«Аситана» сөзінің түбірі парсы тілінде «табалдырық», «қақпа»», «есік» деген мағыналарды білдіретін «астан» сөзінен шығады. Осман империясы дәуірінде сопылық қауымдастықтардың (тариқат) орталығын немесе басқару кеңсесін «аситана» деп атау үрдісі қалыпасты. Cефефиттер мемлекетінде де ішінара рухани орталықтарға «аситана» термині қолданылды. Әсіресе, сопылық қауымдастықтардың рухани орталықтарын осылайша атау XVI-ХІХ ғғ. аралығында кең етек алды.
«Аситананың» басқа сопылық орындардан бір ерекшелігі, онда сопылық қауымдастықтың негізін саушы әулие шейхтің қабірі орналасатын. Сондай-ақ, «аситанада» сопыларға қажетті бөлмелер және құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілетін. Мысалы, зікір салатын құжыралар, асхана, кітапхана, жатын орын, қонақ күтетін бөлме, намазхана, хилуиет, т.б.
Осман мемлекеті дәуіріндегі халық көп зиярат жасайтын осындай аситаналардың қатарына Кониядағы Мәулана кешені, Кыршехирдегі Хажы Бекташ Уәли кешені, Анкарадағы Хажы Байрам Уәли кешені, Изниктегі Әшрефоғлу Руми кешені, Кастамонудағы Шабан Уәли кешені т.б. жатқызуға болады.
Ал Ыстамбұл халифаттың орталығы болғандықтан, Осман мемлекетіндегі тариқаттардың мұнда да аситаналары бар болатын. Олардың қатарына – Мердивенкөйдегі Шахкулу Сұлтан (Бекташи), Кожамустафапашадағы Сунбул Синан (Халуати), Касымпашадағы Хасан Хусамеддин Ушшаки (Халуати) Үскідар Доғанжыдағы Азиз Махмуд Худайи (Жәлуати), Топханадағы Исмаил Руми (Қадари), Қарагүмрікте Нуреддин Жәрраһи (Халуати), Коскада Абдусалам (Сади), Касымпашада Әбурыза (Бәдәуи) т.б. аситаналарды жатқызуға болады.
Сопылық дәстүрде аситанадан бөлек өзге кішігірім орындарды «пір үйі», «зауия», «ханака», «дәргаһ», «текке» деп атайды. Аситананың олардан ерекшелігі – сопылық қауымдастықтың рухани орталығы әрі бас кеңсесі болуында. Сонымен қатар, аситана сопылық психотехникалық жаттығуларды жасайтын кешен болып саналады.
Ал зауия, ханака, дәргаһ, теккелер тұтас сопылық кешен емес. Оларда сопылық қауымдастыққа қажетті дүниелер түгел қамтамасыз етілмейді. Яғни, бір тариқатқа жататын жүздеген зауия, ханака, дәргаһ, теккелер болуы мүмкін.
Бірақ, тариқатта аситана (басты рухани орталық) біреу ғана болады. Аситананың медреседеден ерекшелігі, медреседе діни білім теориялық тұрғыда берілсе, сопылық орындарда діни білім теориялық һәм практикалық тұрғыда беріледі.
Қазақ тілінің сөздік қорындағы «астана» сөзі парсы тіліндегі осы «аситана» сөзінен шыққан. XVI ғасырдың аяғында Есім хан (1598) билік еткен кезден бастап Түркістан қаласындағы Ясауи тариқатының аситанасы (Әзірет Сұлтан кешені) Қазақ хандығының резиденциясына айналды. Яғни, Қазақ халқының діни-рухани орталығы пен саяси орталығы біріктірілді. Сол дәуірден бастап мемлекеттің саяси бас қаласын «аситана» (астана) деп атау үрдісі қалыптаса бастады. Қазіргі уақытта Қазақстанның бас қаласы да «Астана» деп аталады.
Мұхан ИСАХАН