Бүгін Пригородный тұрғын алабында орналасқан «Аспан» спорт кешенінде зейнеткерлер үшін тегін спорт үйірмелері ашылды. Мәдени-сауықтыру іс-шарасына Пригородный ауылының тұрғындары мен спорт сүйер зейнеткерлері, қалалық ардагерлер кеңесінің өкілдері және №7 спорт-мектебінің басшылығы қатысты.
Спорттық үйірме жұмыстарының ашылу салтанаты Есіл ауданы бойынша БҰӨСО-ның көркем өнерпаздарының күй шашуымен басталды. Салтанатты іс-шарада Есіл аудандық ардагерлер кеңесінің төрайымы Шарипа Устемирова мен Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы директорының орынбасары Эльвира Шамшикенова құттықтау сөз сөйлеп, Пригородный ауылының тұрғындарын зор мүмкіндікті пайдаланып, тегін спорт үйірмелеріне жазылуға шақырды.
Есіл ауданы бойынша әлеуметтік қызмет көрсету орталығының Оңалту гимнастикасының спортшы әжелері «Спорттық марш» биін билеп, өз замандастарын салауатты өмір салтын ұстануға шақырды. Сонымен қатар, өнерлі зейнеткерлерден құралған «Асыл мұра» оркестрі мен «Жаңа толқын» би тобы және т.б. өнер ұжымдары өнер көрсетті.
«Біз бүгін Пригородный ауылында тұратын егде жастағы адамдарға арнап тегін спорт секцияларын аштық. Бұл №7 спорт-мектебімен өзара ынтымақтастықта келісіліген меморандум аясында іске асырылып отырған өте маңызды шара деп ойлаймын. Зейнет жастағы адамдардың белсенді, әрі ұзақ өмір сүруіне спорт өте пайдалы. Бүгін міне, 20-ға жуық ауыл зейнеткерлері жиналып, әртүрлі спорттық үйірмелерге жазылды» – деп сөзін түйіндеді Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының директоры Эльвира Элисқызы.
Енді ауыл тұрғындары «Аспан» спорт кешенінде өтетін оңалту гимнастикасы мен үстел теннисіне аптасына 3-рет тегін қатыса алады. Екіжақты меморандум аясында тегін спорт үйірмелерін одан әрі дамыту ойда бар.