«Ашура» – арабша «он» деген санды білдіретін «ашара» сөзінен шыққан. Адамзат тарихының ең алғашқы кезеңдерінде өткен ірі оқиғалардың барлығы дерлік осы Ашура күнінде болған екен.
Адам атамыз (ғ.с.) – Алла тағала жаратқан адамдардың ең біріншісі. Ол кейінгі ұрпақтарына пайғамбар болды. Жаратқан Алланың алдында жасап қойған кателігі үшін өкініп, Алла тағала өз мейірімімен Адам атамыздың (ғ.с.) тәубесін қабыл еткен күн Ашура еді.
Нұх пайғамбардың (ғ.с.) қауымы үшін де Ашура күні айрықша маңызды. Қасиетті Ашура күнінде Алла тағала Нұх және онымен кемеде бірге болған қауымын топан суда қаза болудан құтқарды. Жер бетінде надандық пен қараңғылық кең етек жайғанда, Алла тағала адамдарға тура жол көрсетіп, үгіт-насихат жүргізетін Нұх пайғамбарды жібереді. Ол өз қауымын 950 жыл бойы тынымсыз Исламға шақырғанымен, көбісінің жүрегі мөрленген болатын. Нәтижесінде, Нұх пайғамбардың (ғ.с.) шақырғанына жауап бергендердің саны тек сексен адамға жуықтады. Топан су біткеннен соң, Ашура күні Нұх пайғамбар мен оның қауымы құрғақ жерге аяқ басты.
Мұса (ғ.с.) пайғамбар мен оның қауымының қатыгез Перғауыннан қашып құтылулары да Ашура күні орын алды. Алла тағала Мұса пайғамбар мен оның ағасы Харун (ғ.с.) екеуін Исламға шақыру үшін Перғауынға жібереді. Өте жауыз патша болған Перғауын өзін құдай санап, Мысыр халқын тек өзіне құлшылық етуге бұйыратын.
Мұса мен Харун (ғ.с.) Перғауынның алдына келіп, жалғыз Құдайға сыйыну керектігін ескертеді. Перғауын мен қызметшілері Мұса мен Харунның айтқандарын қабылдамай, ол екеуін және қауымдарын қудалайды.
Мұса пайғамбар мен оның қауымы Перғауынның жауыздығына барынша сабырлық танытты. Сонда Алла тағала Мұса пайғамбарға қауымымен бірге Мысыр елін тастап кетулеріне аян жібереді. Мұса (ғ.с.) Алланың әмірін орындап, қауымымен бірге жолға шығады. Болып жатқан жайтты естіген Перғауын үлкен әскер жасақтап, Мұса мен оның қауымын қырып-жою мақсатында олардың іздеріне түсті. Қызыл теңізге ат басын тіреген Мұса пайғамбар мен оның қауымын Перғауын әскері жылдам қуып жетеді.
Жойқын әскерді көрген Мұса пайғамбардың қауымы үрейге бой алдырады. Сол уақытта Алла тағала Мұсаға (ғ.с.) аса таяғымен теңіздің үстінен соғуына аян береді. Сөйтіп Қызыл теңіз екі бөлікке бөліне қалады. Мұса пайғамбар мен болған жайтқа аң-таң қалған қауымы теңіздің қақ бөлінген құрғақ жерімен қарама-карсы жағаға қарай ұмтылған сәтте, соңдарынан келе жатқан Перғауын мен әскерлері де олардан қалыспайды.
Мұсаның қауымы аман-есен теңізді өтіп болғаннан соң, Перғауын мен әскерлері үлгерместен Алланың әмірімен теңіз алғашқы қалпына келіп, құрғақ жерді жауып тастайды. Осылайша, Алланың құдіретімен Мұса мен қауымы Перғауыннан құтылып, ал Перғауын мен оның әскері Қызыл теңізде қаза табады.
Бұл оқиға да Ашура күні болған еді. Кейінгі ұрпаққа ғибрат болсын деп, Алла тағала Қызыл теңіздің толқындарымен, бірінші және соңғы рет сәжде жасап жатқан қалпындағы Перғауынды жағаға шығарады.
Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) үмбеттері үшін де қасиетті Ашура күнін атап өту өте маңызды. Ислам діні келіп, араб түбегіне жан-жақты тарала бастаған шақта Алла елшісі (с.ғ.с.) Мәдина шаһарына хижрет етеді. Мәдина тұрғындарының қатарында болған йәһудилік тайпалар Ашура күнін ораза ұстап атап өтетін. Йәһудилік тайпалардың сол кезде Ашура күнін тойлауларының себебі – Мұса пайғамбар мен оның қауымының Перғауынның зұлымдығынан құтылып, аман қалғандарына байланысты еді.
Йәһудилердің жасаған амалдарын көрген Алла елшісі: «Менің Мұса пайғамбарға хақым көбірек (оған сендерден жақынырақпын)», – деп, сахабаларына Ашура күнінде бір күн қосып ораза ұстауды бұйырды.
Тағы бір хадисте Алла елшісі: «Рамазан айынан кейінгі ұстайтын оразаның ең абзалы – Алланың айы Мұхаррамдағы ораза», – деген (Тирмизи). Сондықтан Мұхаррам айының 9 және 10-шы күндері ораза ұстаған дұрыс. Ал 9-10-11 күндері, яғни үш күн ораза ұстау – ең кәміл ораза болып табылады.
Хижра күнтізбесі бойынша 4-ші жылдың мұхаррам айының 10-шы жұлдызында мұсылмандар мен кәпірлер арасында Зәт әр-Риқа атты шайқас болу керек еді. Алайда, Алланың құдіретімен кәпірлердің жүректерінде үрей туып, қорыққандарынан мұсылмандардан қашып кетеді.
Әрбір мұсылман үшін Ашура күнінің алдындағы немесе кейінгі күндерін бірге қосып, үш күн ораза ұстаған абзал. Хадистерде келтірілгендей, Ашура күні ораза ұстаған адамның өткен және келер жылғы күнәлары кешіріліп, ал осы күні садақа берген кісіге Ухуд тауына тең келетін сауап беріледі. Ашура күні көбірек Құран оқып, дұға жасап, жақсы тілектер тілеп, мейлінше еселетіп сауапты амалдар жасап, араздасқан туыс-жақындармен татуласқан жөн.
Қасиетті мұхаррам айы, соның ішінде қасиетті Ашура күнімен басталатын хижра күнтізбесімен жаңа 1435 жыл баршамызға құт-берекелі болсын. Отанымыз тыныш, халқымыз аман болғай.
Берікбол ЖАНАҚ