Сұрақ: Менің жолдасым бар, бірге отырып тамақтана қалсақ болғаны асқа сын айтқанды жақсы көреді. Кейде қонаққа барғанда алдындағы асты сынайды, қасындағы біз ұялып кетеміз.
Жауап: Алдына ұсынылған асқа, қасындағы жолдасына сын айтуды әдетке айналдыру көркем мінезге жатпайды. Исламда керісінше көп жағдайда әдепті болуға шақырады. Сол үшін мұсылман адам өзіне пайғамбарды (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) үлгі тұтып, ол кісінің іс-әрекеттері мен айтқан насихатын өзіне сүннет бағдары етеді. Себебі исламдағы көркем мінезге жататын әдеп нормалары пайғамбардың бойында болған. Ол кісінің мінезі көркем. Мысалы, пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) тамаққа сын айтпаған, асты ұнатпау, оған қарап мұрнын шүйіру сияқты амалдар жасамаған. Әбу Хурайра ол кісінің әрекеті жайында: «Алланың елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) тамақтан ешқандай кемшілік іздемейтін. Тәбеті тартса, жейтін, көңілі қаламаса, жемейтін», – деп айтқан.
Демек, алдағы асты сынау, одан кемшілік іздеу – мұсылманға жараспайтын қылық. Мұсылман адам өзін тамақтандырған, шай беріп қонақ қылған адамға «Жақсы сөз, жарым ырыс» демекші жақсы тілегін айтып, ақ батасын береді.
Жалғас САНДЫБАЕВ