Асылбек ИЗБАЙЫРОВ:
Біз зайырлы, демократиялы елміз
Қазақ қара жамылмаған
Қап-қара болып киініп алған адамдардан аулада ойнап жүрген кішкентай балалардың өзі де қорқады
Хиджабқа ешкім тыйым салғалы жатқан жоқ!
– Діни ұйымдар мен діни қызмет туралы заңға өзгертулер мен толықтыру жөнінде салалық министрлік жаңа заң жобасын дайындауда, жалпы осы өзгертулер мен толықтырулардан не күтеміз, қандай мәселелерді шешуге арналған?
– Негізі қандай болмасын заң жобасына өзгертулер, ол уақыттың немесе орын алып жатырған жағдайларға байланысты болады, яғни жаңадан пайда болып жатырған, уақыт талабына сай туындаған мәселелерді шешуге арналады. Бүгінгі таңда діни фактордың елімізде өзектілігі бар, тек қана біздің еліміз де емес, жалпы әлемде діни ахуал күрделі.
Діни мәселелердің жаңа кейіп пен формаларға ие болуы ресми билікті осындай құқықтық, саяси-әлеуметтік жаңа құралдарды игеруге итермелейді деп ойлаймын. Бұл заң жобасы діни фактордың саясилануы немесе белгілі бір мүдделердің құралы ретінде пайланулы, яғни діннің деструктивті құрал ретінде пайдалануын алдын-алу мақсатында жасалынып жатырған жағдай шығар.
Қателеспесем, осы заң жобасы аясында 15-тен астам заңнамалық актілерге 60 –тан астам өзгертулер мен толықтырулар енгізілгелі жатыр, бұл дегеніңіз комлексті, жүйелі жұмыстар. Жақында ғана елбасымыздың өзі айтқан «Діни мәселелерді оңтайлы, жүйелі жұмыстар арқылы шешу керек, оны бір мыстандарды аулауға айналдырмау керек» – деп, менің ойымша осындай жүйелі, құрылымды жұмыстар арқылы терроризм, экстремизм мәселелерімен күресе аламыз.
Ең негізгі мәселе аталмыш заң жобасы аясынан ешқандай да «діни аспектіні» іздемеу керек! Себебі, ертең таяқтың бір ұшы айналып келіп өзімізге тиюі мүмкін. Мысалы «Қазақстан діни киімдерге қоғамдық орында тыйым салды» деген жала мен дезинформация ешкімге керек емес деп ойлаймын немесе сол кезіндегі Лейла Шахин, Эль Морсли істері секілді «Сәуле Қазақстанға қарсы», «Жанар Қазақстанға қарсы» сияқты халықаралық істер де ресми билікке қажеті шамалы.
– Жақсы, сіз заң жобасы аясындағы ең бір өзекті мәселелерді айтып жатырсыз, қоғамда дау деп айта алмайтын шығармыз, түсінбестік тудырып жатырған десек дұрысырақ болатын шығар… Ниқаб, паранджа мәселесі, яғни осы өзгертулерден кейін әйел адамның бет бейнесін қоғамдық орындарда анықтау үшін бұл діни киім түрлеріне тыйым салу? Түсінбестік неден және қалай пайда болып жатыр?
– Бұл жерде ең негізгі атап кету керек мәселе ол, хиджаб пен ниқабтың айырмашылығы! Хиджабтағы әйел адамның бет-бейнесін көруге, анықтауға болады. Онымен суретке де түсе береді, жалпы хиджабқа ешкім тыйым салғалы жатқан жоқ!
Тыйым салуы мүмкін де емес, себебі біз зайырлы, демократиялы елміз. Ал енді, адамның бет- бейнесін анықтау мақсатында, ниқаб, паранджа және тағы да басқа діни киімдерге қоғамдық орындардағы тыйым өзін ақтайды деп ойлаймын.
Қап-қара болып киініп алған адамдардан аула ойнап жүрген кішкентай балалардың өзі де қорқады ғой мысалы. Жалпы ниқаб ол араб елдерінің сырт киім үлгісі, біздің ұлтымыздың, дәстүріміздің иденфикациялық белгілеріне мүлде қарама-қайшы. Қазақ қара жамылмаған ешқашан.
Ал енді, Қауіпсіздік мақсатында орынды шешім, мысалға Сирияда болсын, басқа да жерлерде террористік ұйымдар арасында, паранджаның астында мүлде басқа адамдарды жасыру практикасы кеңінен тараған. Кім біледі, мүмкін еркек адам шығар оның астында жасырынып жүрген?! Потенциалды террорист шығар кеше ғана Сириядан келіп жатырған?!
