала былай деп бұйырады:
«Раббың тек қана өзіне құлшылық жасауды, әке-шешеге жақсы қарауды бұйырды. Ал егер солардың бірі немесе екеуі қолдарыңда тұрған кезде қартайса, оларға «түһ» деп те айтпа. Сондай-ақ, оларға сыпайы сөйле және оларды зекіме. Оларға мейіріммен құшақ жайып, былай деп дұға жаса: «Уа, Раббым! Олар мені кішкентай күнімде қалай мәпелеп өсірген болса, оларды солайша мейіріміңе бөлей гөр».
Ал ардақты Пайғамбарымыз (с.а.у.) былай деген: «Алланың ризалығы – ата-ананың ризалығында. Алланың ашуы – ата-ананың ашуында» (Тирмизи).
Қазіргі қоғамда ата-анасына жақсылық жасаудың орнына зәбірлік көрсететіндер де бар екендігі рас. Олар осы үшін мына дүниеде жазаға тартылады. Бұл туралы хадис-шәріпте былай делінген: «Барлық күнәлардың жазасы Алла Тағаланың қалауымен қиямет күніне дейін кешіктірілуі мүмкін, алайда ата-анаға құрметсіздік танытқан адамның жазасын осы өмірде өлім келмей тұрып береді» (Ибн Хаббан).
Діні мен дәстүрі сабақтасып жатқан дана халқымыздың «Ата-анаң жынды болса, байлап бақ» деген сөзі бекерге айтылмаса керек.
Мұрат БАЙТУҒАНОВ,
Алматы облысы, Жамбыл ауданы,
Самсы ауылдық «Сәмен баба» мешітінің имамы