Жалпы бұл жағдайға да діни реңк берудің қажеті жоқ, бұл уақытын талабынан туындаған мәселелерді реттеуге арналған құқықтық қарым-қатынас құралы ғана. Діннің саяси факторға айналып кетпеуін қатаң назарда ұстаған жөн.
Алайда, айта кету керек жайт, біздің елімізде заңдар қабылданған кейін іске асу немесе орындалу кезеңдерінде ақсап жатады. Сол кезеңде науқаншыл, білімсіз басшылардың кесірінен механизм керағар ойнап кетуі әбден мүмкін, ал оны пайдаланып кетуге мүдделі топтар әрқашан дайын. Сондықтан асқан сақтықпен, ұқыптылықпен жұмыс жасау керек деп ойлаймын, түсіндірме-насихат жұмыстары заң жобасы бойынша және жақында қабылданған дін саласын реттейтін тұжарамдаманы да қарапайым халыққа дұрыс түсіндірілуі керек.
– Түсінікті. Осы заң жобасы бойынша қоғамда тағы бір талқыға айналған мәселе «талақ» тақырыбы мен міндетті вакцинация тақырыптары болатын. Өзіңіз атап отырғандай қоғамдық талқыдан соң бұл тақырыптар күн тәртібінен түсіріліп отыр, яғни бұл дегеніміз билік қоғаммен санасуда, алайда Абай атамыз айтқандай «көпте ақыл жоқ, ебін тапта жөнге сал» демекші институционалды, болшақ үшін маңызды шешімдер үшін кейде тәуекелдер барған дұрыс емес пе?
– Осы талқыланып жатырған заңдағы ерекше қолдағаным, ұнағаны осы заңсыз неке мәселе болатын. Мұсылмандық неке шарттарын көптеген адамдар дұрыс интерпретацияда қолданбай немесе өзінің жеке басының сұраныстарына сай өзгерте алуы үлкен қателік.
Жалпы мұсылмандық неке қиып, ажырасып, талақ болып жатырғандар арасында ең бір қолайсыз жағдай ол сол азаматтардың өздерінің қарым-қатынастарын құқықтық құралдар арқылы қорғай алмауы және де әлеуметтік құралдарды қолдана алмай қалуы.
Мысалы сол әйел адамдар ажырасып жатырған, осы елдің азаматы ретінде мемлекеттік көмектерге, немесе сол күйеулерінен алимент өндіруге ешбір амалдарының болмауы. Осы заңсыз неке жағдайынан онан әрі де әлеуметтік мәселелерге тап болып, азамат ретінде тұлғалық қақтығыстарда пайда болуы мүмкін.
Ал енді ерте неке деген ол білім алуға, толыққанды еліміздің азаматы болып қалыптасуға, керек болса денсаулыққа да зияны мен кесірі көп деп ойлаймын. Сондықтан мұндай көлеңкелі некелердің алдын алып, діни неке қию, талақ мәселесін құқықтық құралдармен реттеу қаншама адамның тағдырларын аман алып қалатындай көрінеді маған.
Сосын бүгінде біздің елімізде осындай мұсылмандық некеге отыру барысында, көбіне деструктивті дәстүрлі емес діни сенім өкілдері куәгерлерін тауып алып, аз-маз діни білімі бар адамдарға үйлерінде немесе басқа орындарда некелерін қидырып жатады. Міндетті түрде мешіттегі имам қисын деген жоқ қой мысалы?! Негізі неке дін тұрғысынан да, адамдық тұрғысынан да қасиетті, киелі келісім сондықтан оған қалай болса солай, жеңіл қараған болмайды, әрбір тараптардың құқықтары реттелуі керек, ал реттеу тек қана мемлекеттік, заңдық нормалармен бірге ғана жүзеге асады.
Осыны халыққа түсіндіру керек, осы мемлекетте өмір сүріп жатырғаннан кейін, қоғамның толыққанды азаматы секілді адамдардың барлық мемлекеттік қызметтерге қолы жетімді болғаны абзал. Бұл тақырыпқа қайта оралу керек деп ойлаймын әлі де, құқықтық түсіндірме жұмыстары ақсап жатыр, қоғаммен байланыс орнату керек.
Ал енді міндетті вакциянацияға мен өзім басынан қарсы болдым. Неге десеніз?! Біріншіден құранда босын, хадисте болсын екпе салмаңдар, вакцина деген харам деген нәрсе жоқ. Бұл мәселеге де діни аспекті беріп, діни мәселеге айналдыру қажет емес, бұл жерде мен ойлаймын жәй ғана ата-ана ертең сол екпеден кейін баласының қайта ауырып қалмайтына көзі жетсе, дәрігерлер мысалы қолхат жазып беретін болса, балаңыз ауырмайды деп, екпе салдыратын ата-аналардың саны артады деп ойлаймын.
Себебі, елімізде оқиғалар көп әке-шешесі баласына апарып екпе салдыртып, мүгедек, ауру балаларды алып қайтып жатқан. Менің өз басымнан да осындай жағдай болды, балам «АКДС» алғаннан соң жағдайы нашарлап қатты ауырды. Ал екпені менің рұқсатымсыз мысалы жасаған, егер баламның денсаулығына зиян болатын нәрсе болса, оған менде қарсымын. Міндетті екпенің заң жобасынан қалыс қалғаны табиғи процесс.
Себебі қоғамда ешқандай діни сарынсыз-ақ екпеге қарсы ата-аналар көп. Интернет желісінде де Қазақстанның ең мықты деген дәрігерлерінің сөздері жүр, балаларыңызға вакцина салдырмаңыз, ол қайта иммунитетті төмендетеді деген.
Сондықтан бұл жерде ешқандай діни фактор жоқ, жалпы исламда «биоэтика» деген өте жақсы дамыған, қан ағызу, құю, қанды алдыру, керек десеңіз органдарыңызды келесі рет пайдалануға рұқсат беру, екпе мәселесі барлығының шариғи үкімдері мен нормалары бар, классикалық ислам оған қарсы емес. Жалпы медицинаның ақсап жатырған мәселелеріне діни факторды әкеліп жапсырған үлкен қателік.
– Жалпы заң жобасы әлі де талқылануда, көзқарастар әртүрлілігі, яғни плюрализмнің болуы мәселені шешуге деген алғышарттардың бірегейі. Осындай құқықтық құралдарды қолдану методикасы қаншалықты өзін ақтайды деп ойлайсыз? Немесе альтернатива ретінде не ұсынуға болады?
– Жалпы тыйым салу, мүмкіндіктерді шектеу методикасы ол кеңестік заманның, кеңестік саяси-биліктің құралы. Біздің уақытымызда бұл құрал өзінің мардымсыз екендігін дәлелдеп берді деп ойлаймын. Оған мысалдар көп. Ағартушылық, идеологиялық бағытта жұмыстар жүргізу керек. Классикалық сопылықты жаңғырту қажет, дәстүріміз бен тарихымызды жаңғыртумыз қажет.
Мысалы түрік елі «Ертұғрылдың» образын қалай насихаттап, халыққа тәлім-тәрбие беріп жатыр. Мысалы Нәжмаддин Қубраның моңғолдармен ел-жер үшін шайқасы тағы да басқа бізде осындай образдар өте көп, соларды осы заманға проекциялаумыз қажет. Діннің тәлім-тәрбиелік жағына баса назар аударған жөн.
Мұсылман ол кім жалпы? Мұсылман ол тек қана бес уақыт намаз оқитын адам емес! Мұсылман ол – жақсы хирург, ол жақсы инженер, ол жақсы адам, мінекей осындай образдарды қоғамда дамытып, санада тұрақтандыру қажет. Мысалы Малазияға қараңыз, олар мұсылманшылдықты қалай өздеріне сай, шақ етіп алды, оларда «Ислам-Хатқари» дейді, яғни исламның интеллектуалдық, өркениетті қырлары мен негіздеріне акцент жасай отыра халқын, елін тәрбиелеп жатыр.
Түркия елі қалай мұсылманшылдықты біріктіруші, консолидациялық құрал ретінде қолданып жатыр. Бізге де осындай тарихы мен тағылымы мол елдерден, халықаралық тәжірбиеден үлгі алу керек. Ал енді заңдық-құқықтық жағына келсек, мені алаңдататыны заң қабылданғаннан кейін оның қалай орындалатыны. Себебі бізде орындаушылық, яғни ортадағы атқарушы менеджменттің көптеген жағдайларда шикілігі байқалып жатады. Ертең шаш ал дегенде, бастар алынып кетіп жатырса, оған кім кінәлі болады дегендей.
Сұрақтар көп, әлі де қоғамдық талқыны қажет ететін. Мәселені күрделенбей бір қоғамдық консенсуске келеміз деп ойлаймын.
– Арнайы уақыт бөліп, сұхбат бергеніңізге рахмет!
Сұхбаттасқан Гүлмира Шарханқызы